Қажымұқанның бәйбішесі, Шоқан Уәли­ханов­тың ұстазы, Мұхтар Әуезовтің достығы жайында ел білмейтін деректер
Қажымұқанның бәйбішесі, Шоқан Уәли­ханов­тың ұстазы, Мұхтар Әуезовтің достығы жайында ел білмейтін деректер
Кеше Ұлттық академиялық кітапханасында Марғұлан Баймұхан мен Жандос Каринбаевтың «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітабының таныстырылымы өтті. Негізі, бұл еңбек Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына, сондай-ақ биыл аталып жатқан Қа­зақ­стан мен Польша арасындағы дип­ло­матиялық қатынастың орнауына 30 жыл толуына арналған. Бұл еңбектің алдымен қазақшасы жа­зылып, кейін аудармасын жасаған. Он екі бөлім­нен тұратын еңбекте екі елдің біртума аза­маттары туралы тың деректермен қамтылған. дерек Бүгінгі Қазақстан мен Польша екіжақты байланыстың жыл санап артып, өзара ынтымақтастыққа үйлесіп, бауырластыққа бой алғаны бәріне мәлім. Тамыры тереңге жайылған қазақ-поляк байланысы кеңінен тарқатса, тарихи құндылықтарға өте бай. Осындай тың деректер осы еңбекте жинақталған. Мысалы, революционер ретінде белгілі Адольф Янушкевич негізі  өз халқының азаттығы үшін күресіп, артынан сол үшін тұтқындалған. Алайда көпшілік оның қа­зақ даласына жасаған саяхатын, жолында жүздескен, сыр шерткен тұлғаларын біле бермейді. дерек Жандос Каринбаевтың айтуынша, Янушкевичтің еңбегінен көптеген қызық деректер тапқан. – Мысалы, оның екі бауыры кө­­­теріліске қатысқан үшін Еуро­па асып өлтіреді. Сөйтіп, Януари деген бауыры қара шаңы­рағында қалады. Густав Зелинский «Қазақ» поэмасын жазғанда қатал сын­шының рөлін атқарып, оның еңбегін тек­серіп, түзеген жақын до­сы Адольф Янушкевич болған. Ал сол еңбектің басылуы­на жаңағы Януари үлкен септігін тигізген. Екіншіден, Янушкевич Абы­лай ханның баласы Сүйік сұлтан келе жат­қанда қазақтың музыкасы ойнағаны туралы жазады. Осыдан-ақ қазақта хан-сұл­тандарды күтіп алудың қалыптасқан дәс­түрі, белгілі бір протоколы болғанын аң­ғартады. Сосын тағы бір мәлімет – Янушкевич 150 жыл бұрын саяхат кезінде «Ақмола – тұтас даланың келешек астанасы» деп айтқан. Оның бұл жазбасын оқып, болашақты болжап, сараптама жасаған қабілетіне таңғалдым. Оған қоса, ол айдауда болған жиырма жылдың ішінде анасы, бауыры мен достарына 600-ге жуық хат жолдапты. Соның бәрін анасы көзінің қарашығындай сақтап, оның жария болуына келіспеген. Кейуана дүниеден өткен соң ғана бауырлары сол хат­тары мен күнделігін үлкен еңбек етіп шы­ғарып, шағын таралыммен басып шы­ғарған. Қызығы, осы кітапты жазу кезінде Шоқан Уәлихановқа тарих пәні­нен сабақ берген, ұлты поляк ұстазы Глярий Гон­севскийдің Вильнюс қаласында жер­ленгенін анықтадық. Ол туралы зерттеу жүр­гізген поляк ғалымдары зиратқа инвен­таризация жасаған. Алайда оның дәл сол зиратта жерленгенін анықтап, ғылыми дә­лел­дер арқылы бірінші болып біз жаздық, – дейді кітаптың авторы Жандос Каринбаев. дерек Сон­дай-ақ кітапта айдауда жүр­ген кезінде қа­зақ­тар жайында ал­ғаш­қы поэма жаз­ған Густав Зе­линс­­кий, сая­хат­шы, сурет­ші, Маңғыстауда айдауда бол­ған Бро­нислав Залесский, Алматы қала­сы­ның дам­уына ерекше із қалдырған архи­тектор, ин­же­нер Ян Козелл-Поклевский, ұлы Абаймен дос­тық байланыс орнатқан Северин Гросс, му­зыка зерттеушісі, компози­тор, этнограф Алек­сандр Затаевич туралы тар­­қатып жазылған. Интеллигенция өкіл­дерінен бөлек, патшалық кезеңде қазақ даласында дәрі­гер болған поляктар, сон­дай-ақ біздің дәрі­гер­лер туралы мә­лі­меттер де енген. Соның ішінде айтар болсақ, Вар­шавада оқы­ған қазақтар, яғни Қа­зақ­стан­ның тұң­ғыш прокуроры Қанай Боранбаев, ве­теринар-ғалым Әбілмәжін Күшіковті де ұмыт қалмаған. Тіпті, бұл еңбекте Қажымұқанның бәйбішесі, ұлты поляк Бәтима туралы да тың деректер бар. – Келесі бір қы­зық мәлімет: әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Чеслав Милош поляк­тың танымал ақыны, жазушысы Алек­сандер Ваттан алған сұхбаты кітап болып шығады. Сонда Александер КСРО-мен арада­ғы келісім бойынша Алматыда отбасымен та­бысуға мүмкіндік алғанда Мұхтар Әуе­зов үйіне шақырып, оны қонақ қылған екен. Соны ол «Лев Толстойға тең келетін қазақтың жазушысы Мұхтар Әуезовтің үйінде қонақта болдым. Ком­мунистік-социалистік индоктринадан алыс еке­ні байқалады. Үйі кең, бір шетінде фор­тепиано тұр. Сөрелерінде Гетенің еңбектері тұр. Менімен сөйлескенде поляк халқының тари­хын жақсы білетінін аңғардым» деп тың естелік айтады. Ал оның әйелі Ола баласымен бір­ге ШҚО-ның Күршім аймағына жер ау­дарылған кездегі жергілікті қазақтардың қам­қорлығын былайша еске алады: «Әдеп­кіде совхозда барақта тұрдық. Сосын күн суып кеткен соң қазақтардың үйінде жат­тық. Бір күні үйде отырғанда денем қалты­рап, қатты ауырып қалдым. Үй иесі қазанда бұрқылдап қайнап, бетінде майы қалқып тұрған сорпаны үлкен кесеге құйып, оған айран қосып, маған берді. Әдетте, қолыма түс­кен тағамды бірінші балама беруші едім, осы жолы алдымен өзім ішіп көргім келді, іштім. Сонда әр жұтымын ұрттаған сайын тұла бойыма қурап қалған, тақырға айналған далада толассыз жаңбыр жауып өткендей әсерін тигізді. Ертесі айыққанымды сезіндім». Міне, кітап осындай тың деректерге бай, – дейді Жандос Каринбаев. дерек Кітаптың екінші авторы Қазақстанның Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтығындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ пен Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымындағы (NATO) миссия жетекшісі Марғұлан Баймұхан сөз сөйлеп, бұған дейін кітаптың тұсаукесері Варшавада өткенін тілге тиек етті. – Екі елдің арасындағы тығыз қарым-қатынасының түп тарихын, тың деректерін анықтап, көрсетпек болдық. Әсіресе, әлемге белгілі тұлғалардың мемлекетаралық байланыс орнатуға қаншалықты ықпал еткенін, екі ел арасындағы татулықтың нығаюына себепкер болған факторларды көрсетуге тырыстық. Бұл еңбекті жинақтауым Қазақстан елшілігінде істеп жүргенімде бастаған едім. Артынан Жандос мырзамен Польшада кездейсоқ жүздесіп, арман-тілегіміздің бір жерден шыққаны бізді тоғыстырды. Нәтижесінде, осындай үлкен еңбектің жинақтауына себепкер болдық. Мысалы, Мұстафа Шоқай жайында мәліметтер өте көп. Мұстафаның атасы Торғай датқадан: Шоқай Қалымбет, Әліш және Осман атты перзенттер тарайды. Әкесі Шоқай қайырымды ісімен, байсалды мінезімен, әділ сөзімен ел ішінде беделі зор болған. Сондықтан Шоқайдың  әкесі Торғай датқадай мансабы болмаса да, ел іші оған би атағын беріп, Шоқай би атаған екен. Бәйбішесінен ұрпақ сүймегендіктен, екінші рет үйленіп, әйелдікке Мұстафаның анасы Бақтыны алады. Ол – Бақты хан әулетінің өкілі, арабша хат таныған, жыр-дастанды жатқа білген, көзі ашық жан болыпты. тіпті, бір деректерде оның орыс отаршылдығына қарсы жорықтарға қатысқан жауынгер қыз ретінде айтылады. Сөйтіп, Шоқайдың бес перзенті, үш ұл мен екі қызы осы – Бақтыдан. Ал Мұстафа – отбасының төртінші перзенті. Эммиграция жылдары Мұстафа өзінің ата-анасының маңында өткізген уайымсыз балалық шағын жиі еске алып отырған. Мұны өзінің жары Мария Яковқызына жазған хаттарының бірінен көруге болады: «Сен білесің бе, менің шешем (әкесінің бірінші әйелі) туған анам болмаса да, мен оны өзімнің туған анамдай жақсы көремін. Ол идеал ана еді. Бала кезімде шешекпен ауырғанымда үш апта бойы менің жанымнан кетпеген есімде. Мені аяғына салып, ұдайы күтім жасады. Оның жанашырлығы арқасында біз тәні де, жаны да сау болып өстік. Мені өзі жуындырып, киіндіретін және мектепке шығарып салатын. менің әрбір жетістігіме қуанушы еді», – дейді Марғұлан Баймұхан. дерек Кітаптың таныстырылымына қатысқан Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич, Мұхит – Ардагер Сыдықназаров, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Дипломатия институтының директоры Алексей Волков өздерінің жылы лебізін білдірді.