Күн тәртібінде – қоғамдық көлік мәселесі
Күн тәртібінде – қоғамдық көлік мәселесі
«AMANAT» партиясы жанындағы Көлік және логистика комитетінің оты­рысында қоғамдық көлікті дамыту, халықаралық жүк тасы­ма­лын­дағы көптеген мәселе талқыланды. Жиында «Қазақстан авто­мобиль кон­венті» заңды тұлғалар қауымдастығының президенті Марат Бер­қалиев жолаушылар тасымалдаушылардың кірісі туралы мән-жай­ларды айтты. Оның айтуынша, кей өңірлер қоғамдық көліктерді жаңар­туды қажет етеді. Әйткенмен, автобус сатып алу инфляцияға қатысты қат­ты қымбаттаған.
«2015 жылдан бері АҚШ доллары қат­ты қымбаттады. Ол кезде 185 теңге бо­латын. Біз 2015 жылғы кіріс пен та­быс көрсеткішінде қалып қойдық. Бел­гіленген тарифтер 5 жылдан 10 жыл­ға дейін өзгермейді. Демек, 2015 жы­лы болған девальвация есептелмеді. Ол кезде біз автобустарды 18,5 млн тең­геге сатып алсақ, қазір олардың ба­ға­сы 47 млн теңгеге қымбаттап кетті. Кейін­нен автобөлшектер де қым­бат­тады. Бізде ешбір бөлшек өндірілмейді. Тек аккумулятор ғана шығарылады. Та­рифтер де сол күйі сақталды. Сәй­ке­сінше, кіріс те солай қалып отыр», – деді Берқалиев.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясы жанындағы Көлік және логистика комитетінің отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов қоғамдық көлік қызметіндегі кадр тапшылығын мәселесін сөз етті.
«Биылдан бастап автобустарды ал­ғашқы жарнасыз 7 жылға алу бойын­ша жаңа лизингтік бағдарлама қол­данылды. Оған 30 млрд теңге қара­жат бөлу қарастырылған. Сондай-ақ D санаты бойынша куәлік алуды жеңіл­дету мәселесі қаралды. Атап айт­қанда, жас бойынша талап 25-тен 23 жасқа дейін төмендетіледі. Еңбек өтілі 5 жылдан 3 жылға қысқартылады. D1 санаты бойынша 3 жылдан 1 жыл­ға дейін қысқартылады. Бұл мәселені ішкі істер органдарының өкілдері ұзақ уақыт талқылады. Соңғы жиында вице-премьер бұл бастаманы қолда­ды», – деді ол.
Сонымен қатар Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министр­лі­гінің өкілдері нормативтік тұрғыда автобус жүргізушілерінің жалақысына қо­сымша төлем жүргізуді қарастырып жат­қанын жеткізді. Жүргізушілердің са­наты мен біліктілігіне байланысты ең­бекақыларына 35 пайыз қосу жос­парланған.