Сенатта Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық жиналысының Федерация кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның XVIII отырысы өтті. Отырысты ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Парламенттердің өзара жұмысын одан әрі жандандыру маңызды екенін айтты. Кездесу барысында депутаттар Қазақстан–Ресей ынтымақтастығын негізгі бағыттар бойынша дамыту перспективаларын талқылады. Оның ішінде білім беру, транзиттік-көліктік әлеует, өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелері бар. Комиссия мүшелері автожол инфрақұрылымын бірлесіп дамыту ісіне де ерекше назар аударды. Сондай-ақ шекарадағы өткізу пункттерін дамыту, оларды заманауи инспекциялық-тексеру кешендерімен жабдықтау және шекара маңындағы инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Комиссияның Қазақстан тарапынан тең төрағасы, Сенат вице-спикері Асқар Шәкіров алда тұрған міндеттерді сапалы пысықтау үшін парламентаралық өзара іс-қимылды жан-жақты дамытудың маңызды екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Федерация кеңесі Төрағасының Бірінші орынбасары, комиссияның Ресей тарапынан тең төрағасы Андрей Яцкин әріптестеріне бірқатар өзекті мәселені жан-жақты талқылағаны үшін алғысын білдіріп, барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту үшін белсенді жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.