Димаш Құдайберген өзінің үлкен гастрольдік сапарын 17 ақпанда Краснодар қаласынан бастады. 7 500 адамға арналған «Баскет Холлда» өткен концертке келгендердің көптігінен залда ине шаншар жер болмаған. Ал 20 ақпан күні Димаштың жаңартылған Arnau 2020 турнесі Татарстан астанасында жалғасты. Қазанда өткен концерт туралы әншінің фан-клубтары мен Татар-информ агенттігінен хабардар болып отырдық. «Татнефть Аренада» өткен концерт көрерменге лық толған. Димаш татар еліне ата-анасымен бірге келді. Қазан әуежайында Димашты жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды. Олардың арасында Татарстанның тұрғындарымен бірге Канада, Финляндия мен Қазақстаннан фанаттар болған. Димаш үшін дайындалған сыйлықтардың арасында башқұрт халқының музыкалық аспабы құрай да көзге шалынады. Татар-информ агенттігінің жазуынша, Димаш өзін көруге арнайы келген ардагерге көңіл аударып, онымен амандасып, қол алысқан. Фотоға түсер кезде көзілдірігін шешіп, ізет көрсетіпті. Қазандағы концертте Димаш Құдайберген бір әнін өзінің жанкүйері, онкологиялық дерттен көз жұмған татар қызы Лейсан Сейтназароваға арнады. Лейсан әнші шығармашылығын жан-тәнімен ұнатқан. Димаш 2019 жылы науқас қыз WorldSkills Kazan шарасының жабылу салтанатына бара алмағандықтан, хосписке арнайы барып, онымен кездескен еді. «Лейсан өзіне сүйікті орындаушысы келетінін соңғы сәтке дейін білген жоқ. Кейін кездесуді ұйымдастырушылар оның таңғалған күйін айтып жеткізуге лайық сөз таба алмаған. 21 жастағы Лейсан Димашпен кездескеннен кейін төрт айдан соң көз жұмды. Димаш оның ең асқақ арманының бірін орындады. Концертте әнші Лейсанды әлі ұмытпағанын айтып, оны «қарындасым» деп атады» деп жазды Татар-информ. Димаштың әлемдік турнесі аясындағы концерттері Ресейдің Екатеринбург, Латвияның Рига, Украинаның Киев, Германияның Гамбург, Дюссельдорф, Штутгарт, Чехияның Прага, Беларусь мемлекетінің Минск қалаларында жалғасады. Тұмар МЫРЗА