Қақтығыстың ақиқаты қашан айтылады?
Қақтығыстың ақиқаты қашан айтылады?
128
оқылды
Қордайдағы қақтығысқа түрт­кі болды делінген төбе­лес­ке қатысушылар қамауға алын­ды. Бұл жайында апта ба­сында еліміздің Бас про­ку­ра­турасы мәлімдеді. Ха­бар­лама мәтініне сүйенсек,  бұл қылмыстық іс айыптау актісі­мен сотқа жолданыпты. Жалпы, еліміздің Бас про­ку­­ра­ту­расы 7 ақпан күні полицейлерге бағынбай шатақ шығарған аза­мат­тарды Қордай оқиғасына бас­ты себепкер ретінде көріп отыр­ған секілді. Өйткені құзырлы ор­ган хабарламасында: «7 ақпан күні тәр­тіп сақшылары Сортөбе ауы­лын­да Л.Воингуй есімді азаматтың иелігінде болған Honda Odyssey автокөлігін тоқтатқан. Автокөлік жүргізушісінің құжаттары өзі­мен бірге болмағандықтан, Л.Вои­н­гуйді полицейлер поли­­ция бөлімшесіне алып бар­мақ­­­шы болған. Алайда ол тәр­­тіп сақ­шы­ларының заңды та­ла­бына бағын­бай, өзінің үйі­не қарай жүріп кет­кен. Кейін өзі­нің ағайын­да­ры­­­мен бірге заң өкіл­­деріне күш көр­­сетті. Бұл сәттің видео­жазбасы әлеу­­меттік же­лі­лер­де тараған» де­лінген. Сондай-ақ аталған жайт бо­йын­ша Бас прокуратураның ар­найы прокуроры Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-тармағы (Билік өкiлiне қатысты күш қол­дану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген. Күдікке ілінген ағайын­ды үш жігіт өздеріне тағылған айып бойынша кінәларын мо­йын­­­даған. Ал іс 14 ақпан күні Қор­­­дай аудандық сотына жол­дан­ды. Алайда бұл тұста назар ауда­ратыны, күдіктілерге «билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша ғана айып тағы­лып отыр. Ал еліміздің Бас про­­­­­куратурасының мәлім­де­ме­­­сінен осы азаматтар Қордай қақты­ғы­сы­на тікелей кінәлілер ретінде көр­сетіліп тұрғандай. Әрі бұл жаз­баға қарап жамбылдық жұрт­шылық «ұсталғандарды қатаң жазаға тарту керек» деп сот үкімі шықпай, кесімін айтуда. Осы орайда, мәлімдеменің ресмилігіне көз жеткізу және ұсталғандарға қа­тысты өзге де ақпаратты анықтау мақ­сатында ең алдыман Жамбыл об­лыстық прокуратурасына ха­бар­ластық. Құзырлы органның баспасөз қызметі еліміздің Бас про­­куратурасы таратқан ақпа­рат­тың ресмилігін растады. Алай­­да одан бөлек мәлімет бере ал­майтынын жеткізді. Облыстық поли­ция департаментіне қоңырау шалғанымызда олардан да жоға­­рыдағыдай жауап естідік. Үкі­меттік комиссияны Қордай ау­да­­­­нына бастап барған, қазіргі таң­да Жамбыл облысының әкімі қыз­метін атқарып отырған Бер­дібек Сапарбаевтың көмек­ші­лері­нен толыққанды ақпарат білуге тырысып көрген едік, ондағылар да мардымды жауап бермеді. Содан Қордай ауданындағы қақ­ты­­ғысқа байланысты жуырда ауыл ақсақалдарынан құрылған «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы Әбдібек Сейілхановқа хабарласып, мән-жайды сұрадық. – Ұсталғандар жайлы естіп жа­тырмын. Сортөбе ауылының аза­маттары деген ақпарат бар. Алай­да олар туралы толық мәлімет бізге де айтылмауда. Негізі құқық сала­сының қызметкерлері Қордай­дағы жағдайды белгілі бір адамдар ұйымдастырған деген мәселеге әкеліп тіремекші. Бірақ мұның артында ешкім тұрған жоқ. Бұл халықтың ішінен шыққан назы мен шыдамның шегі. Сондықтан біреуді жазаға тартып, жағдайды қалыпқа келтіреміз деу дұрыс саясат емес. Бізге қазір ұлттар ара­­­сындағы қарым-қатынасты қай­­та орнатып, оқиғаның салда­ры­­­­мен күресу керек. Егер ауыл аза­­маттары бір бітімге келсе, онда ешкімді жазаламай-ақ ауыл­­дардағы жағдай өздігінен тұрақ­та­на­ды, –дейді «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы. Әрине, тергеу амалдарына бай­ланысты көп мәлімет құпия сақ­талатыны белгілі. Алайда қа­зір қара халық қақтығыс болған күн­нің ертесіне ұсталған 47 адам­­­ның 44-і босатылғанымен, қал­­ған үш азаматқа қатысты ақпа­рат болмағанын айтады. Сон­да қамауда қалған 3 азамат поли­цей­лермен жанжалдасып, қа­мақ­қа алынған жоғарыда атал­ған ағайын­ды­лар ма? Әлде, тергеуде отырған біз білмейтін өзге де азаматтар бар ма? Біздің бұлай деуімізге еліміздің Ішкі істер министрінің бірінші орын­басары Марат Қожаевтың Қор­дай оқиғасына қатысты жаса­ған мәлімдемесі түрткі болды. Вице-министр өз сөзінде: «Бүгінде жүздеген адамнан жа­уап алынып, процессуалды іс-қи­мылдар, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Барлық процессуалды дәлелдер алынғаннан кейін, кінә­лі­лер жауапкершілікке тарты­лады», – деді. Сонда әу баста «47 адам ұсталды» деп ақпарат тараты­лып келгенде, Марат Қожаевтың жауап алынған 100 адамы қайдан шықты? Бұдан бөлек, министрдің бірінші орынбасары қозғалған қылмыстық істердің саны өте көп екенін де атап өтті. «Күн сайын қылмыстық іс қо­сы­луда. Өздеріңіз білесіздер, адам өлтіру фактісі бойынша қыл­мыстық іс қозғалды. Жап­пай тәр­тіп­сіздікке, ұрлық, қарақ­шы­лық, тонау фактілеріне қатысты қылмыстық іс бар. Түрлі эпизодтар бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс тіркелді», – деді М. Қожаев. Дегенмен ол тергеу амалдары­ның қашан аяқталатыны туралы нақты жауап бермеді. «Уақыт көрсетеді. Тергеудің жалпы мерзімі қылмыстық-процессуалдық заң­на­ма бойынша екі ай. Егер де қо­сым­ша зерттеу қажет болса, тағы да сараптамалар тағайындау кере­гі туындаса, онда бұл мерзім заң­намаға сәйкес ұзартылуы ықти­мал», – деді вице-министр. Тағы бір жайт, Ма­рат Қожаев «Қордайдағы қақ­ты­­ғыс қолдан жасалуы мүмкін» деген нұсқаға қатысты да бір шын­дық­тың ұшын шығарып кетті. «Қарт кісінің соққыға жы­ғы­лу оқиғасы бойынша кінәлілер анық­­талып, ұсталды, қамалды. Қал­ған арандатушылар мен айтақ­тау­­шыларға қатысты ақпаратты сәл ке­йінірек аласыздар. Себебі қазір тергеу жүріп жатыр», – деді М.Қожаев. Демек, жоғарыда аталған 90 қыл­мыстық іс бойынша тергеуге алын­ған өзге де азаматтар бар деген сөз. Сондай-ақ вице-ми­­нистр арандатушылар мен ай­тақ­­­таушылар туралы ақпарат­тың кейіннен берілетінін тілге тиек еткеніне қарағанда, бұл қыл­мыс­тық баптар бойынша да нақты күдік­­тілер қолға түсіп отырған сыңайлы. Және қазір бұқараны «қаза тапқан 11 адамның өліміне кім кінәлі?» деген сауал мазалап отырғаны анық. Бұл жайында алдағы уақыт­та құзырлы орган өкілдері толыққан­ды мәлімет береді деп сенеміз.    width= Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы