Алматыда келесі жылы 32-33 мың педагогтің жалақысы 25%-ға артады, бұл үшін қала бюджетінен 73 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қалалық мәслихаттың отырысында айтты, – деп хабарлайды Azattyq Ryhy. "Келесі жылы педагогтер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақы қоры 170 млрд теңгені құрайды. Келесі жылы 32-33 мың педагогтің жалақысы 25%-ға артады, бұл үшін қала бюджетінен 73 млрд теңге қарастырылған. Егер 2022 жылы мұғалімдердің орташа жалақысы 250-255 мың теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 320 мың теңгеге дейін артады", – деді ол. Бұдан басқа, келесі жылы кітапханашылардың, техникалық персоналдың және білім беру саласының басқа да қызметкерлерінің жалақысын 22%-ға арттыру көзделген. Оған 9 млрд теңге бөлінеді. Ол сондай-ақ, дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта медициналық персонал 20%-ға, кіші медициналық персонал 18%-ға ұлғаятынын алға тартты. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 350 мың теңгені, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 205 мың теңгені құрайды.