«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен қолға алынған AMANAT LIDER пікірсайыс турнирінің іріктеу кезеңі Сарыағаш ауданында өтті. Жобаның мақсаты – партиялық кадрлық резервті жасақтау, қоғамның өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға ықпал ететін жаңа белсенді тұлғаларды айқындау, ораторлық мәдениет пен интеллектіні, құқықтық сауаттылық пен саяси белсенділікті қалыптастыру және дамыту мақсатындағы дебат алаңын қалыптастыру. 2 кезеңнен тұратын тартысты бәсекеде 6 спикер белгіленген тақырыптар бойынша өз позицияларын ортаға салды. Түрлі сала өкілдері қызығушылық танытқан партиялық жобаға білім саласының мамандары, медицина саласының қызметкерлері, ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары, БПҰ төрағасы және БАҚ өкілдері бақ сынады. Спикерлер бірінші кезеңде «Жаңа Қазақстанды» құрудағы «AMANAT» партиясының рөлі» тақырыбына қатысты пікірлерін білдірсе, екінші кезеңде «Ауданның өзекті мәселелері және шешу жолдары» тақырыбы аясында спикерлердің ұсыныстары тыңдалды. Сұрақты тұжырымдауға 20 секунд, ал жауап беруге 3 минутқа дейін уақыт берілді. Қарсыластар бір-біріне сұрақтар қойып, тақырыптардың мәнін ашты. Турнир ережесіне сай дебат 5 балдық жүйемен бағаланып, төрешілер жеңімпаз деп таныған 4 спикер келесі кезеңге өтті. Пікірсайыстың қорытындысы негізінде 3-орынды Нұрсұлтан Әміре иеленсе, Уәлихан Оңғарбаевқа 2-орын бұйырды. Ал Дәулет Тайрахұнов жеңімпаз атанып, облыстық деңгейде өтетін додаға жолдама алды. Ой додасына қатысушылар «AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Қыстаубаевтың қолы қойылған дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.