Жауапсыз мердігердің зияны көп
Жауапсыз мердігердің зияны көп
Жетісуда мердігердің жауапсыздығы мен оларға тапсырыс берген мекемелердің немкеттілігінен қарапайым халық зардап шегіп отыр. Олар тәп-тәуір басталған ауызсумен қамту ісін орта жолдан қалдырып кете барады. Ал бұл өз кезегінде халықтың билік органдарына сенімсіздігін тудырады. Осы орайда Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Жетісу облысы бойынша департаменті халыққа қажетті ин­женерлік-инфрақұрылымдар тарту ісін қатаң бақылауға алды. Әсіресе, миллиондаған тендерді жеңіп, ха­лықты суға, газға, сапалы жолға за­рықтырып қоятын мердігерлердің ісі майшаммен қаралмақ. Бұл жолы құзырлы орган қыз­меткерлері облыс орталығының ір­гесіндегі Ескелді ауданында бол­ды. Бақсақ, Ескелдідегі ағайынды мазалайтын әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер жетіп артылады екен. Соның ішінде аты Ақтұма бол­ға­нымен, халқы ауызсуға жарымай, арықтан су ішіп отырған ауыл тұр­ғындардың мәселесі тіптен бөлек. Осыдан 4 жыл бұрын құрылысы басталуы керек болған су жинақтау нысанында кемшілік көп. 2018 жылдан бері нысан құрылысына жауаптылар бірнеше рет ауысқа­нымен, олардың ешқайсысы нақты нәтиже шығара алмапты. Енді, міне қыс түскенде бетон құйып, әлекке түсіп жатыр. Қыстың көзі құрауда құйылған бетонның көк­темде еріген мұзбен бірге жібіп, бөлшектеніп кетпесіне кепілдік жоқ. Сонымен бірге алдын ала зерттеу, зерделеу жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, су жинақтау нысанын айтпағанда, сол мұнараға су жинақтаудың өзі мұң болған көрінеді. Ақыры қазылған құдық­тардан су шықпай, жұрт шулап кеткеннен соң барып, мердігерлер Кеңес Одағынан қалған ескі ұң­ғыманы пайдаланатын болыпты. Бұл ұңғымадағы судың қорына, сапасына назар аударған ешкім жоқ. Тұтас бір ауылды сапалы ауыз­сумен қамтуы тиіс жоба мер­ді­гер­лердің жауапсыздығы мен тап­сырыс берушілердің сал­ғыртты­­ғынан құны 178 миллион теңге болатын жобаның құрдым­ға кетуі бек мүмкін. Өйткені мердігер осы қаржының 169 мил­лионын төлем ретінде алып, жұм­сап та қойыпты.
– Су жинақтайтын нысанның құрылысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталуы керек еді. Ақыры әбден сарғайтып, биыл қыс түс­кенде қолға алынды. Тұтас ауылды сумен қамтамасыз етуге тиісті жобаға тапсырыс берушілер де, мер­дігерлер де ел игілігі үшін ат­қарылатын іске жауапсыздық танытқан. Әйтпесе, материалдық-техникалық базасы жеткілікті ме­кемені былай қойғанда, кез келген адам үйінің қасынан құдық қазса да, алдын ала барлығын зерделеп, ойластырады ғой. Ал бізде бәрі ке­рісінше, ұңғыма қазса, су шық­пай­ды. Мұнара тұрғызса, оған су жет­кізе алмай әлек болады. Құбыр тартса, онысы мерзімінен бұрын істен шығады. Енді қыс түскенде іске кірісіп жатыр. Айналайындар-ау, әр жұмыстың атқарылар мерзімі, өзіндік талабы мен нормалары бо­лады ғой. Көктемде бір ақау шықса «бетонды қыста бекер құйыппыз» деп ақталады, – дейді ауыл тұрғыны Назарбай Барменқұлов.
Ауыл тұрғындарын мезі еткен мәселеге қатысты мердігер ком­панияның өз уәжі бар. «Монолит» серіктестігінің басшысы Советхан Шалимбековтің айтуынша, жоба­дағы көрсетілген жерлерден су шықпаған. Соған байланысты ескі құдыққа сорғы орнатылып, содан су жинақтайтын нысан салынып жатыр екен. Мердігер барлығы ой­дағыдай болса, 15 желтоқсанда ауыл тұрғындарына таза ауызсу берілетінін айтты. Қазір нысандағы жұмыстардың 90 пайызы біткен көрінеді. Ауыл ішіне 2 шақырым 600 метр құбыр жүргізілген. Бірақ Ескелді аудандық Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық және тұр­ғын үй инспекциясы бөлімі тап­сырыс берген жоба биыл маусым айында бітуі тиіс болған. Дәл осы «Монолит» ЖШС Ескелді ауданының орталығы Қа­рабұлақтағы «Жеңіс» саябағындағы құрылыс жұмыстарын мойнына алып, оны орта жолда қалдырған. Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Берік Дүйсебаевтың айтуынша, саябақтағы жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталған. Жобалық-сметалық құжаттарын жасауға 610 миллион теңге, қалған жұмыста­рына 549 миллион теңге қарасты­рылған. Осылайша, 1 миллиард 159 миллион теңге қаржы жұмсалған нысан биыл тамыз айында пайда­лануға берілуі керек еді. Алайда желтоқсан айының өзінде мұндағы жұмыстардың бар болғаны 70 па­йызы ғана аяқалыпты. Орнатылуға тиісті 146 бағанның 31-і ғана қо­йылыпты. Қалған жұмыстарда ша­лалық байқалады. Мердігер мұн­да үш спорт алаңы, жаяу жүр­гін­шілер жолы, балаларға арналған ойын алаңдарын салып, декора­тивті әсемдік ағаш-бұталар отырғы­зылуы керек еді. Ауыл әкімдігі мер­дігер мекемені сотқа берген. Соттың шешімі бойынша жұмысын бітір­меген серіктестік айыппұл тө­леп, жұмысты аяқтауға міндет­теліпті. жауапсыз мердігер «Монолит» ЖШС өкілі Асыл­бек Сәмбетұлының айтуынша, жо­балық-сметалық құжаттар да­йын­далғанда, қалың ағашты сире­ту, шұңқырларды топырақпен тол­тыру ескерілмегендіктен, мер­дігер біршама уақыт жоғалтқан екен. Мерзімінен кешіктірілгеннен кейін құрылыс материалдарының бағасы да қымбаттаған. Аудандағы Алдабергенов ауы­лындағы ауызсу мәселесі де «Көл­сайстрой» серіктестігінің жауап­сыздығынан ушыға түскен. Об­лыс­тағы көптеген тендерде жеңімпаз деп танылатын бұл мекеме осы уақытқа дейін бірде-бір жобасын аяғына дейін жеткізбеген. Бұл жолы да Ескелді ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспек­циясы бөлімі жасаған 825,6 мил­лион теңгелік келісімшарттың құнын көк тиын еткелі тұр. Алда­бергенов ауылын сумен қамтуға жауапты мекеме аталған келісім­шарт­қа сай 101 миллион теңге ал­дын ала төлем алғаннан кейін ке­лісімшарттағы жұмыстарды жүзеге асыруды «Алматы Production Construction & Invest» серік­тестігіне қосалқы мердігер ретінде береді. Қазір нысанда іс жүзінде атқарыл­ған жұмыстың құны бар болғаны 77,5 миллион теңгені құрайды. «Көлсайстрой» ЖШС-ның аты ке­лісімшарттар бойынша құрылыс­тың аяқталу мерзімдерін сақта­май­тынымен шыққан. Сол үшін оның есепшотына тыйым салыныпты.
– Өкінішке қарай, көтере ал­майтын шоқпарды беліне бай­лайтын пысықай мердігерлер өте көп. Небір күрделі нысандар мер­дігерден мердігерге өтіп, аяғында жауап беретін жан табылмай жа­тады. Мұнда тапсырыс берушілер­дің де жауапсыздығын жоққа шығаруға болмайды. Ақыр соңында қарапайым халық зардап шегеді. Дәл іргедегі газдың, ауызсудың құ­бырына қол жеткізе алмай қина­лады. Жолдың азабын тартады. Ес­келді ауданындағы ауызсумен қамту ісіндегі жағдай жұртшы­лық­тың шамына тиіп отыр. Мем­ле­кеттің миллиондаған қаржысы бөлініп, мердігердің жауапсыз­ды­ғынан орта жолдан қалған жұмыс­тарға аудан, облыс әкімдіктері на­зар аударуы қажет. Біз де өз та­ра­пымыздан мұндай мәселелерді бақылауда ұстап отырамыз, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің бас­шы­сы Мақсат Жебегенов.
Департамент басшысы бұл ба­ғыттағы тексерулер жалғасып, мем­лекет қаржысын тиімсіз жұм­са­ған­дарды жауапкершілікке тар­тыла­ты­нын айтады. Бұдан жа­уап­сыз мер­ді­герлер, салғырт тапсырыс беру­­шілер айылын жия қояр ма екен?!

Болат АБАҒАН, Алматы облысы