Ресей елшісі Қазақстаннан қуылуы мүмкін
Ресей елшісі Қазақстаннан қуылуы мүмкін
Коллаж: Ulysmedia.kz
1,200
оқылды
Қазақстандықтар Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді елден шығарып жіберуді талап еткен петицияға қол қойып жатыр, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Петиция авторының айтуынша, елші Қазақстанның ішкі ісіне араласып, сұхбаттарының бірінде халқымызға қатысты негізсіз мәлімдемелер жасады.
"Біріншіден, ол Ресейдің Қазақстанның ішкі ісіне араласуға ниетін "көмектесеміз" деген сөзбен ашық жеткізді. Екіншіден, ол қазақ халқына қай тілде сөйлеу керегін нұсқамақ болды. Үшіншіден, ол Қазақстандағы ұлтшылдық туралы мәлімдемесі арқылы республикада ұлтаралық алауыздықты қоздырады", – делінген петиция мәтінінде.
Сондай-ақ, петицияда елшінің іс-әрекеті Қазақстандағы саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталғаны айтылған.
"Осы жағдайларға байланысты Ресей Федерациясының елшісін Қазақстаннан шығару туралы шешім қабылдануы керек, ол кем дегенде осы лауазымынан алынуы қажет", – дейді автор.
Екі күн ішінде бұл ұсынысты үш мыңнан астам адам қолдап үлгерген. Еске салсақ, Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин ресейлік басылымдардың біріне берген сұхбатында Қазақстандағы "радикалды ұлтшылдар мен русофобтар" туралы сөз қозғады.
"Өкінішке қарай, мен ұлтшылдық тенденцияларға қатысты алаңдаушылық білдіремін, тіпті радикал үрдістер деп баса айта аламын. Қазақстанда ұлтшылдық тенденциялар барған сайын айқын көрінеді. Интернетте радикалды ұлтшылдар мүлдем ақылға қонбайтын радикалды талаптар, ұрандар көтерген  бейнежазбалар көбейді. Олардың дені русофобиялық ұрандар", – деді Бородавкин.