Қоғамдық бақылау жемқорлықтың алдын алады
Қоғамдық бақылау жемқорлықтың алдын алады
Сыбайлас жемқорлық – қоғамға ортақ дерт. Демек, онымен күреске қоғамның барлық мүшесінің жұмылғаны абзал. Әсіресе, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жиі баратын мемлекеттік органдардың қызметін қоғамдық бақылау маңызды. Бұл істегі «AMANAT» партиясы жанынан құрылған Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің рөлін айрықша атап өтуге болады. Партияның Атырау облыстық филиалы жанындағы кеңес төрағасы Сайын Қуанышевпен болған сұхбатымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы қоғамдық бақылау институттарының рөлі турасында өрбіді. – Сайын Сәлімгерейұлы, әңгі­мемізді өзіңіз жетекшілік ететін «AMANAT» партиясы Атырау об­лыстық филиалы жанындағы мем­лекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің жұмысынан бастасақ. Кеңес жұ­мысының қазіргі нәтижесі қалай? – «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанында Мем­лекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес 2008 жылдан бері мүдделі мем­ле­кеттік органдармен сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу мәселелері бағытында қоян-қолтық жұмыс жүргізіп келе жатқан, бірегей пар­тия­лық құрылым. Кеңес мемлекеттік басқарудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік сая­сатты жетілдіру, жемқорлықты ту­дыратын себептер мен жағдайларды жоюды мақсат етеді. Сондай-ақ жер­гілікті тұрғындардың мемле­кеттік қызметке деген сенімін арт­тыруға да ден қояды. Кеңес құрамы әр деңгейдегі мәс­лихат депутаттарынан, партия ардагерлері мен белсенділерінен, үкіметтік емес ұйымдардың мүше­лерінен, басқа партия өкілдерінен, партия мүшелігінде жоқ белсенді азаматтардан, кәсіпкерлерден жа­сақталған. Облыстық, қалалық және ау­дандық қоғамдық кеңестер өз жос­парларына сәйкес тұрақты жұ­мыстарын жүргізіп келеді. Облыс көлеміндегі мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелердің сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларына алдын ала мониторинг – зерделеу жұмыс­тарынан кейін кеңес отырыстарында талқыланып, олардың қоры­тын­дысымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жоспарларына то­лық­тырулар мен қосымшалар енгізіліп келеді. Бұл жұмыстар пандемия ке­зеңінде де тоқтаған емес. Кеңес отырыстарының басым көпшілігі онлайн форматында өткізілді. Соңғы үш жылда және жыл басынан бері кеңестің 158 отырысы өткізіліп, тиісті орындарға 473 ұсы­ныс берілді. Ұсыныстардың 410-ы орындалды, 63-і орындалуда. Сондай-ақ облыстық партия филиалы жанындағы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі қоғамдық кеңестің соңғы бір жылда Жылыой, Мақат, Махамбет, Исатай, Индер, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарында көшпелі отырыстары өтті. Көшпелі отырыс­тар кезінде жергілікті жерде анық­талған сыбайлас жемқорлық фак­тілері мен олардың туындау се­беп­тері, тәуекелдері туралы аумақ басшылығымен ашық форматта пікір алмасамыз. Сондай-ақ пар­тия­ның жергілікті партия филиал­дары жанындағы кеңестерге әдіс­темелік көмек көрсетеміз. – Сіз мемлекеттік органдар ара­сында жемқорлық тәуекелдерін анық­тау механизмінің жылдар бойы дамымай келе жатқанын жиі сын тезіне аласыз. Осы мәселені тарқатып айтып бересіңіз... – Сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін анықтау барысында Мем­лекеттік ішкі аудит, Тексеру ко­миссияларының анықтамалары, тіпті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бо­йын­ша департаменті нұсқамалары бел­гісіз себептермен қаперге алын­байтын фактілері жетіп жатыр. Сыбайлас жемқорлық фактілері анықталып, сот шешімдері шыққан жағдайда да, басқармаларда оларды нақты талдап, талқылап, олардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауға асықпайды. Осындай жағдайлар әр ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жос­парының объективті, толыққанды жасақталмауына әкеліп соқтырады. – Байқауымызша, қоғамдық ке­ңестің сын-ескертпелеріне атүсті қарайтын мемлекеттік органдар да бар сияқты. Дегенмен өзіңіз айт­қандай, партия жанындағы кеңес бұл бағытта өзінің берік ұстанымын қан­шалықты танытып жатыр? – Расында, осы кеңес құрыл­ған он жылдан астам уақыттан бері бір фактіні анық байқадық. Өңір­дегі әр деңгейдегі мемлекеттік орган­дар заң бойынша сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл ша­раларын жүзеге асыруға міндетті болғанымен, олардың тарапынан осы істегі сел­қостықты байқай­мыз. Сол секілді олар қоғамдық бірне­ше жылдан бері жергілікті мемлекет­тік орган­да­ры­ның сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жоспарларына берген то­лық­тырулары мен ұсыныстарын орын­дауға асығар емес. Партия жанындағы қоғамдық кеңестердің жинақталған тәжіри­бесі осы қызметті жетілдіру және жүйе­лендіру мақсатында қоғам­дық ке­ңестердің күш-жігерін жергілік­ті ат­қарушы органдардың аппа­ратта­рымен біріктірген де ғана нәтиже береді. Осы мәселе бойынша облыс әкі­мінің қабылдауында болып, қол­дау тапқаннан кейін, облыс әкімі аппараты қызметкерлерімен бірлесе жұмыстар жүргізіліп, Атырау об­лысы бойынша мемлекеттік бас­қарудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетіл­діру бағытындағы жоспарының жобасы жасақталып, мақұлданды. – Бұл жоспар қандай шараларды қарастырады? – Аталмыш жоспар мемлекеттік сатып алу саласындағы кедергілерді талдау, зерделеу және қорытынды шығарып, күнделікті жұмысты жү­йелеуге бағытталып отыр. Сонымен бірге қала, аудан әкімдері мен облыс әкімдігінің басқармаларымен, об­лыстағы уәкілетті-құзыретті орган­дармен бірлесе талдау үшін кон­сультациялық кеңес өткізу, облыс­тың зиялы қауымымен бірлесе отырып, жемқорлыққа қарсы мә­дениетті қалыптастыру жөніндегі кеңес сынды ауқымды шаралар қолға алынады. Бұл жоспар мәні мен мазмұны бойынша қарапайым, мемлекеттік органның күнделікті қызметінде (басшыдан бастап қатардағы мем­лекеттік қызметшіге дейін) сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының маңыздылығын түсі­ну­ге серпін береді. Тәжірибе көрсеткендей, мем­лекеттік органның сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл сала­сындағы жұмысының тиімділігі үшін осы мемлекеттік органда қа­былданып жатқан шараларға жүйелі бақылауды жолға қою қажет. Аталған жоспарда екі деңгейлі бақылау қарастырылған. Біріншісі, облыстық деңгейде ұйымдастыру-бақылау функцияларын жүзеге асырады. Бұл функцияны жүзеге асыру облыс әкімі аппаратының жанындағы ұйымдастыру-бақылау комиссиясына жүктелген. Ал екінші деңгейде қалалық және аудандық әкімдер аппараттарының жанын­дағы жұмыс комиссиялары жер­гі­лік­ті жерлерде сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл шарала­ры­ның сапалы орындалуын және әдіс­­темелік көмекті қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоспар облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесін жетілдіруге ықпал етеді. Әрі қосымша шығындарды қажет ет­пейді. Нәтижесінде, өңірдегі же­келеген салаларда сыбайлас жем­қорлықтың туындау тәуекелі азая түспек. – Қоғам дерті саналатын сыбай­лас жемқорлықпен күрестегі қо­ғам­дық бақылаудың рөлін қалай баға­лай­сыз? – Президент өзінің саяси ре­формаларында мемлекеттік басқару ісіне реформа жүргізуге айрықша басымдық беріп келеді. «Мемле­кеттік аппарат қызметін бюро­кра­тиядан арылту шаралары туралы» Президент Жарлығы шығады. Сәй­кесінше, әр саладағы қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту қолға алынып жатыр. Ал жергілікті би­лікке деген облыс тұрғындарының сенімі жоғары. Өзіңіз білетіндей, мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі «AMANAT» партиясының мүше­лері. Сондықтан партия тарапынан облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетіл­діру бағытындағы бастамаға толық­қанды қолдау болады. Бұл іске «AMANAT» партиясы жанындағы қо­ғамдық кеңес мүшесі ретінде бел­сенді атсалысуға дайынбыз. – Сұхбатыңызға рақмет!

 Атырау облысы