Сыр елінде жыр жәрмеңкесі өтті
Сыр елінде жыр жәрмеңкесі өтті
2,384
оқылды
Қызылорда қаласында  жырау, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова мен Сыр бойы жыршы-жырауларының «Жыр күмбез» атты жыр жәрмеңкесі өтті. Сыр сүлейлерінің сүрлеуі қайта жаңғырған өнер шашуынан жырға сусаған жұрт кең тыныстады. Жыр кешінде Қорқыт ата жайлы бейнекөрініс қойылып, жыршы Алмас Алматов, Айдос Рахметовтер арнауларын орындады. Асыл өнерімізді ұлықтап жүрген өнерпаздар Сыр бойының  саңлақ өнерін көрерменге сыйлады. LED экраннан тарихи бейнесюжеттер ұсынылды. «1925 жылы қазақ өнерін Парижде паш еткен Әміреден соң араға 60 жыл салып Алмас Алматов эпостық өнерді Еуропада әуелеткенін әлем біледі. Жыр - халықтың жүрегін тербеткен ұлы өнер. Бүгін Алмас Алматов пен Бидас Рүстембековтің шәкірттері сол киелі өнерді кемеліне келтіре жаңғыртты», - деді жыр кешін қорытындылаған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов. Кеште сахна шеберлеріне облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Ербақыт Жалғасбаев