Чемпион тәрбиелейміз десек...
Чемпион тәрбиелейміз десек...
454
оқылды
Еліміз басты назарды бұқаралық спортты дамытуға салғалы біраз уақыт болды. Балалар жылы ая­сында да кей жоспар іске асып жатыр. Оған қоса, елордада ауыл спорты нұсқаушыларының рес­пуб­ликалық конференциясы өтті. Жиында біраз мәселе көтеріліп, түйінін тарқату үшін міндет жүк­тел­ді. Дегенмен бетін сипап өтіп, түбіне үңілмей жатқан бірқатар жұмыс бар. Бәріне ортақ бір спортзал Конференцияға қатысқан Мәдениет және спорт министрі ерекше дерек ұсын­ды. Оның айтуынша, 1991-2022 жылдар аралығында өткен Олимпиада ойыны мен әлем чемпионатында жүлде алғанның 52 пайызы – ауылда туған. Ал 28 пайызы қалалық болса, 9 пайызы – легионер. Яғни, өңір спортын дамытуға ден қойсақ, болашақ чемпионды тәрбиелейміз деген сөз. Қазір балалар мен жасөспірімдер спорт мектеп­терінде 257 мың бала білім алады. 15 мыңнан астамы денешынықтыру спорт клубына барса, 40 мыңнан аса оқушы жасөспірімдер клубында түрлі спорт түрімен айналысады. Одан бөлек, өңірлердегі он үш спорт мектебі мен ин­тер­натына түсуге ынталылардың көбі ауыл­дан келеді. Бірақ мына парадоксқа назар ауда­рыңыз. Dalanews.kz порталының мәлі­метінше, еліміздегі 1 980 мектепте спорт­­­зал жоқ. Ал ауылдағы спорт «орда­сы» деп отырғанымыз не мектеп спорт­залы, не клуб ғимараты. Оған қоса, спорт­залда денешынықтыру пәні өтеті­нін ескерсек, жеке секция ұйымдас­тыру үшін біраз әуреге түсесіз. Демалыс күн­дері бар жас шамасындағы талап­керді топтау да ыңғайсыз. Сонымен, өңірдегі жат­тық­тырушының көзі мектеп басшы­сына бір, кәсіпкерге қарап тағы жау­таңдайды. Жаттықтырушы дегеннен шығады, жалпы ауылды жерлерде төрт мыңнан астам маман жұмыс істейді. Оған үш мың спорт нұсқаушысын қосыңыз. Айта кетерлігі, аталған спорт нұсқаушысының 1 708-і ғана жоғары білімді, 728-інде диплом жоқ. «Арландар» футбол клубы­ның президенті Фазылбек Әбсаттарұлы да ауылды жерде маман тапшы екеніне қынжылады. Оның айтуынша, дене­шынық­тыру пәнінен сабақ беретін мұ­ғалімді жаттықтырушы деуге болмайды. Сол үшін арнайы маман даярлап, білім беруге мән беру керек. Сапалы білім бол­ған жерде нағыз спортшысы тәрбиеленеді. Өңір-өңірді аралап жүрген қоғам белсен­дісі мәселенің осыған келіп тірелетінін айтады. ауыл спорты Айта кетерлігі, спорт нұсқаушылары­ның жалақысы мардымсыз әрі жүйелен­беген. Кей өңірде айлықты аудандық спорт бөлімі мен спорт мектептері ар­қылы берсе, енді бірінде спорттық-бұқа­ра­лық іс-шара орталығы береді. Қызыл­орда өңірінде тіпті жалақы мәсе­лесі мемлекеттік тапсырыс арқылы шеші­леді. Яғни, бір ай конкурс жүреті­нін есептесек, спорт нұсқаушысы бір тоқсан бойы жалақысыз жүреді деген сөз. Бапкерлер мен әдіскерлер айлығын уақытылы алады десеңіз, ауыз толтырып айтарлық сома емес. Содан ба, әлем чем­пионатында бақ сынап, ел мерейін асырғандар арасынан карьерасын аяқ­та­­ғасын өңірге барып, белгілі жалақыға жұмыс істейтіні ілуде бір. Кәсіби спортты қаржыландыру тоқтау керек
«Өңір спортына келгенде инфра­құрылымды дамыту жағы жиі айтылады. Одан бөлек, маман тапшылығы мен құрал-жабдық турасында да әңгіме көп. Меніңше, мәселе тереңде жатыр. Жо­ғары­дағының бәрін қосқанда мәселе ақ­шаға келіп тіреледі. Ал қазынадан бө­лінген қаражат қайда кетіп жатыр? Мұның бәрі кәсіби спорт пен кәсіпқой спортшыларға бөлініп жатыр. Сондық­тан кәсіби спортты Үкімет қаржылан­дырмау керек. Өйткені жалпы спортқа бөлініп жатқан ақшаның 80-90 пайызы солардың кем-кетігін түзеуге кетеді. Осылайша, әуес­қой спорт пен балалар спорты жетім­сіреп қалады. Аталған мәселені жолға қойсақ, ауылды жерде тренер, алаң, жаттығуына асыққан бала пайда болады», – дейді «Ауыл футбол» жобасының же­тек­шісі Серік Мәмбетов.
Оның айтуынша, балаларды қызық­тырып, бар жағдайды жасап, бұқаралық спортқа тарту керек. Мемлекет алдына баладан чемпион шығарамыз емес, уақытын тиімді пайдалануға көмектесе­міз деген жоспар түзуі тиіс. Оған қоса, ауылдағы ескі спортзалды жөндеп, спорт кешенін салып, киім-кешек пен құрал-жабдықпен қамтыса игі. Білікті тренер, кең зал, арнайы форма болса бала да спортқа үйір болады. Ал спорттағы кәсіпкерлікке келсек, облыс, аудан әкімшілігі мұндай азамат­тарға өзінше қолдау көрсеткені жөн. Өйт­кені «Ауыл футбол» жобасымен бір­не­ше жыл бойы айналысып келе жатқан ерікті демеуші тарту мәселесі күрделі екенін атап өтті. Дегенмен ауыл мен ауданда спорт кешенін салып жат­қан кәсіпкерлер бар. Солардың бірне­шеуін конференция барысында министр марапаттаған-ды. Десе де, кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан қолдау ерекше дем берер еді.
Осындайда «Арт спорт» еске түсері белгілі. Бірақ талаптарға көз жүгіртсеңіз, бұл ауылды жерге сай келмейтіндей. Серік Мәмбетов те жобаны қолға алып көрмек болған. Алайда спортзалда жуы­натын, киім ауыстыратын бөлме болу керек дейтін талап ауылға сай кел­ме­ген. «Ауыл­дағы едені тесік спортзалда қай­дан жуынатын жер болсын» дейді ерікті. Сондықтан ауыл мен қала бала­сына тең жағдай жасайтын жоба керек-ақ. Оның үстіне, «Арт спорт» төңірегінде ақша туралы түрлі дау шыққаны тағы бар.
Спорт жанашырлары өңір спортын, бұқаралық спортты дамыту туралы құр ұран­нан шаршаған. Қайсыбірімен тіл­дессең де, нақты проблемамен жұмыс іс­тесе екен дейді. Балалар жылы қар­саңын­да балалар спортын жолға қоюдың өзі мұң болып тұр.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ