Елімізде ұстаздардың саны жыл санап артып келеді. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған мәліметке сенсек, 2021 жылы мұғалімдер саны 313 мыңнан асса, биыл 340 мыңнан астам мұғалім еңбек етуде. Алайда кейбір пән мұғалімдері еңбек нарығындағы сұраныстан көп даярланған. Салдарынан мемлекеттің қаржысы желге, студенттің уақыты текке кетті. Бұл педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік грант бөлуде еңбек нарығының сұранысы ескерілмейтінін аңғартады. 2022-2023 оқу жылында бакалавриатқа қабылдау үшін министрлік 73 мыңға жуық грант бөлді. Ең көп грантты «Машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы» білім беру бағдарламалары тобы алды, саны – 17 794 грант. Одан кейінгі грант ең көп бөлінген мамандық – «Педагогикалық ғылымдар». Мұғалімдерді даярлауға 10 810 грант қарастырлыған. Дегенмен статистикаға сүйенсек, еліміздегі мектептерде небәрі 3 620 педагог тапшы. Сонда қалған 7 мыңнан астам маман далада қала ма? Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, орыс тілі пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Орта білім беру ұйымдарында орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің 800-ден астам мұғалімі жетіспейді. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде аталған шет тілінің мамандары тапшы. 536 жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімі керек. Статистиканың келесі сатысында математик мамандар тұр.
– Қазақстанда 6 942 мемлекеттік мектеп бар. 3,6 миллионға жуық бала білім алып жүр. Биыл елімізде жаңадан 220 мектеп ашу жоспарланған. Жаңа оқу жылында 72 нысан есігін айқара ашса, жыл соңына дейін тағы 148 мектеп іске қосылмақ. Отандық білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – жоғары білімді маман тапшылығы. Қазір педагогтерге қажеттілік 3 620 адамды құрайды, оның ішінде 1 885 қалалық, 1 735 ауылдық жерлерде. Пәндер бойынша тарқатып айтар болсақ, ағылшын тілі – 344, биология – 58, география – 76, СБӨ – 22, информатика – 166, тарих – 126, қазақ тілі мен әдебиет – 92, математика – 532, музыка – 171, бастауыш сынып – 536, алғашқы әскери дайындық – 49, неміс тілі – 4, орыс тілі мен әдебиеті – 844, физика – 177, дене шынықтыру – 66, химия – 154 және көркем еңбек пәні бойынша – 81 мұғалім жетіспейді. Өзге пәндер бойынша – 122 педагог тапшы, – дейді Гүлмира Кәрімова.Еңбек нарығы ескерусіз қалды «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан бері қоғамдағы педагогтің беделін қайдам, жалақысы өсті. Сәйкесінше, бұл салаға бөлінетін грант саны да артқан. Бұрын мектепте нашар оқыған оқушылар амалдың жоқтығынан мұғалімдікті таңдаса, қазір «Алтын белгі» иегерлері педагогикалық жоғары оқу орындарына таласып түсетін болды. Себебі де анық. Шәкіртақысы да, грант та көп. Бірақ педагогиканы таңдағандардың барлығы бірдей жұмысқа орналасып кетпейді. Ал жыл сайын еңбек нарығындағы сұраныстан 2-3 есе көп кадр даярланып жатса да саладағы тапшылық шешілер емес.
– Грант – мемлекеттің қаржысы. Сондықтан ең алдымен грант бөлерде еліміздің еңбек нарыға мониторинг жасалып, мұқият тексерілу керек. Әр өңірде педагогтерге сұраныс әртүрлі. Мәселен, он жыл бұрын Түркістан облысында қазақ тілі мамандарын бес жылға артығымен дайындап қойды деген пікірлер айтылған. Сонда да жергілікті жоғары оқу орындары мемлекеттен грант алып, қазақ тілі мұғалімдерін оқытып жатыр. Олар бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс таба алмайды. Ал солтүстікте керісінше қазақ тілі мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Әр облыстың ерекшелігін ескеріп жатқан ешкім жоқ, – дейді шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлы.Оның айтуынша, жекеменшік жоғары оқу орындары көбіне материалдық-техникалық базаны қажет етпейтін мамандықтарды дайындайды. Яғни, қазақ тілі, тарих, музыка деген пәндердің мұғалімдерін дайындау үшін университет базасына қымбат жабдықтар керек емес. Осылайша, есеп-қисапсыз мемлекет қаржысы талан-таражға салынып жатқандай. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол – еңбек нарығына бақылау жасап, педагогтерді нарықтың сұранысына қарай дайындау. Әйтпесе, алдағы уақытта қолында дипломы бар мұғалімдер жұмыссыз қалуы мүмкін. [caption id="attachment_231523" align="aligncenter" > © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Ал білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы керісінше бөлінген грант нарықтың сұранысын толығымен өтеп жатқан жоқ деп ойлайды.
– Себебі биыл бөлінген грант төрт жылдан кейінгі жағдай. Ол мектептегі оқушы санымен ғана нақтылануы керек. Мысалы, былтыр 11 сыныпты 172 мың бала, 4 сыныпты 400 мыңнан астам бала бітірді. Яғни, 4 сынып пен 11 сыныптың арасындағы айырма 2,5 есе. Сондықтан бізге болашақта өте көп кадр керек болады. Биылғы еңбек нарығындағы сұранысты енді университет бітіретін студенттердің санымен есептеуіміз керек. Дегенмен нарықта білікті маманға сұраныс әрқашан болады, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.Жұмыссыз қалудан қорыққан мұғалімдердің бір тобы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Олар жаңа жылдан бастап қысқартуға ұшыраймыз ба деп үрейленіп отыр. Ал қарсылыққа себеп болған – Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығы. Онда ендігі жылдан бастап дене шынықтыру пәнінде ұлдар мен қыздар қосып оқытылады деп жазылған. Сәйкесінше, сағат қысқарса, аталмыш пәннің ұстаздарына сұраныс азаюы мүмкін. Қазір елімізде 30 мыңға жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар екен. Олардың қатары жыл сайын жас кадрлармен толығып жатқаны да белгілі.
– Ұзақ жыл бойы тек осы саланың нанын жеп келген бізді кім керек қылады. Осы уақытқа дейін мемлекет қаржы бөліп, оқытып, педагогтерді дайындады. Енді қысқарту жүретіні айтылып жатыр. Өздері оқытып, енді керексіз мамандыққа айналдыруда. Біз екі қолға бір күрек табармыз. Ал грантқа бітірген студенттер не істейді? Мектепте сағат жоқ болса, жұмыссыз қалады. Мамандығы бойынша жұмыс істемегені үшін гранттың ақшасын мемлекетке қайтарады, – дейді мұғалім Аманбай Қозғанбаев.Ендеше мемлекет тарапынан бөлінетін грант еңбек нарығындағы сұранысқа сай қарастырылуы керек. Сұраныс аз, грант көп болған жерде жұмыссыз мамандар қаптайды. Сұраныс қай салаДа жоғары? Egov.kz порталы алдағы жылдары жоғары сұранысқа ие мамандықтардың тізімін бағдарламашы, логист және сәулетшілер бастайды деп хабарлаған. Бірақ бұл нарықтағы шынайы қажеттілікке сәйкес келе ме? Электронды еңбек биржасындағы деректерге назар аударсақ, елімізде күзетші, автокөлік жүргізушілері, медбикелер, бала күтушілер мен аспаздар және есепшілерге сұраныс жоғары. Мәселен, мамыр айының көрсеткіші бойынша, республикада 1 300 медбикенің орны бос тұр. Бұған қоса, 2 мыңнан аса санитар мен медицина саласы қызметкеріне деген сұраныс тағы бар. Әлбетте, кемінде 300 мыңнан аса жалақы алатын бағдарламашы мен 100 мың теңгеге жұмыс істейтін күзетшіні салыстыруға келмес. Бірақ мектеп бітірушілерге қазіргі сұраныс пен болашақ мамандығының аражігін ажыратып алу маңызды. Грант көп бөлінетін салалардың барлығына бірдей еңбек нарығында сұраныс жоғары емес.
– Елімізде мамандықты грантқа бола таңдайтындар көп. Яғни, қай салада грант көп, сол салаға баратын балалар бар. Себебі әлеуметтік жағдайы төмен өңірлерде грант болашақта өмірден өз орнын табуға көмектесетін жалғыз мүмкіндік деп есептеледі. Көп ата-ана ЖОО-ға миллиондап оқу ақысын төлей алмайды. Сондықтан талапкер ұнатсын-ұнатпасын, отбасына салмақ салмау үшін әйтеуір бір оқуға түсіп алғысы келеді, – дейді JОО.kz онлайн-платформасының жетекшісі Қанат Өксікбаев.Осыған байланысты JОО.kz онлайн-платформасында арнайы зерттеу жүргізілген. Мұнда 400 мыңға жуық түлек тестілеуде жинаған ұпайы грантқа жетер-жетпесін анықтап көрген. Сонымен, тізімнің басында ақпараттық технологиялар саласы тұр. Бағдарламашы болуды армандайтын түлектер 268 мың рет грантқа түсу мүмкіндігін есептеген. Одан кейінгі орында Гиппократ антын қабылдап, адам өміріне араша болуды кәсіп еткісі келетін түлектер бар. Алғашқы үштікті шет тілі мұғалімі болуды қалағандар қорытындылайды. Бұдан басқа түлектер таңдаған саланың ішінде менеджмент және басқару, ақпараттық қауіпсіздік, аударма ісі, математика мұғалімі, медбике ісі, коммуникациялық технологиялар, биология пәні мұғалімі бар. Яғни, түлектердің барлығы ең бірінші грантқа түсу мүмкіндігін қарастырады. Осыдан болса керек, жоғары оқу орнын бітіргендердің 40,1 пайызы оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Кәсіп таңдауда әр төртінші адамға ата-анасы ықпал етсе, 6,4 пайызына оқу гранттарының болуы, 4 пайызына достарының ұсынысы түрткі болады екен.