Бүгінде Nur Otan партиясының пәрменімен тұрғындардың түйткілді мәселелерінің түйіні тарқатылып, қоғамдық қабылдауларға қайырылған қара халықтың өтініш-тілектері қанағаттандырылуда. Nur Otan партиясы Жамбыл облысы Қордай аудандық филиалының кеңсесінде Қордай ауылының әкімі, партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Рахат Сахатовтың өткізген қоғамдық қабылдауында да жалғызбасты ананың өтініші ескерусіз қалмады. Қабылдау барысында ауыл әкімі тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Өтініш айтып келген ауыл ағайындарының дені әлеуметтік мәселелерді көтерсе, 3 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі ана Сезім Бапалаева үйіне ауызсу кіргізіп беруді сұрады. Ол кішкентайынан церебралды параличке (ДЦП) шалдыққан. Анасы зейнет жасында болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі қызына Танзиля Нишанова есімді күтуші қарайтынын айтты. Сезімнің 3 баласы мектепке дейінгі жаста болғандықтан анасына қолғабыс ете алмауда. Сексеннің сеңгіріне келген анасының да сыртқа кіріп-шығуы қиындап кеткен. Сондықтан жалғызбасты ана қоғамдық қабылдауға партия өкілдері үйіне ауызсу құбырын жүргізіп беруге ықпал етеді деген үмітпен келген. Өтініш иесінің мәселесіне бейжай қарамаған ауыл әкімі Рахат Сахатов кәсіпкерлердің басын қосып, сондай-ақ «Қордай су» коммуналдық кәсіпорнына қол ұшын беруді тапсырды. Көп ұзамай партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Сезім Бапалаеваның үйіне аталған коммуналдық кәсіпорнының қолдауымен су құбыры тартылды. Ал кәсіпкерлердің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жанның тұрмысына қажетті жағдай жасалынып, арнайы жуынатын бөлме де салынды. – Қуанышымда шек жоқ. Бұған дейін ауызсуды сырттан тасу мұң болса, қазір үй ішіндегі құбырдан таза су сарылдап ағып тұр. Сондай-ақ жуыну бөлмесін де кәсіпкер жігіттер дайындап берді. Оларға деген алғысым шексіз. Осындай қиын сәтте қол ұшын берген адамдардың жақсылығын ешқашан ұмытпаспын. Оның ішінде қара халықтың тілек-өтінішіне құлақ асып, демеу көрсетіп жүрген Nur Otan партиясына дән ризамын. Бұқараның жоғын жоқтайтын партия осындай болуы керек. Менің жағдайымды түсініп, жақсылыққа себепші болған барша азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Сезім. Иә, халықтық партияның пәрмені деген осы. Бұқараның қамы үшін жасалған мұндай игі істер әрдайым жұрт жадында қалары анық. С.САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы