Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылысы бірнеше жылға созылған үш көппәтерлі тұрғын үйдің үлескерлерімен кездесті. Бұл туралы әкім Instagram парақшасында жариялады.
"Үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездестім. Олар – Future home, «Арыстан», «Зере-2» тұрғын үй кешендері. Бұл тұрғын үй кешендері ең күрделі болып саналады. Жалпы алғанда, мұнда жылдар бойы 600-ден астам үлескер отбасы өз кілтін күтіп жүр.
Мәселен, Future home тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Нысанның өзі 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Бұл тұрғын үй кешенінде 200-ге жуық үлескер отбасы бар. Нысанның дайындығы 40%-ды құрайды. Осы орайда екі блокты бұзуға тура келгенін айта кеткен жөн. Себебі құрылыс жұмысын қайта бастау үшін жарамсыз деп танылған болатын.
«Арыстан» тұрғын үй кешенінде 450-ге жуық үлескер отбасы бар. Бұл көппәтерлі тұрғын үй кешені проблемалы құрылыстың ірі нысандарының бірі болып саналады. Оны беру кезінде нысанның тек 20-30%-ы ғана дайын болған еді. Тұрғын үй кешені бірнеше блоктан тұрады, оның бір бөлігі аяқталды, шамамен 270 үлескерге баспана кілті табысталды. Қалған блоктарды да аяқтаймыз. Сол сияқты кездесуде тұрғындар нөсер кәрізін салу, жылы аялдама орнату, қосымша автобус бағытын іске қосу секілді өзге де мәселелерді көтерді.