Былтыр елімізде 180 жасөспірім өзіне қол жұмсаған. Осынау антирейтингте көш басында Түркістан облысы тұр. Сол себепті Түркістанда балалар суицидінің алдын алуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Түркістан облысы бойынша 2019 жылы өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдер саны 76-ға жетіпті. Олардың 32-сі көз жұмса, 44 жасөспірім суицидтен аман қалған. Бірақ өмірмен қош айтысуға ұмтылса керек. Ал 2018 жылы облыста 106 суицид тіркелген, олардың 42-сі өмірден өтіп, 64- і аман қалған. Яғни, 2019 жылы суицид жасаған жасөспірімдердің саны алдыңғы жылдан төмендегені байқалады. Алайда бұл жағдай бейқам отыруға болмайтынын байқатады. Мамандардың айтуынша, еліміздің кейбір аймақтарында жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау (суицидтік) әрекеттерінің артуы айтарлықтай мәселеге айналып отыр. Өкінішке қарай, өмірден баз кешуге бекінгендер тек әлеуметтік жағдайы төмен, берекесі жоқ, дау-жанжалы көп отбасыларда ғана кездеспейді. Бақуатты отбасында өскен жасөспірімдер арасында да суицидке ұмтылу деректері тіркеліп жатыр. Бұл өз кезегінде суицидке ұмтылу себептеріне біржақты қарауға болмайтынын көрсетеді. Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Кәсіби дамыту институтының директоры Талант Бөлеевтің айтуынша, жалпы суицидтің алдын алу қазір өзекті бола түскен. Сондықтан Түркістанда «Жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу (профилактикасы)» атты семинар-тренинг басталған. 76 сағаттық тренингке Түркістан қаласы бойынша мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен психологтері қатысып жатыр. «Әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – суицидтің алдын алу жолдарын қарастырамыз. Әлемде тек қана бір жылдың өзінде 2 млн адам өз-өзіне қол жұмсайды. Францияда – 60 мың, Оңтүстік Кореяда 35 мың адам суицид жасаған. Елімізде де бұл мәселе өзекті болып тұр. Әсіресе, балалар арасындағы өлім алаңдатарлық жағдайда. Айталық, өткен жылы Алматы облысында – 24, Шымкентте 16 бала суицидтен көз жұмды. Балалардың өмірін сақтау баршамыздың міндетіміз», – деді семинар тренері Талант Бөлеев.
Суицид тек әлеуметтік жағдайға ғана байланысты емес
Семинар тренерінің айтуынша, жасөспірімдердің қатерлі қадамға баруына тек тұрмыстық жағдай ғана себеп болмайды. Әлеуметтік мәселеден бөлек мінез-болмыстың да әсері жоғары. Сондықтан суицидтің кесел деп те, туабітті мінез-құлықпен байланысы бар әрекет деп те бағалауға болады. Сонымен қатар жасөспірімдерге қоғамдағы түрлі түйткілдер мен өмір сүру дағдысының да әсер ететін кездері болады. Мәселен, интернеттің де ықпалы болатыны жасырын емес. «Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына басты себептің бірі – әлеуметтік және отбасындағы келеңсіз жағдай. Екіншіден, баланың ортада өзін таба алмауы. Сыныптастарының арасында қысымға ұшырауы, жалғыз сезінуі, өзін аша алмауы. Сонымен қатар интернеттің де кері әсері үлкен рөл атқарып отыр», – деді Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев. Ал Түркістан қалалық №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Наурызбаева әрбір баланың мектепте де, үйде де жіті қадағалауда болу керегін және ата-аналар да бұл мәселеге аса мән беру қажетін жеткізді. «Арнайы мамандар мен ата-аналар тарапынан әрбір баланы көзден таса қылмай, әр баланың, оның ішінде «тәуекел тобына» жататындарының психологиясына байланысты жеке жұмыстар жүргізілу керек. Ата-анасы айырылысқан отбасындағы жағдай балаларға ауыр тиеді. Психологтер осындай балаларды анықтап, психологиялық көмек беру керек. Ғылым мен техниканың дамыған заманда білімді, тәрбиелі жастарды тәрбиелеу міндетіміз», – деді. Сонымен қатар ол өзіне қол салғысы келетін жасөспірімдердің бірқатары өздеріне басқалардың көбірек назар аударғанын қалайтынын айтты. Әрі сондай балаларды суицидтен арашалап қалған тәжірибесімен бөлісті.Арнайы орындар не істеп жатыр?
Айтпақшы, өңір тұрғындарына психикалық көмек көрсететін Облыстық психикалық денсаулық орталығы (ОПДО, атауы 2019 жылы өзгерді) жұмыс істейді. Құзырлы мекеменің мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласында орналасқан негізгі стационарлық және кеңестік-диагностикалық орталықтың (ОПДО) Кентау және Сарыағаш қалаларында да бөлімшелері бар. Сонымен бірге аудандарда 19 психиатриялық кабинет жұмыс істейді. Бүгінде облыс бойынша барлық аудандар мен ОПДО-ғы ересектер психиатрларының саны – 96, оның ішінде 54 маман орталықта, ал 37 маман ауданда жұмыс істейді. Ал балалар психиатриясына келсек, облыс бойынша тікелей осы мәселемен 5 балалар психиатры айналысады, оның төртеуі ОПДО-да, біреуі Жетісай қаласында. Жалпы, облыс бойынша облыстық денсаулық орталығында қазіргі таңда барлығы 21 946 пациент есепте тұр. Олардың 15 386 ересек болса, балалар мен жасөспірімдер саны 6 576 баланы құрайды. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы суицидтің алдын алу бойынша жұмысты 2018 жылдан басталған «ТО жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу жобасын енгізу бойынша» Жол картасына негіздеп, жүргізуде. Жол картасы бойынша 2018 жылы 23 психиатр-дәрігерлер мен 125 медицина мекемелерінің психологтері «Суицидтің алдын алу шаралары» тақырыбында білімін жетілдіріп, сертификат алса, келесі жылға 409 ЖТД-мен 35 аудандық психиатрларды оқыту жоспарланып отыр. Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы