Тектілігін танытқан тұлға
Тектілігін танытқан тұлға
Халқымыздың даналығы мен дарқандығы, көсемдігі мен көрегенділігін бойына жинаған тегі бар кісілер үндемей жүріп те үлкен істер атқаратынына, қазаққа қалтқысыз қызмет ете білетініне ҚР ҰҒА-ның академигі, педагогика ғылымының док­торы, профессор Серік Пірәлиевтің өнегелі өмірі айғақ болса керек. Көркіне сай кісілігі келіскен, жаратылысына ақы­лы жарасқан, қазақтың қазыналы қасиетін, киелі сөзі мен мінезін жастайынан бойына сіңірген ел ағасы, көрнекті ғалым, ұстаздардың ұстазы Серік Жайлауұлы сүйекпен келетін тектілік қасиетке ие тұлға десек, артық айтқандық емес. Десек те, ұлы суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов айтқандай, «тақыр жерде ештеңе тумасы» тағы да анық. Ақылмен ойлап айтқан сөзі тыңдаған жанның бар тамырын қуалап, жанын семіртетіндей шы­найы сезімді, шөлді қандырардай таза пейілді жан қадірлі бабасы Бәйірбектің тұңғышы – Пірәлі де атына заты сай парасатты, ел пір тұтарлықтай терең ойлы жан еді дейді көзкөргендер. Ескіше сауатты, білімді, өмір­ден көргені мен түйгені мол, өзі шешен, өзі би Бәйірбектің бауы­рында өскен Пірәлі де жастайынан ел ісіне араласып, жақсымен де, жаманмен де кездесіп, түрлі дауға қатысып, сөзбен де, үлгілі іспен де тәрбиеленген жан болған екен. Өз әкесі Жайлау Пірәліұлы 1917 жыл­ғы Ақпан, Қазан төңкерістерін, аласапыран алмағайып заманда туған халқының тағдыр-талайына арашашы болған Алаш қозғалы­сын, қазақ даласындағы ақ пен қы­зылдың соғыстарын, қазақ да­ласына Кеңес үкіметінің орнауын, 1920-1921 жылғы ашаршылық­тарды, 928 жылғы кәмпеске нау­қанын, т.б. көрген, «байдың ұр­пағы» деген жалған жаламен жа­сында қудаланған Алаш зиялы­ларының бірі еді. Серік Жайлауұлы қай қызметте болса да өз атына, ары мен беделіне титтей де дақ түсірмей абыроймен алып жүрді. Сол кездегі С.Киров атындағы ҚазМУ-дың Химия фа­культетін тәмамдап, еңбек жолын Қазақ КСР ҒА-ның Химия инс­титутында кіші ғылыми қызметкер болып бастады. Әр жылдары Білім және ғылым министрлігінде жа­уап­ты қызметтер атқарды. Ман­саптық жолда сатылай өсіп Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінде комитет төрағасы, Жоғары және орта арнаулы білім басқарма басшысының орынба­сары сияқты жауапты лауазымдарға тағайындалды. Әрине, бұл қызмет­терге ол өз ісіне деген адалдығы мен табандылығын, жанкешті еңбекқорлығының арқасында қол жеткізді. Еліміздің егемендікке жаңадан ие болып, қаржылық дағдарыстың қыспағынан арыла қоймаған қиын кезде, яғни 1999 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педа­гогика­лық институтына ректор болып келуі оның еңбек жолындағы аса бiр маңызды кезең болатын. Жас ректор алғашқы күннен бастап институтты заман талабына сай қайта жаңғыртуға, жаңалықтар енгiзуге, игілікті өзгерiстер жасауға барынша белсене кірісті. Оқу орнында жаңа заманның талабына сай көптеген құрылымдық өзгерiс жасады. Қазақтың мемлекеттiк қыздар педагогика институтын­да­ғы басшылық қызметiн абыроймен атқарған еңбегі еленіп, 2003 жылы Түркістан қаласындағы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ректор болып бекітілді. Түбі бір түркі бауырлас екі ел арасындағы оқу орнын қа­лыптастыруға да үлес қосты. Ұлт­жанды басшы Серік Жайлау­ұлы­ның тікелей басшылығымен уни­верситеттің бас ғимараты салына бастады. Оқытушының әлеуметтік жағ­дайы көтерілмей, білім беру са­ласында сапа болмайтынын жақсы білетін ұлтжанды басшы универ­ситет қалашығынан «Ұстаздар қалашығының» бой көтеруіне себепші болды. Мұндай батыл қа­дам, қарқынды қимыл тек ұлтын сүйген, елінің ертеңі үшін қандай қиындықтан да қашпайтын нағыз парасатты азаматқа тән қасиет болса керек. Ұстаздардың ұстазы атанған С.Пірәлиев сол аз ғана уақыттың ішінде оқу орнының оқы­тушылар құрамын ғылымға ын­таландырып, бес мамандық бойынша диссертациялық кеңес ашты. Оқытушылардың диссертация қорғауына қолайлы жағдай жаса­ды. Ғылыми жетекшілерді универ­ситетке тартып, олардың еңбегін ескерусіз қалдырмады. Осындай орда бұзар ойлы істері, ел жадында қалар қасиетті қызметі С.Пірә­лиевтің жүрген жеріндегі ізгілік іздерін көрсетері сөзсіз. 2008 жылы Президент Жарлығымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетіне ректор бо­лып тағайындалды. Абай атындағы университетті Қазақстандағы пе­дагогикалық жоғары оқу орын­да­рының көшбасшысына айналды­руды көздеген басшы оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен қызмет бағытын қазіргі заман талабына сәйкестендірді. Оқу ор­нында осы уақытқа дейін болмаған «Абайтану» ғылыми-зерттеу орта­лығын ашты. «Абайтану» пәні оқу жоспарына еніп, оқыту бағдарла­масы жасалып, орта және жоғары мектепте оқытылатын «Абайтану» пәні бойынша электронды оқулық жарық көрді. Алаш қозғалысының 90 жыл­дығына орай «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, Алаш қайраткерлерiне арналған универ­ситет ғимаратында мемориалдық тақта орнатылды. «Бiлiмнiң жа­ңартпа технологиялары мен маз­мұны» атты ғылыми-зерттеу инс­титуты ашылды. Бiлiмнiң маз­мұ­нын жаңа ғылыми жетiстiктермен байыту үшiн «Психология», «Әде­биеттану және тiл бiлiмi», «Қол­дан­балы физика және матема­ти­ка», «Ақпараттық технология» инс­титуттары мен «География және экология», «Этнокөркем мә­дениет» ғылыми-зерттеу орта­лық­тары ұйымдастырылды. Бұл құры­лымдар бiлім мен ғылымның ара­сын жақындатып, оларды инте­грациялау процесiнде күні бүгінге дейін үлкен рөл атқарып келеді. Осынау еңбектері көрнекті ғалым, ҰҒА-ның академигі Серік Пірәлиевтің өз ісіне асқан адал­дығын, кәсібіне деген шексіз сү­йіспеншілігін, жанкешті ең­бек­қор­лығы мен жауапкершілігін та­нытады. Қайда жүрсе де жаңалық­тың жаршысы, игі істің бастама­шысы болған Серік Жайлауұлының бойындағы ана сүтімен берілген кісілік келбеті, тектілігін танытты. Ғұлама ғалым Серік Пірәлиевтің артында қалған өшпес мұрасы 6 ғылыми жаңалығымен қоса, 200-ден астам ғылыми мақаласы келешекте талай ұрпаққа рухани азық болады. Қазақстан Білім беру ісінің үздігі, А.Байтұрсынұлы атын­дағы алтын медальдің, Ка­пица атындағы күміс медальдің, «Құрмет» орденінің иегері болуы академик С.Пірәлиевтің бүкіл саналы ғұмырын ұлттық білім мен ғылымға арнаған еңбегінің мем­лекет тарапынан жоғары бағалан­ғанын байқатса керек. Расында да, ол кісі өз ортасына мәдениетті, әдептілікті, сауат­ты­лықты ұстаздық ұлағатымен ғана емес, жеке басындағы жоғары тектілігімен де танылған тұлға бола білді. Өзі басшылық еткен барлық жоғары оқу орнында ұлттық тәр­биені басты қағида тұтты, ұлтты өсіретін, ұрпақты тәрбиелейтін қыз балалар тағдыры мен тағы­лымына жайбарақат қарай ал­майтын. Оның әрбір қоғамдық, қайраткерлік ісінен қазақы иісі аңқып тұратын. Әттең, осындай жақсы істерімен, өнегелі өмірімен ел есінде қалған көрнекті ғалым, академик Серік Пірәлиевтің не­бәрі 70 жаста айықпас дерттен көз жұмуы жаныңды ауыртады. Десек те, оның өшпес өнегелі өмірі ел есінде мәңгі сақталатынын көңілге медеу тұтамыз.

Алматы қаласы