Үкіметтің негізгі міндеті – жұмысты үйлестіру
Үкіметтің негізгі міндеті – жұмысты үйлестіру
374
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сы өтті. Жиынға Премьер-Министр Әли­­хан Смайылов, Президент Әкім­ші­лігі­нің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мү­ше­лері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Ал­маты, Шымкент қалаларының және об­лыстардың әкімдері, орталық мем­лекеттік органдардың және ұлттық ком­паниялардың жетекшілері қатысты. Президент өз сөзінде еліміздің биылғы әлеу­­меттік-экономикалық даму мәселелері тал­­қыланып, алда тұрған басты міндеттер ай­қын­далатынын атап өтті.
– Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда эко­номиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда бол­­маған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына жә­н­е әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр. Жуыр­­да өткен Президент сайлауы – бұл ха­лық­т­ың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Аза­маттарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қа­­зір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен се­­німді ақтау – алдымызда тұрған ең басты мін­­дет әрі қастерлі парыз, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент өзінің сайлауалды бағ­дар­ла­ма­сын­да еліміздің жаңа даму бағдары айқын­дал­ғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бір­қа­тар мәселеге тоқталды. Жалған есепті апат әшкереледі Мемлекет басшысы, ең алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселелер Үкімет деңгейінде қара­лады. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар кө­бейген. Петропавл, Теміртау, Степногор, Бал­­қаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қала­ларында болған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, әсіресе меншік ие­лері тиісті қорытынды жасаған жоқ.
– Жақында Екібастұзда болған төтенше жағ­­дай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күр­делі екенін айқын көрсетті. Қызмет­кер­лер­дің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қау­қар­сыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты ре­жим­де, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бір­ақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жат­қа­нын көріп отырсыздар. Ал құзырлы мемле­кет­тік орган – Энергетика министрлігінің еш­­­­қандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сон­дай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұ­мы­сы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қи­мылдап, салғырттық танытты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тозу деңгейі 90 па­йыздан асқан Екібастұз ЖЭС-ін мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсыныс сараптауды қажет ететінін айтты. Оның пікірінше, нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекеттің тиімді басқара алу мәселесін зерт­теу керек. Кәсіпорынның 50 пайы­зын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөн­деуден өткізуді тапсырған жөн. Мемлекет басшысы еліміздегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пай­далануға берілгеніне жарты ға­сырдан асқан. Ал Шығыс Қазақ­стан облысының Риддер мен Ше­мо­наиха қалаларындағы жылу­мен қамту желілері мүлдем тозған. Президенттің айтуынша, энер­гетикалық нысандарды уақытылы жаңғырту ісін бақылауға алу Үкі­метке бірнеше рет тап­сырыл­ған. Әйтсе де, әкімдіктерге де туында­ған мәселені орталыққа ысыра салуға болмайды.
– Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия ке­шенді шаралар әзірледі. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша, оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сме­тасында ескерілгені жөн. Мем­лекет меншігіндегі энергетикалық ны­сандар бюджет есебінен жөн­делуге тиіс. Ал жекеменшік ны­сандарды «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы ая­сында өз қаражаты есебінен жаң­ғырту керек. Үкімет осы міндетті шешуге шұғыл кірісуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бюджетке қоғамдық бақылау жүргізіледі Президент халықтың әл-ауқа­тын жақсарту мәселесіне де баса назар аударды.
– Негізгі тағам өнімдерінің қым­баттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты.Тұрғындардың ақшалай табы­сының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс іс­тейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қам­тыған және жұмыссыз деп көр­сетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құ­жатты қазіргі жағдайлармен сәй­кестендірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өн­дірістік жарақат мәселесі күрделі проблемаға айналып бара жатқа­нына тоқталды.
– Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне қарасақ, компания еңбек, эколо­гия және салық заңнамасын бел­ден басып отыр. Инвестициялық міндеттемелерін де орындамайды. Қоғам әділ, қатаң және шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп жатыр. Бұл мәселені Үкімет бас­шысы тікелей бақылауда ұстай­ды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өзінің тап­сырмасымен инвестициялық жо­балардың бірыңғай жүйесі әзір­ленгенін, алайда биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылғанын жеткізді.
– Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиім­ді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетел­дерде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөз­бен айтсақ, біз дайын инвестор­лардан айырылып қалып жа­тыр­мыз. Тағы да қайталап айтамын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау, яғни жер бөлу, рұқсатнама беру, инфра­құрылыммен қамту – әкімдердің міндеті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент баға белгілеуді ке­лесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік ба­ғасын өсірмеу үшін басты ба­ғыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.
– Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспар­ланғанмен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу ­жос­парланып, соның 87 мың тон­насы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек екеніне назар аударды. Оның пікірінше, елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық эконо­мика құрылады. Президент жиын Бұдан бөлек, Президент бюд­жет саясатына арнайы тоқталды.
– Үкімет бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың ин­вестициялық табысының жар­тысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азамат Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. «Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақы­лаудың басталғанын білдіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы жеті жылда Ұлттық қордың ак­тивтерін 100 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктегенін еске салды. Сондай-ақ ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек екенін ескертті. Сонымен қатар Президент жер қойнауын пайдалану саласында елеулі түйткілдер бар екенін жеткізді.
– Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, жер қой­науын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анық­тады. Мемлекеттік жер қой­науын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мә­ліметтер бар. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келі­сімшарт заңсыз берілген. Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осын­дай 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компа­ния­ларға сутегін берген. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Ауыл жаңғырса, агросектор алға басады Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл­дық жерлерді дамыту мәселесіне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкі­леттігіне кіріскен сәтте, ең ал­ды­мен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды.
– Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бо­йынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шық­ты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңыз­ды. Шаруаларды осыған ынталан­дыру керек. Сондай-ақ тыңайт­қыштың қолжетімді болуын қам­тамасыз еткен жөн. Ауыл шаруа­шылығы өнімін өңдеу ісін жақ­сартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнер­кәсіп кешенін дамытуға 350 мил­лиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту­дың ұлттық жобасындағы жос­парлар орындалмай жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кре­диттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.
– Нақты экономиканы кре­диттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қол­жетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мә­селелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зейнетақы жина­ғының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салым­шыларының құқықтары кеңей­тіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті «ұзақмерзімді қаржы» қо­рын қалыптастырады. Агроөнер­кәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты инс­титуты толықтай цифрланды­рылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіп­орындары үшін сенімді кепіл бо­лады. Экономиканың осы секто­рын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мер­зімін 7 жылға дейін созу мүмкін­дігін қарастырған жөн деп са­наймын. Әрине, бұл экономи­ка­ның тек анағұрлым басым бағыт­тарын қамтуға тиіс, – деді Мем­лекет басшысы.
Сонымен қатар Президент тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.
– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.
Бәрін кадрлар шешеді Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырғанын еске салды. Мұндағы басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.
– Қолданыстағы заңдар мем­лекеттік органдарға толық дер­бестік беріп отырған жоқ. Мы­салы, өз саласында норматив­тік-құ­қықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жү­зінде бекітілуі керек. Тап­сыр­малар уа­қытылы орындалмай­ды. Шешім дер кезінде қабыл­данбайды. Сол себепті өзектілігін тез жоғалтады. Осындай түйткілді шешу үшін заңдарға мемлекеттік органдарға өз саласындағы құ­зыреті шегінде қажетті шара­лар­ды қабылдауға мүмкіндік беретін түзетулер ен­гізіліп жатыр, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы Президент Әкімшілігі жүр­гізген талдау Үкіметтің қызметінде олқылықтар бар екенін көрсет­кенін атап өтті. Мысалы, оның жұмысының жартысына жуығы уәкілетті органдар әзірлеген са­лалық шешімдерді мақұлдаумен шектеледі.
– Үкіметтің негізгі міндеті – жұмысты үйлестіру және оған басшылық ету. Жаңа әкімшілік реформа аясында заң шығару тәжірибесін жаңғырту қажет. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының орталыққа ба­ғыныштылығын барынша азайт­қан жөн. Осыған орай Үкіметке заңнамалық актілерді түгендеуді тапсырамын. Мемлекеттік орган­дардың негізгі міндеттері мен құ­зыреттері ғана заң жүзінде бекітілуі керек. Әр саладағы саясатты әзір­леу, оны жүргізу және бақылау құзыреті Үкіметтен орталық мем­лекеттік органдарға берілуге тиіс. Орталық пен аймақтар арасындағы құзыреттерді бөлу ісін келесі жылы аяқтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аса маңызды ұлттық жобалардың орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жо­балық офисі өз жұмысын баста­ға­нын хабарлады. Сонымен қатар Президент келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалатынын атап өтті. Оның айтуынша, басшылардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адам­дарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттік органдардағы атқару­шы­лық тәртіпті сынға алды. Прези­денттің айтуынша, мем­лекеттік аппарат берілген тап­сырмаларды атүсті орындайды. Түрлі себеппен созбалаңға салып, орындалу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріледі. Жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов елі­міздің даму барысы және келесі жылдың жоспары туралы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты жөнінде, Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Роман Скляр Екібас­тұздағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты баяндама жасады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласы, Маң­ғыстау және Ұлытау облыстары әкімдерінің баяндамаларын тың­дап, әрқайсысына нақты тапсырма берді.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ