Алматы облысы әкімінің халық алдындағы есебі туралы жазғанымызда, жиын соңында талдықорғандық тұрғынның арызын тыңдаған Баталов қала әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаровты өткен жылы қарашада берілген тапсырманы орындамағанына байланысты көпшіліктің көзінше біраз сілкілеп алып, «арызыңды жаз да, қызметтен кет» дей келе, қасында тұрған облыс орталығы басшысына «өзіңе мықты орынбасар тауып ал, мынауың демагог» дегенін келтірген едік. Іле-шала басшысының сөзіне түсінік берген баспасөз хатшысы да лауазымдық міндетін орындауға жүрдім-бардым қараған орынбасардың орнынан алынатынын жариялаған болатын. Дегенмен облыс басшысы да, оның хатшысы да асығыстыққа жол берген сыңайлы. Қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушыларды тасымалдау, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, сертификаттау, стандарттау және метеорология, санитарлық тазалық, абаттандыру, су құбыры, энергетика, телекоммуникация, төтенше жағдай, аумақтық және азаматтық қорғаныс сынды қай кезде де күйіп тұратын салаларға жауапты Асхат Қалиасқаровқа былайғы кезде лауазымды тұлғаларды жақтай қоймайтын көпбалалы аналар араша түсті. Әкімнің ашу да қайтып қалғандай... Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаров арыз жазбапты. Есеп беруден соңғы кездесуді бүкіл ақпарат құралдары жедел таратып жібергенінің арқасында оқиғадан дер кезінде құлақтанғандардың біреуі әкімді құптап, енді біреулері орынбасарға жанашырлық танытқанын көрдік, естідік, оқыдық. Көпбалалы аналар да қарап қалмай, облыс әкімдігіне хабарласып, бір тұрғынның арызы бүкіл қалалықтардың пікірін білдірмейтінін, өздері түрлі мәселелермен қала әкімдігіне жиі барғанда, түсіністік танытып, қолынан келгенше көмек көрсететін лауазымды тұлғалардың бірі Қалиасқаров екенін жеткізеді. Әлеуметтік желілер арқылы өңір басшысына жеке-жеке хат жазып, қала орынбасарын орнында қалдыруды сұрайды. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген, ақыры тұрғындар талабы ескеріліп, орынбасарды орнында қалдыру туралы шешім қабылданыпты. Болат АБАҒАН, Алматы облысы