Біздің кейіпкеріміз – Ғани Смаханұлы. Ал зиялы қауым өкілдеріне Ғани Смаханұлының есімі жақсы таныс. Мұның себебі де бар. Ол – меценат. Ол күні бүгінге дейін зиялы қауым өкілдерінің 1 114 кітабын шығарған. Ал демеушілік жасаған кітап тиражының саны қазір 100 миллионнан асып кетті. Атақ-даңққа қызыға қоймайтын бұл азамат соңғы 15 жылдан бері меценаттық жұмыспен айналысады. Ол «қарапайымдылық – кісіліктің ең үлкені» деп түсінеді. Бір таңқаларлығы, ұлт руханиятының жанашыры болып, игі іс жасап жүрген қайраткер жігіт өзін жария ете беруді жақсы көрмейді. Оның себебін де сұрадық. Ұлт руханиятын ұлықтаған қайраткерлердің ізбасары іспетті, мәдениетіміз бен өнеріміздің бағбаны әрі демеушісі болып жүрген азаматпен сұхбатымыз да емен-жарқын өрбіді. – Ғани Смаханұлы, мамандығыңыз мүлде басқа сала. Алайда жаныңыз руханият саласына жақын. Жалпы демеушілікпен айналысуға қандай себеп болды? – Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылында туып-өстім. Әкем Смахан Болысұлы – аузы дуалы, сөзі уәлі кісі. Ал анам Жұмағыз Біләлқызы ауылымыздағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте 40 жыл ұстаздық етті. Химия-биология пәнінен сабақ берді. «Алтын алқа» иегері Қазақстан әйелдері энциклопедиясына есімі енген, құрметті, аяулы, әз-ана. Құдайға шүкір, әкем де, шешем де ұл-қызынан өрбіген немере-шөбере сүйіп отырған айбынды ата, ардақты әже. Анам республика бойынша қандай басылымдар мен журналдар шығады, бәрін үйге алып келетін. Тіпті «Аргументы и Факты», «Известия» басылымына дейін алдыратын. Бала кезімнен барлық басылымды оқып өстім. Алтыншы сыныптан бастап мектеп кітапханасынан газет-журналды өзім тұрақты түрде алып, оқып тұрдым. Нағашы атам Біләл Ысаұлы Құлбаев «Ақынтоғай» ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы болды. Ауылдың құрылуына әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азамат. Көзі ашық, көкірегі ояу кісі болатын. Мені оқу-білімге үйретті. Дүниетанымымды кеңейтті. Атбегілік өнерге баулыды. Тоқсанға келіп қайтыс болды. Өмірден өткенше, аттан түскен жоқ. Ел «Көк көз Біләл» деп атайтын. Көзі өткір еді. «Ойпырмай, мына аттың сұлуын-ай», деп назар аударса, сол тұлпардың жазым болатын сәттері де кездескен. Мықты, ғұлама кісі еді. Көкем бізді бала кезімізден «Алланың алдында – арыңның, адамның алдында – қолыңның тазалағын сақтай біл» деп тәрбиеледі. Бүкіл ауыл-аймақтың қадірлісі еді. Ол кісі де кітап пен газетті көп оқитын. Бала жасымнан осындай ойлы, аузы дуалы адамдардың ақыл-кеңесін тыңдап өстім. Меценаттық жолға түсуіме осындай қасиетті, қастерлі кісілер себепші болды. Менің ойымша, қайырымдылық жасамасаң, зекет бермесең, жасап отырған қаражатыңның өзі харам. Сол Біләл көкемнің ақыл-кеңесі маған дұрыс жолда жүруіме ықпал етті. Өмірде адал серігі болған некелі жары нағашы апам Әсем Қасымқызының біздерге сіңірген еңбегі орасан зор. Ол кісінің пісірген тамақтары әсіресе асқабағы өте дәмді болатын. Зекет беруді мен меценаттық деп түсінемін. «Елге қызмет етсең, еш беделің түспейді». Көкемнің осы сөзі өмір бойы жолымызға азық болып келеді. Ақиқаты, халықтың, ағайын, ел-жұрт бауырдың алғысын алғаннан асқан абырой жоқ. Иә, мамандығым – дәрігер, терапевт. Бірақ мамандығы басқа бола тұра, руханият саласында әлемде өз бағасын алған ағартушы, ғалым, ақын, жазушылар көп қой. Мысалы, Михаил Булгаков, Антон Чехов та медицина саласын бітірді. Шығыстан шыққан парсы ғалымы Ибн Цина (Авицена) да дәрігер, философ. Өзіміздің Отырардан шыққан, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби де мұқым дүние мойындаған ғалым. Мен Отырар топырағында туған аға-көкелерімнің жанында көп жүрдім. Баптардың бабы Арыстан бап та – Отырар топырағында. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов та осы қасиетті мекенде туған. Менің туған жерімнен ғарышкер ғана шыққан жоқ деп кейде достарыма әзілдеп айтатыным бар. Уақыты келсе, ол арман да жүзеге асар. Қай топырақта тусаң, сол жерге қаның тартады ғой. Мамандығым дәрігер болса да, меценаттық бағытқа түсуіме ықпал еткен осы жайттар. Бірақ жұрттың көбісі «елдің кітабын шығарғаннан саған не пайда?» деп жиі сұрайды. – Мені де толғандыратыны осы сұрақ... – 2006 жылдан бері мен демеуші болған кітаптардың санын есепке алсам, 100 миллион данадан асты. Қазақ өркениетінде ғылым мен руханияттың орны бөлек. Біз ұлыларын ұлықтаған елміз. Сондықтан ғылым мен руханият саласында қазақ үшін еңбек етіп, сүбелі шығармалар жазып жүрген ақын-жазушылардың кітабына демеушілікті қолға алдым. Мұның барлығы «қайтсем, атымды тарихта қалдырамын?» деген атаққұмарлықтан туған жоқ. Қаншама ақын-жазушылар мен журналистер кітабын, ғалымдар ғылыми еңбектерін шығара алмай жүр. Еліміздегі көптеген кітаптар мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқаны да аз емес, бірақ олар халыққа толық жетпейді. Ал оларға көмектесу – менің перзенттік борышым. Кітап оқу – сауапты да жауапты жұмыс, ал ізденіс әрбір азамат үшін керек. «Бар болсаң, қадірлісің ағайынға, жоқ болсаң, жолатпайды маңайыңа». «Ит өз құйрығын өзі алып жүрмесе, оны кім алып жүреді» деген де бар халықта. Бұл жолда көреалмаушылық та кездеседі. Бірақ менің алған бағытым – қазақ руханиятына қызмет ету. Қазақта «абыз бол» деген жақсы сөз бар. Әкім, министр болу қиын емес шығар, бірақ оған абыздық бұйырмауы мүмкін. Ал жай қарапайым шаруа адамының арасында да абыз қариялар кездеседі. Абыздық кез келгеннің маңдайына жазылған бақ емес. Кей адамның болмысынан кемеңгерлігі мен білімділігі көрінуі ықтимал. Бірақ ол бәрібір абыздыққа жете алмауы бек мүмкін. Мұны неге айтып отырмын? Жалпы қазіргі терминмен сөйлессек, абыздық және меценаттық менің ата-бабамда бар қасиет. Жаңағы Біләл нағашымның әкесі Ыса Әсілұлы заманында атақты атымтай-жомарт бай болған. 2 мың қойы, 500 жылқысын патша үкіметі кәмпескелеген. 1931-34 жылдары ашаршылық кезінде жер ауған қазақтың көбісін ауылда қоныстандырған. Ташкенттен келген 100 шақты қожаларға киіз үй беріп, отырықшы болуына көмектескен, қамқорлық танытқан. Осы күнге дейін ауылдағы қожа руының ұрпақтары ризашылығын білдіріп отырады. Жалпы қайырымдылық жасау – кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ол қанмен келетін қасиет. Өзіміздің аталарымыз да өз зама- нындағы озық ойлы текті кісілер, атап айтқанда, Бақтияр бабамыздан тараған Бақтыбай ата, ұлдары Теңлібай мен Меңлібай және Қаражанұлы Кәрім де темірден түйін түйген, дүкен ұстаған ұста кісілер болған. Әкеміз Смахан Болысұлы ұсталықты жанына жақын еткен ерен еңбек иесі. Біләл атамыздың нағашысы Еспенбет болыстың ұрпағы Қошаман да өз заманында болыстық қызмет атқарған. Ол да кемеңгерлігімен сол кездің өзінде елдің есінде қалған. Демек, қайырымдылық жасау әкем жағынан да, шешем жағынан да бар. Абай он тоғызыншы қара сөзінде «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді. Сондықтан қазаққа болысу – менің де азаматтық парызым деп білемін. – Бірақ кейде «осы ісімнің қайтарымы жоқ, мен осы не істеп жүрмін?» деген ойлар мазаламай ма? – Бір-бірімізге баға беру – қателік. Бүгінгі ісіміздің бағасын келер ұрпақ береді. Біз өткен тарихқа сараптама бере алармыз, белгілі бір оқиғаларға тұжырым жасаймыз. Мысалы, Жетісу жеріндегі Мамания әулеті мектеп ашып, қанша қазақтың көкірек көзін ашып, санасын жаңғыртты. Бұл мектептің негізін 1889 жылы әйгілі ағартушы, белгілі меценат, өз заманының абыройлы ер азаматы, ұлт руханиятының риясыз жанашыры болған Тұрысбек Маманов қалаған. Ал Медеу қажы Пұсырманұлы кезінде жарлы-жақыбайларға, кедей-кепшікке көмек берді. Үй салды, қаншама баланы тәрбиелеп оқытты. Бүгінде бұл кісінің есімімен аталатын, ұлттық мақтанышымыз Медеу мұз айдыны бар. Әсем де жауһар қаламыз Алматыдағы үлкен ауданның аты да Медеу ауданы деп аталады. Міне, қазақтың Атымтай жомарты – осылар. Өскенбайұлы Құнанбай қажы да Меккеге барды, бала оқытты. Біз ұлтқа игілікті іс жасаған олардың есімін құрметпен еске аламыз. Ал бүгін ше? Қазір қазақта бай көп, бірақ көбісі жасаған ісінің пайдасын ғана ойлайды. – Осы күнге дейін демеушілік жасаған кітап тиражының саны 100 миллионнан асты деп отырсыз. Бірақ билік сіздің бұл қайырымдылығыңызды елеп, ескеріп отыр ма? – Қазақта «теңдессіз байлық – қанағат» деген бір жақсы сөз бар. Адам алдыңызға келіп, ризашылығын білдірсе, ол – шексіз алғыс. Ақиқаты – абыройдан асқан нәрсе жоқ. Беделің биік болса, даңқ өзі келеді. Ал атағың бола тұра, абыройдан жұрдай болсаң, онда сенде қандай қадір-қасиет қалады? Мен үшін ең үлкен атақ – қазаққа қызмет қылу. Биліктен бір нәрсе дәмету... Жоқ, ондай ой ешқашан санама келген емес. Бұл өзімшілдікке жатады. Азаматтық емес, пендешілік тірлік болар еді. Бәрін уақыттың өзі екшейді, «бағасын келер ұрпақ берер» деп бекер айтып отырғаным жоқ. Мысалы, қолыңызда билік болып тұрса да, ұлт үшін игілікті істі атқара алмауың да мүмкін. Сабақты ине – сәтімен. Әр нәрсенің өз уақыты бар. – Мүйізі қарағайдай талай танымал ақын-жазушы, ғалымның кітабына демеушілік жасадыңыз. Біразымен дәмдес, дастарқандас, дос, жолдас болып жүрсіз. Оларды «ақша қайдан келіп жатыр?» деген сауал қызықтырмай ма? – Бизнесім бар. Сол кәсібімнің құрылтайшысымын. Бизнестен түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін есептеп, зекет есебінде осылай жыл сайын қайырымдылық іс-шараларына жұмсап тұрамын. – «Кітабымды шығарып бер» деп алдыңа келген адамның бәріне жақсылық жасай беру мүмкін емес қой. – Рас, бәрінің еңбегін жарыққа шығара беру мүмкін емес. Бұл адам кім? Қазақ өркениетіне қосқан қандай үлесі бар? Кітабы мазмұнды ма, оның ұлтқа берер құндылығы қандай? Осының бәрін біліп, оқып, алдын ала зерттеймін. Сосын барып нақты шешімімді айтамын. Рас, бізде оқыған-тоқыған ғалымдар көп. Елімізде тұңғыш ерлі-зайыпты ғалымдар – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Баешовтар отбасы. Бірақ әңгіме олардың шынайылығында тұр. Мысалы, академик Абдуали Баешовты бала кезімнен білемін. Ал жұбайы өнертапқыш ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Ажар Қоспанқызы Баешова – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде шәкірттер, болашақ мамандарды тәрбиелеп жүрген ұстаз. Атақ-даңқын естідім. Ғылымдағы жасаған істерінен хабардармын. Еңбегін қайта оқып шықтым, сөйтіп ұстазы академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтың 95 жылдығына арналған «Елу жыл білім мен ғылым жолында» кітабын шығарып бердім. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, өнертапқыш ғұлама ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Абдуали Баешұлы Баешов – әлемдік деңгейдегі ғалым. 240-тан аса мемлекеттерде патенттері бар. АҚШ ғалымдары оның ғылымдағы орнын бағалап, 1990 жылы «Бөкетов – Баешов жұлдызы» деген ат берген. Демек ол – ұлтқа қызмет еткен адам. Ал қазақты төрткүл дүниеге танытқан адамға қалай қызмет қылмаймын. Танымал қазақ ғалымын тағы да таныту арқылы өзіңіз де дәріптелесіз. Абдуали Баешовтың 75 жылдығына орай «Өнегелі өмір» (221 шығарылымы) сериясымен кітабын шығарғанда, бүкіл ғалымдар ризашылығын білдірді. Сол алғыстың өзі адам абыройын өсіреді. Мұның бәрі ынта, сүйіспеншілікпен ғана жүзеге асады. Қазір не қажет? Елге рухани азық керек. Ал рухани тұрғыдан бай ұлт өркениет бәсекесінде ешқашан ұтылмайды. Жаһандық қауіп-қатерге қазақ өз руханияты, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен интеллектісі арқылы ғана қарсы тұра алады. Ұлт ұтылмауы керек. «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бекер айтқан жоқ. Бір ғана мысал, кешегі Алаш арыстары, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, тағы да басқа қайраткерлер кіммен мүдделес болды? Олар кедей таптың мүддесін көздеді, халықтың мұңын жоқтады. Болашақты ойлады. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп бекер айтқан жоқ. Жас ұрпақ үшін саналы тәрбиенің бастауы бұл. – Өзіңіз демеушілік еткен ең ерекше кітап... – Құдайға шүкір, мұндай кітаптар аз емес. Ол кітаптар ішінде осыдан 100 жыл уақыт бұрын болған, зардабы аз болмаған зұлмат пен нәубет ашаршылық жайлы «Орталық Мемлекеттік архив» ұжымы дайындаған «Қазақстандағы ашаршылық. Голод в Казахстане 1921-1923. Сборник документов и материалов» атты қос томдық құжаттар жинағы. Республикалық басылымдардан қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұлдың мақала, сұхбаттарын оқып жүрдім. Қазақтың ата-тегін зерттеген ғалым туралы сырттай таныспын. Бірақ көрмеген адамым. Оразақ Смағұл – қазақтың 40-50 мың жылдық ата тегін ғылыми түрде дәлелдеген ғалым. Бір күні телефонын тауып сөйлестім. Елордада кездестік. Үйінде қонақта болдым. Оразақ аға қазақтың диссидент ұлы Мақмет Ибадоллаұлы Құлмағамбетов туралы кітабын шығара алмай жүргенін айтты. Қолжазбасы дайын тұр, 400 беттей. Кітаптың кейіпкері Мақмет Ибадоллаұлы Құлмағамбетов – қазақтың тұңғыш диссиденті. Ал біз оны осы күнге дейін неге білмей келгенбіз? Мақмет Ибадоллаұлы Құлмағамбетов 2008 жылы Мюнхенде қайтыс болған, Наташа Зубер деген әйелі де сонда қайтыс болған. 1949 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия факультеті ашылғанда, халқымыздың абыройлы беделді азаматтары философ-ғалым Ағын Қасымжанов, академик Жабайхан Әбділдин, Г. Югай, Николай Агашков, Тасболат Даутов, Темірбеков, Зия Мұқашевтармен бірге оқыған. Оқуын үздік бітірген соң, 1954 жылы Түрікменияның Чарджоу (қазіргі Түрікменабад қаласы) педагогикалық институтында философиядан сабақ беруге ресми жұмысқа жіберіледі, кейін коммунистік жүйеге қарсы шықты деген айыппен 30 жыл айдауда, түрмеде болған. Кеңес Одағының құлайтынын сол кезде-ақ айтқан өресі биік азамат. Ал бүгінгі ұрпақ осындай қайсар қазақтың өмірден өткенін біле ме? «Азаматтық борышым ғой» деп, Оразақ ағаның 12 жылдан бері шығара алмай жүрген кітабын «Қазақтың айбарлы диссиденті» деген атпен 2020 жылы 1000 дана етіп шығарып бердім. Жақында еліміздің ең жоғары наградасы Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ойшыл жазушы-драматург Дулат аға Исабековтың «Өнегелі өмір» сериясымен (234 шығарылым) шығатын кітабын мың дана таралыммен жарыққа шығуына толық қаржылай көмек жасадым. Ол Лондондағы «Лордтар палатасында» ағылшын тілінде кітабының тұсауы кесілген алғашқы қазақ жазушысы. Ағамыздың «Бөрте» спектаклі шынында да өте шымыр шыққан шығарма. Әлемнің ең үздік 10 тетрында пьесалары қойылып жатқан бірегей қаламгер ағамыздың шынайы шығармалары әрі қарай дами беруіне Алла жар болсын! Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған қос томдық құжаттар жинағы. Асанбай ағамыздың бәйбішесі, көзі тірі Фатима Ғалиқызының аналық алғысын арнайы жазып, кітапқа қосқан болатын. Бұл 3 тамызда 97 жасқа толып, 100-ге қарай қадам басқан ақжаулықты анамыздың шын аналық алғысы. Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-драматург Бақытжан Қанапияновтың 70 жылдығына арналған «Өнегелі өмір», (225 шығарылым) сериясымен шығатын кітабына демеушілік еттім. Бұл тегеурінді текті тұлғалар ұлтымыздың мақтаныштары. Осындай ғұлама ғалымдар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны белгілі. Биыл 150 жылдығы халықаралық көлемде тойланып жатқан Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары, құжаттар мен фотосуреттері топтастырылған жинаққа да демеуші болуым – мен үшін үлкен абырой. Бұған қоса, есімі Алматыдағы мұз айдынымен танымал Медеу қажы Пұсырманұлы мен оның ұлы Жайшыбектің Алматы облысының Іле ауданындағы қабірінің басына арада 100 жыл өткен соң (2018 жылы) орнатылған құлпытас пен аса көрнекті мемлекет пен қоғам қайраткері, лингвист-ғалым Нұртас Оңдасынов пен «қазақ мұнайының атасы» Сәфи Өтебаевтың қоладан құйылған мүсіндерінің қойылуына да қаржылық көмегім тиді. Қазақтың тұңғыш кәсіби елшісі, түркіні түгендеген саяси қайраткер Нәзір Төреқұловтың бірнеше жыл баспада жатып қалған «Нәзір әлемі – мир Назира» (Авторы: Сәрсенбек Сахабат) атты кітабының 2000 данамен жарыққа шығуына да қаржылай көмегім тиді. Мұндай кітаптардың қатарында ғұлама ғалымдар, жазушылар ғана емес, сонымен қатар инженер-құрылысшы да бар. Атап айтқанда, елордадағы 43 қабаттық «Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің бас инженері құрылысшы, энергетик, ұстаз Сатыбалды Әбдіғапарұлы Серікбаев ағамыздың 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнегелі өмір» кітабының жарыққа шығуына да көмегім тиді. Енді ұлт руханиятының көшбасшысы болған ұлт мақтанышы Өзбекәлі Жәнібековтың кітабына демеушілік жасауға ниет етіп отырмын. Өзбекәлі аға – ұлт үшін ерен еңбек еткен адам. Қазақтың ұлттық дәстүрі мен құнды бағалы өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізген мұндай азаматтарды біз қашан да дәріптеуіміз керек. Бір ғана мысал, 1970 жылы жаңадан ашылған Торғай облысында хатшы болып жүргенде, халық Өзағамнан сұрапты. «Не аласыз?» дегенінде, «маған мына көне астауды берсеңіз болды!» – деп сұрағаны әлі де ел есінде. Бүгінгі таңда Өзбекәліні халық құрметпен сағына еске алады. Өзағам қазақтың ою-өрнегі мен сан ғасырдан бері ұмытылған көне ұлттық аспаптарын тірілткен тұлға. Мұның бәрін келер ұрпақ үшін істеді. Қазір Жәнібеков жәдігерлері қазаққа қызмет етіп жатыр. Ол кісінің көзін көрген жоқпын. Бірақ 1996 жылы Біләл көкемнің иығына жапқан түйе жүнінен жасалған шапаны бар. Ол шапанды атам маған табыстап кетті. Алла қаласа, бірнеше мың данамен Өзбекәлі Жәнібековтың көптомдық шығармалар жинағын шығарсам деп отырмын. – Бұл үлкен игі іс екен. Ал жарық көрген кітаптар таратыла ма? – Шығарылған кітаптың 70 пайызы автордың өзіне беріледі. Ал 30 пайызын кітапханаларға тегін таратамын. Ешқайсысын сатпаймын. Республика бойынша 15 мыңнан астам кітапхана бар. Барлығына жеке-жеке өзім жіберемін. – Бірақ түпкі мақсат тек кітап шығару емес шығар... – Кітаптан да бөлек фильмге де қаржы бөліп тұрамын. Төтенше және Өкілетті Елші, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі ақын, жазушы, саясаткер Олжас Сүлейменовтың «Рифмы мира: Алма-Тау – моя Alma-Mater» атты фильміне қаржылай демеушілік жасағаным бар. Олжас Сүлейменов ағамыз шын мәнісінде талантты кісі. Сол үшін ол кісіге сөзсіз көмек қолымды создым. Дегенмен түпкі асқақ мұратым бар. Ауқымы жағынан Александрия кітапханасымен теңескен Отырар кітапханасы болғаны тарихтан белгілі. Онда әлемнің жауһар кітабы мен еңбектері сақталды кезінде. Менің мақсатым – осы үрдісті қайта жаңғырту, келешекте Отырар кітапханасын салу. – Ал күнделікті ісің жоспармен бастала ма? – Жоспарсыз жұмыс бола ма? Бұл – бала кезден қалыптасқан тірлік. Мысалы, сіз жоғары оқу орнын тәмамдап, қолыңызға диплом аласыз. Бірақ оқығаныңыздың бәрі санаңызға сіңбесе, одан елге қандай пайда болуы мүмкін? Демек, керек нәрсені сіңіріп, оны дамыту қажет. Әр адам өз өмірінің менеджеріне айналуы қажет. Сонда еліміз кемелденіп, руханиятымыз, өркениет төріне шығады. – Ал алдыңызға келген адамға сенесіз бе? – Сіздің бұл сұрағыңызға Абай атамыздың мына бір сөзімен жауап берсем дұрыс болар: – Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Ақылың мен білімің екі жақтап. – Бірақ адамның бәрі бірдей емес. Сізді жеке мақсатына пайдаланғысы келетіндер де болған шығар. – Ондай адамдармен жұмыс істеуден бірден бас тартамын. Қазақтың данышпан ақыны Абай былай дейді: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңе-өзің есеп жаса дегені бар! Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Демек мен үшін басты нәрсе – қазақ баласының руханиятына жұмыс істеу. Әбіш Кекілбайұлының ұлағатты сөзі бар: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Ал, Уильям Шекспир «Кітапхана мен үшін алтын тақтан да артық» дейді. Ғұлама Әлішер Науаидың де сөзі асыл: «Кітап оқығаныңа ақы сұрамайтын ең асыл қымбат қазына». Ақиқаты, кітап өміріңізге азық болатындай тәрбие беруі керек. Жалпы қазақта о баста бәрі ауыз әдебиеті арқылы дамыды. Сондықтан да болар, далада өскен баланың философиясы кең болады. Зерек, зейіні, жады мықты болып өседі. Фольклор бізге ауызша жетті. Бұл қазақтың жадының мықтылығы және дарынды ұлт екендігін көрсетеді. Демек, екі-үш ғасыр бұрын ұлт руханиятын жадында жаңғыртып сақтаған ұлттың бүгінгі буыны ретінде біздің де дарынсыз болуға қақымыз жоқ. Дана, данышпанның бәрі де ауылда туған. Рухы күшті адамның қай кезде де мәртебесі биік. Даналық Алладан беріледі. Сол даналық қағидасы еңбек, ізденіспен бірге ұштасса, алынбайтын асу болмайды. Не істесеңіз де, ниетіңіздің таза болғаны дұрыс. 20 қараша күні – Президенттік сайлау өткен тарихи күн. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болып қайта сайланды. Енді алдағы 7 жыл бойы елімізді басқаратын болды. 26 қарашада өткен Президентті ұлықтау салтанатында Мемлекет басшысы «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деп елге аталы сөз айтты. Бұл ұлағатты сөз – еліміздегі әрбір азаматтың кредосы болса игі. Қанша жерден білімді болсаң да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан қайыр жоқ. Бұл да Мемлекет басшысының өз сөзі. Сондықтан қазақ руханиятының дамуына тамшыдай болса да көмегім тисе, ол біз үшін үлкен абырой. – Әңгімеңізге рақмет! – Сізге де көп рақмет!
Сұхбаттасқан Берік БЕЙСЕНҰЛЫ