«Бейбітшілік ағашы» таныстырылды
«Бейбітшілік ағашы» таныстырылды
Сенат Төрағасы, Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшы­лы­ғының басшысы Мәулен Әшімбаев «Бейбітшілік ағашы» инсталляциясын көпшілікке салтанатты таныстыру рәсіміне қатысты. Елордада бой көтерген өнер туындысына әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ізгі тілектері мен жолдаулары жазылған. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев съезд дінаралық диалогті жал­ғастыруға елеулі үлес қосатынын және рухани құндылықтарды, диа­лог пен өзара құрмет мәде­ниетін ілгерілету ісіндегі маңызды бастама екенін айтты.
«Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің VII съезі деңгейі мен қатысушылардың саны жа­ғынан да, бүгінгідей әлемдік қо­ғамдастық үшін күрделі кезеңде қаралған мәселелердің маңызы жағынан да тарихи әрі бірегей оқиға болды. Рим Папасы Фран­циск, Әл-Азхардың Жоғарғы има­мы Ахмед ат-Тайеб және бас­қа да әлемдік дін лидерлері қазіргі әлемнің дамуына, диалог, өзара құрмет, бейбітсүйгіштік мәдение­тін ілгерілетуге қатысты өзекті мә­селелерді көтерді. Оның бәрі форумның қорытынды декла­рациясына енгізілді. Осындай тарихи оқиғадан жасампаз естелік ретінде біз екі шығармашылық жобаны қолға алған едік. Оның бірі – Астанадағы заманауи және көпбейінді Бейбітшілік және келісім саябағы. Екінші – әлемдік дін лидерлерінің ізгі тілектері жазылған «Бейбітшілік ағашы» атты инсталляция», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы биыл қыркүйек айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне әлемнің 50-ге жуық елінен 100-ден астам делегат қатысқанын атап өтті. Олардың қатарында ис­лам, христиан, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм, буд­дизм, бахаизм және джайнизм діндерінің өкілдері бар.
«Бейбітшілік ағашы» интерак­тивті өнер инсталляциясы съезд идеологиясына табан тірейтін әлеу­меттік-философиялық қағи­даттардың бірі – әлемдік және дәс­түрлі діндер арқылы жалпы­адамзаттық ортақ құндылықты іздеуді сипаттайды. Жаңа туын­дыға VII съезге қатысушылардың өз қолдарымен жазылған мәтін­дері қосылған. Жобаның авторы – белгілі суретші Лейла Махат.
Айта кетейік, іс-шараға Пар­ламент депутаттары, Қазақстан­дағы бірқатар шетелдік дипло­ма­тиялық миссияның басшылары, жоғары оқу орындарының, діни және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.