Қазақстандық аралас жекпе-жек майталманы Жалғас Жұмағұлов әлемнің ең үздік ұйымы UFC-мен келісімшартқа отырды. Файтер ең жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Бұл жайлы көптеген қазақстандық және ресейлік спортшылардың менеджері Саят Әбдрахманов хабарлады. Әзірге келісімшарттың неше уақытқа және қанша жекпе-жекке жасалғаны туралы ақпарат жоқ. Оған қоса Жалғастың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қашан өткізетіні де белгісіз. Әзірге белгілісі, 31 жастағы спортшы UFC-дің алдағы турнирлерінде бірінші сегізбұрышқа шығып қалуы мүмкін. Өйткені Жалғас АҚШ-қа визасын жасап жатыр. Осы себепті қазақ спортшысын UFC FN 172 турнирінде көріп қалуымыз ғажап емес. Жарыс 11 сәуір күні АҚШ-тың Портленд қаласында өтеді. Бұған дейін Жалғас Жұмағұлов UFC-мен келісімшартқа отыра алмаса, Fight Nights Global ұйымынан кетіп, мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Спортшының өзі Fight Nights Global ұйымынан кетуі неге ұзаққа созылғанын түсіндіріп берген болатын. Жалғас өз сөзінде «чемпиондық белбеуді кездейсоқ жеңіп алмағанын, ұйымдағы ең мықтыларды жеңе алатынын дәлелдеп болған соң ғана кететінін» айтқан еді. Дегенмен қазақ жанкүйерлерінің қуанышына орай, Жалғас Жұмағұлов пен оның командасы әлемдегі ең беделді ұйым – UFC-мен келісімшарт жасай алды. Ал қазақстандық спортшының жұмысын тәжірибелі менеджері Саят Әбдрахмановтың жүргізетінін ескерсек, Жалғастың дебютін жақын арада көріп қаламыз. «Жако» (лақап аты) кәсіпқой ММА спортына 2014 жылы келген. Осы уақытқа дейін 16 жекпе-жек өткізіп үлгерді. 13 кездесуінде қарсыласынан басым түссе, 3 жекпе-жегінде жеңіліс тапты. 6 жылдың ішінде Жалғас Жұмағұлов біраз промоушендерде жекпе-жек өткізіп үлгерген. Дегенмен тек Fight Nights Global ұйымында үлкен жетістіктерге жетті. Дәл қазіргі сәтте Жалғас Жұмағұлов әлемдік рейтингте өз салмағында 21-ші сатыда тұр. Қазақстандық спортшының алдында тек UFC мен Bellattor ұйымының өкілдері бар. Сондай-ақ қазақстандық спортшылардың ішінен Жалғас Жұмағұлов екінші болып UFC-мен келісімшартқа отырғанын айта кеткен жөн. Бұған дейін «Номад» лақап атымен танымал Шавкат Рахмонов осы ұйыммен келісімшарт жасасқан. Оның алғашқы жекпе-жегі 21 наурызға жоспарланған. Барыс НҰРЛАН