Бәсекесіз еңбек өнбейді
Бәсекесіз еңбек өнбейді
Еңбек нарығы ғаламат күйзелісті бастан өткеріп жатыр. Алдымен пандемияда біраз кәсіпорын жұмыссыз қаңтарылды. Бұған ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс қосылды. Ал биыл мобилизациядан қашқан жүздеген мың ресейлік мигрант елімізде орнығып, жұмыс табуға тырысуда. Әлеуметтік желіде «жергілікті жұмысшыларды қуып, орнына ресейлік маман­дар­ды алды» деген шағымдар жетерлік. HR-мамандар мен бух­галт­ерлер мұны ішінара растайды. РФ жұмысшылары тар­тым­ды: салық-аударымдардан босатылған әрі оларға жа­лақыны жасырын, конвертпен төлей салуға болады. Отандық ең­бек нарығында не болып жатыр? Еңбек «майданында» бәрі де тұрақты Қазақстан еңбек саласының биылғы қорытындыларын шы­ғарды. Жасыратыны жоқ, еңбек нарығында түсініксіз, парадоксты жағдай қалыптасқан: бір жағынан шетелден қаптап мигранттар келді, алайда статистика бойынша жұ­мыс қолы керісінше, қысқарды. Республикада ресми мәлімет бо­йынша, жұмыс күшінің жалпы са­ны 9,3 миллион адам, соның ішінде жұмыспен қамтылғандары – 8,8 миллион. Сөйтіп, құзырлы органдардың статистикасына сен­сек, жұмыссыздық кеміді. Яғни, ешқандай стресс, күйзеліс жоқ сияқ­ты. Ресми статистика бұл са­ланы қағаз жүзінде «ұшпаққа шы­ғарды». Онда ереуілдердің, еңбек дауларының, жұмыс берушілер төлемеген еңбекақы берешегінің артқаны еш көрініс бермеген. Еңбекминінің «Еңбек ресурс­тарын дамыту орталығы» (ЕРДО) АҚ бағалауынша, еңбек нары­ғындағы ахуал тұрақты. Биылғы үшінші тоқсан қорытындысында, өткен тоқсанмен салыстырғанда, жалпы жұмыс күші 4,4 мың адамға азайды. Дегенмен Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтушы деген санатты жоя алмады: олардың саны осы тоқсанда 4,6 мың адамға көбейіп, 2,1 миллионға жетті. Әкімдер мы­салы, бұл қатарға екі-үш сиырын сауып, сүті мен қаймағын сататын отбасыларды да қосады. Тағы бір кереғар мәлімет: Ұлттық статистика бюросының мә­ліметінше, 2021 жылдың қоры­тындысында Қазақстан халқының саны 19 млн 126 мыңдай болса, 2022 жылғы қарашада 19 млн 700 мыңнан асты. Демографиялық өсім салмақты. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің дерегінше, Қазақ­станда осы бір жыл ішінде жұмыс күшінің саны небәрі 12,1 мың адамға ғана өскен. Қалғандары қайда? Ол белгісіз. Әр орган өз статистикасын жөн санайды. Тұрақты жалақысы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ­ауыл­да шоғырла­ныпты: 57%-ы сонда тұрады. Де­мек, ауыл-ай­мақ әлеу­меттік кернеу ошағына айналуы тәуекелі зор. Мұны биылғы қаңтар оқиғалары рас­та­ды. Содан бері салада ахуал өз­гермеген: өзін-өзі жұмыспен ­қам­тығандардың шоғырлануы жө­нінен антирейтингте жыл со­ңында да сол бұрынғыдай, Түр­кістан, Алматы, Қызылорда об­лыстары көш бастап тұр. Жалпы саны 751,2 мың немесе барлық өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дардың 35%-ы соларда тұрады. Ал тұрақты еңбекақысы бар жал­дамалы жұмыспен қамту көрсет­кіші мегаполистерде, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстарында басым. Еңбекмині «өңірлерде жұ­мыссыздық деңгейі іс жүзінде өзгерген жоқ» деп отыр. Рес­пуб­лика бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады: жұмыс­сыздар саны 450 мың адамға жуық. Бірқатар өңірде жұмыссыздық үлесі осыдан да жоғары: Маңғыстау облысында – 5,3%, Түркістан об­лысында – 5,3%, БҚО – 5%, Қы­зылорда облысында – 5%, Алматы және Шымкент қалаларында – 5%. Жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Ұлытау (4,1%) және Қа­рағанды (4,3%) облыстарында байқалды. Аспаздар ІТ маманына айналған заман Елімізде экономика салала­рының қайсысы қазақстандық­тарды жұмыспен көп қамтығаны анықталды: бұл рейтингтегі көш басында сауда секторы, ауыл ша­руашылығы, білім беру және өнер­кәсіп салалары орналасқан. Олар­да жалпы саны шамамен 4,8 млн адам немесе елдегі барлық жұ­мыс­кердің 55%-ы табыс тауып отыр. Бір қызығы, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ақпара­тын­ша, биыл жұмыспен қамту бойын­ша ең көп өсімді (+4,8%) өнер, ойын-сауық, демалыс секторы паш етті. Себебі қарапайым: пан­демияның беті қайтты, тойханалар ашылып, той-думандар көрігі қыз­ды. Той-томалақ көркі саналатын асаба, биші, әнші, әртіс, түрлі өнерпаздар қайта дәуірледі. Жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша екінші тұғырға қоғамдық тамақ­тану орындары, яғни сол тойха­налар, мейрамханалар, дәмхана-асханалар (+4,1%) көтерілді. Үштікті көлік саласы (+3,4%) тұ­йықтады. Өйткені биыл санкция қыспағына қалған Ресей аума­ғы­ның оқшаулануына байланысты Қазақстан арқылы Каспий айды­нымен жаһан нарығына жол тар­татын транзиттік жүк көлемі күрт артты. Қынжылтатыны сол, эконо­микаға тірек болатын ірі өнеркәсіп салалары жаңа жұмыс орындарын құруда қуантарлық нәтиже көрсете алмады. Көп секторда жұмыс орын­дарының қысқаруы жалғас­ты. Мысалы, басқа қызмет көрсету салаларында жұмыс орындарының саны 4,8%-ға кеміді. Бұл үрдіс қаржы және сақтандыру қызметі салаларында күшейді: -5,6%. Энер­гетика саласында: -4,9%. Жыл­жымайтын мүлікпен байла­нысты операциялар жүргізу сала­сында: -5,4%. Әкімшілік және қо­салқы қызмет көрсету сала­сын­да: -4,6%. Тағы бір үрдіс-тенденция алаңдатады: жұмыс істейтіндердің табысы азаю үстінде.
«Тоқсан ішінде қазақстан­дық­тардың орташа айлық атаулы жа­лақысы 4%-ға немесе 12,2 мың тең­геге азайды. III тоқсан қоры­тын­дысында ол 299,8 мың теңгені құрады. Дәстүрлі түрде респуб­ли­калық деңгейден жоғары жалақы алатындар Атырау (527 мың теңге), Маңғыстау облыстарында (450 мың), Астана және Алматы қала­ларында (389,5 мың және 338,6 мың), сондай-ақ Ұлытау облы­сында (394,7 мың) тұрады», – деді Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығының (ЕРДО) басқарушы ди­ректоры Александра Молча­новская.
Жалпы, мал ұстап, такси айдап, басқа да жолдармен өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандар сыртында оларға ұқсас тағы бір топ пайда болды. Олар жеке кәсіпкер мәрте­бесінде немесе азаматтық-құ­қық­тық сипаттағы келісімшартпен қызмет етеді, тұтас фриланс нары­ғын қалыптастырды. ЕРДО тал­дауына сәйкес, Қазақстанда 1 млн 49 мың фрилансер бар. Соның ішінде 228,3 мың адам үшін фри­ланс – табыстың негізгі көзі. Ал 820,5 мың адам фрилансер және жалдамалы қызметкер ретінде қатар жұмыс істеді. Арасында әсіресе, блогерлер, IT маман­дары көп. [caption id="attachment_231880" align="aligncenter" width="1531"]еңбек © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Цифрландыру жағдайында елде білікті IT мамандардың тап­шылығы туындаған. Нәтижесінде, тіпті өзге мамандық иелері де ақ­параттық технология маманы бо­лып шыға келді. ЕРДО талдауына жүгінсек, бүгінде 69,5 мың ІТ ма­ман қазақстандық кәсіп­орын­дармен 84,1 мың электрондық еңбек келісімшартына отырған. Яғни, ІТ-мамандардың 21%-ы бір мезгілде бірнеше ұйымдарға он­лайн, қашықтан жұмыс істейді. Оның қаншасы ресейлік рело­канттар екені белгісіз. Осы ақпараттық-коммуни­ка­циялық технологиялар маманда­рының орташа айлық жалақысы 516 мың теңге болды. Жоғары жалақысы бірнеше миллионға барады.
«Біз әдетте, қандай да бір саланың майталман маманы болу үшін оның оқуын ұзақ жыл оқу керек деп түсінеміз. Бірақ қазір әрбір адам университетте немесе колледжде біраз жылын сарп етпей, қысқамерзімді оқудан өткен соң IT маманы бола алады. Біз жүр­гізген талдау қорытындылары осыны көрсетті: адамның ІТ са­ласына ыңғайы болса, соны шын ұнатса, онда білікті маман болуы әбден мүмкін. Бүгінде елде жалда­малы IT мамандарының 56%-ы IT мамандығы бойынша оқу орындарында оқымаған! Олар қысқамерзімді дайындықтан, курстардан өтіп, мансаптарын сәтті түрде өзгерте алды. Олардың арасында неше түрлі кәсіп иелері, мысалы, тіпті аспаздар немесе ­ба­лабақша тәрбиешілері бар, олар да қазіргі уақытта IT ма­­манда­рына айналып жатыр», – деді ЕРДО басшысы Александра Молчановская.
Нарықта бәсеке қызды Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев биылғы жылы жұмыс­сыздықпен күреске баса мән бе­рілгенін айтады. Оның мәліме­тін­ше, 2022 жылдың 10 айында Қа­зақстанда жалпы саны 764,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мәселен, Президент Қ.Тоқаев 10 мың халыққа шаққанда 100 жұмыс орнынан құру жөнінде бастама көтерген болатын. Қазақстанда 19,7 миллионнан астам адам бар десек, бұл бастама аясында жалпы саны 197 мың жұмыс орны ашы­луы тиіс. Осы орайда биылғы қаң­тар-қазан айларында 261,3 мың адам жұмысқа орналастырылыпты. Мұның сыртында, жергілікті әкімдіктердің дерегінше, 10 ұлттық жобаны іске асыру арқасында тағы 230 мың, оның ішінде жаңадан құрылған жұмыс орындарына – 47,1 мың, субсидияланатын жұмыс орындарына – 161,5 мың адам жұмысқа тұрыпты. 21,4 мың адам кәсібін ашуға грант алған. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындарына – 273,5 мың адам өз бетінше немесе жұмыспен қамту орталықтары арқылы қол жеткізіпті. Вице-министр келесі жылы салаға серпін берілетініне назар аудартты: Президент тапсыр­ма­сымен, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытудың жаңа құралы, яғни 2,5% арзан микро­кредит беріле бастайды. 2023 жы­лы 5,8 мың жасқа микрокредит беру жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібі одағының басқарма төрағасы, Алматы жел­деткіш зауытының қожайыны Марат Баққұлов әсіресе, инженер мамандар жетіспейтінін әңгіме­леді. Ол керекті мамандарды уни­верситеттер қабырғасынан іздейді екен.
«Диплом қорғау рәсімдерінде байқағаным, инженер кәсібін иге­рушілер саны еселеп өсті. Алдыңғы жылдары 30-40 маман бітірсе, биыл 120-ға жетті. Білім, зердесіне қарай жастарымыздың деңгейі ­әр­түрлі. Бұрынғы жылдары инже­нер мамандығын көбіне өзгесіне түсе алмағандар таңдайтын, осы жылы түлектердің білімі жоғары екенін сездім. Бәсекенің күшеюіне 2000-жылдарда басталған демо­графиялық дүмпу ықпал етсе ке­рек. Демек, алда еңбек нарығына мыңдаған жігерлі, жұмысқа құш­тар жас мамандар тасқындайды. Бірақ оларға тәжірибе жинау ке­рек. Нағыз проблема да осында жатыр», – деді М.Баққұлов.
Тәжірибе жиған соң жалын­да­ған жастар егде тартқан маман­дарды ығыстыра бастауы мүмкін. Сондай-ақ зауыт иесі биыл мо­билизациядан бас сауғалаған ре­сейлік мамандар арасынан үш ин­женерді жұмысқа алғанын ха­барлады: қазақстандық маман­­дардың орнына емес, соларға қосымша алыпты. Өйткені алда олар шетелге кетіп қалуы мүмкін дейді. Оның бірі желдеткіштер өндіретін ресейлік белгілі зауыт­тың бас технологы. Ал енді бірі – ғарыш аппараттарын жасайтын атақты «Энергия» компаниясының технологы екен. Олардың осында жерсініп, зауыттағы жас маман­дармен білім, тәжірибе бөліскені маңызды. Сондықтан М.Баққұлов елімізді паналаған шетелдіктерді қажетке жаратып, пайдаланып қалуға кеңес береді. Қорыта айтқанда, еңбек на­рығында бәсеке күшейіп келеді. Әр маман қапы қалмаудың қамын жасағаны абзал.