Алматы қаласында жер заңнамасын бұзудың 33 дерегі анықталды. Жер заңнамасын бұзудың 31 дерегі мемлекеттік органдарға тиесілі. Бұл туралы «АМАNАТ» партиясы Алматы қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен «Жер аманаты» комиссиясының бірлескен отырысында өтті. Отырысқа «АМАNАТ» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев төрағалық етті. Жиынға Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы, «АМАNАТ» партиясы қалалық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Ержан Ташпенбетов, Қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Төлеуқан Исмаилов, қалалық Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Құлболдинов пен қала прокуратурасының өкілдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиев комиссия тарапынан атқарылған жұмыстарды саралап, баяндама жасады. Баяндамашының берген есебінше, осы күнге дейін Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе отырып барлығы 42 жер теліміне қатысты тексеру жүргізген. Оның ішінде 40 нысанға жоспардан тыс, қалған екеуіне профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізіліпті. Нәтижесінде, жер заңнамасын бұзудың 33 дәйегі анықталды. Аталған заңбұзушылыққа қатысты оларды жою туралы 33 ұйғарым шығарылған. Жер заңнамасын бұзудың 31 дерегі мемлекеттік органдардың еншісінде. Оның ішінде Алматы әкімдігі тарапынан – 11, қалалық Жер қатынастары басқармасы – 15, «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясынан 5 заңбұзушылық жағдай анықталған. Сондай-ақ үш тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға заңға сәйкес 190 800 теңге көлемінде айыппұл саланған. Жер телімдерін заңсыз беру мәселесі бойынша жүргізілген тексерулер бойынша, жалпы көлемі 17,3 гектар болатын 23 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ департамент тарапынан республикалық «Жер аманаты» комиссиясының Алматы қаласына жұмыс сапары аясында оңтүстік астананың қоғам белсенділері мен тұрғындары көтерген бірқатар мәселенің шешімі де осы отырыста айтылды. Медеу мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағындағы жер учаскесінде «Жер аманаты» комиссиясының мәлімдемесінен кейін, қалалық департамент «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағынан жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында 4,8 гектар жер учаскесін заңсыз беру фактісі бойынша тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінен кейін департаменттің шығарған ұйғарымды орындау мақсатында Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы Алматы қаласы Медеу аудандық сотына мұрагерлік куәлікті және сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінген. Қазір жоғарыда көрсетілген іс сотта қаралуда. «Жер аманаты» комиссиясының Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде көтерілген тағы бір мәселе шаруа қожалық иесі Хамраевтарға қатысты. Шағымданушылардың өтініштері негізінде департамент тексеріс жүргізіп, нәтижесінде Алматы қаласы әкімдігі мен Жер қатынастары басқармасы тарапынан Жер заңнамасындағы 1-баптың бұзылғаны анықталды. Тексеріс көрсеткендей, аталған жер телімін демалыс үйін салу үшін Horizon.kz ЖШС берген. Заңсыз берілген жердің аумағы 4,036 гектар. Осыған орай басқармаға қатысты анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. Аталған ұйғарымды орындау мақсатын-да Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі №3/314-530 қаулысымен жер телімін пайдалану құқығы тоқтатылды. Баяндамада көптен бері қоғам тарапынан резонанс тудырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағына тиесілі жер телімінің де жайы айтылды. «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбектің түсірген шағымы негізінде департамент әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағының бір бөлігін иеліктен шығарудың заңдылығын тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласы әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, жалпы ауданы 0,7494 гектарды құрайтын университеттің жер телімінің бір бөлігін иеліктен шығару туралы заңсыз қаулылар қабылдағаны анықталған. Университеттің иелігінен заңсыз шығарылған жер телімдері жөніндегі департаментінің талап-арызын қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданара-лық экономикалық соты департаменттің шағымын қанағаттандырған. Алайда әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Себебі қарсы тарап апелляциялық шағым түсірген. Бұл күнде іс Алматы қалалық сотында жатыр. Отырысты қорытындылаған партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев комиссия жұмысын ары қарай жандандыра түсу керегін айтты. Комиссия мүшелері мен құзырлы орын өкілдері тиісті жұмыс жалғаса беретінін мәлімдеді.
Алматы қаласы