Келісімді жандандыруға күш салады
Келісімді жандандыруға күш салады
239
оқылды
Сенатта Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық жиналысының Федерация кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның XVIII отырысы өтті. Отырысты ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Парламенттердің өзара жұ­мысын одан әрі жандандыру маңызды екенін айтты. Кездесу барысында депутаттар Қазақстан–Ресей ынтымақтастығын негізгі бағыттар бойынша дамыту перспективаларын талқылады. Оның ішінде білім беру, транзиттік-көліктік әлеует, өңір­аралық және шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелері бар. Комиссия мүшелері автожол ин­фра­құрылымын бірлесіп дамыту ісіне де ерекше назар аударды. Сондай-ақ шекарадағы өткізу пункттерін дамыту, оларды заманауи инспекциялық-тексеру кешендерімен жабдықтау және шекара маңындағы инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Комиссияның Қазақстан тарапынан тең төра­ғасы, Сенат вице-спикері Асқар Шәкіров алда тұр­ған міндеттерді сапалы пысықтау үшін парла­ментаралық өзара іс-қимылды жан-жақты дамы­тудың маңызды екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Федерация кеңесі Төрағасының Бірінші орын­басары, комиссияның Ресей тарапынан тең төра­ғасы Андрей Яцкин әріптестеріне бірқатар өзекті мәселені жан-жақты талқылағаны үшін алғысын білдіріп, барлық саладағы екіжақты ынтымақ­тастықты әрі қарай дамыту үшін белсенді жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.