Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» форумында толыққанды адами ресурстар институтын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін ұсынды.
«Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру шарттарының бірі – персоналды стратегиялық басқаруға көшу үшін кадр кызметтерінің кәсібилігін арттыру. Ол көптеген дамыған елде кеңінен қолданылатын кадрлық қажеттілікті болжау, корпоративтік мәдениетті басқару, таланттарды басқару және тағы басқа стратегиялық құралдарды қолдануға мүмкіндік береді», – деді Дархан Жазықбаев.Агенттікті толыққанды HR институты етіп қалыптастыру мақсатындағы әзірленген тәсілдер – HR стратегиясын дайындау және іске асыру, мемлекеттік органдардың қызметіне функционалдық талдау жүргізу, кадр қызметтерін сертификаттау, олардың функционалы мен жұмыс форматын өзгерту, таланттарды іздеу, мемлекеттік қызметшілердің корпоративтік мәдениеті сияқты бағыттарды қамтиды. Бүгінде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын қоса алғанда, Қазақстанда 15 жоғары оқу орны HR саласы бойынша мамандар даярлайды. Соның ішінде бакалавр деңгейінде – 8, магистратура деңгейінде 10 білім беру бағдарламасы бар. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының айтуынша, агенттікті толыққанды стратегиялық HR институтқа айналдыру мақсатында академияның жоғары әлеуеті ескеріліп, ол келешекте адами ресурстарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-зерттеу орталығы болмақ.
«Академияда персоналды басқару қызметтерінің өкілдері үшін тиісті оқыту курстары өткізіліп, оларға арнайы сертификат берілетін болады. Жоспарланған курстар болашақта HR-қызметтерін түрлендіріп, жоғары әлеуеті мен сұранысқа ие құзыреттілігі бар таланттар – HR кәсіпқойлар пулын құруға мүмкіндік береді. Жалпы, мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер адам ресурстарын тиімді пайдалану арқылы кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырып, қоғамның талаптарын қанағаттандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», – деп атап өтті Дархан Жазықбаев.