Түркістанда «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. Екі күнге созылған дүбірлі дода ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды. Бұл сайыста еліміздің әр өңірінен айтыстарда жеңімпаз атанып жүрген таңдаулы 18 ақын бақ сынады. Айтыстың ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, аламан бәйгеге қосылғандарға сәттілік тіледі. Ал дүбірлі доданы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізіп отырды. Аламанның ашылуында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ел бірлігінің және ұлт тұтастығының мәні мен маңызына тоқталып, осы жолда басын бәйгеге тіккен Ахмет Байтұрсынұлының айрықша рөлі мен ерен еңбегін атап өтті.
«Киелі Түркістан топырағында аламан айтыстың шымылдығын ашып отырмыз. «АMANAT» партиясы руханият пен мәдениетке жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Соның бір айғағы – ұлтымыздың бойтұмарына айналған осы айтыс», – деді Е.Қошанов. Әрине, жаһандану дәуірінде ұлт болмысын, оның дара дәстүрін, қаймағы бұзылмаған төл өнерін сақтап қалу оңай емес. Бұл ретте «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасында ұлттық өнеріміз кеңінен насихатталып, оған жан-жақты жағдай жасалатыны айқын жазылған. Партия төл тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды әрі қарай да жалғастыра береді. Осы уақыт аралығында саяси ұйымның тікелей қолдауымен елімізде 100-ге жуық республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Өз кезегінде, айтыстың тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бүгінгі ұрпақ ұлы тұлғаның кемеңгер ойлары арқылы тәрбиеленетінін жеткізіп, көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамы мен сынға түсетін ақындарды таныстырды.Осылайша, түркі әлемінің рухани астанасында өтіп жатқан сөз сайысында қазылар алқасына көрнекті өнер қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сонымен қатар қазылар алқасының құрамында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, «Отан» орденінің иегері Светқали Нұржан, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы Батыс Қазақстан облыстық «Мәдениет және өнер» орталығының директоры Бауыржан Қалиолла сияқты мәдениет және тарландары бар. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған сөз барымтасына «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртай, халықаралық, республикалық айтыстарда топ жарып жүрген Төлеген Жаманов, Еркебұлан Қайназаров, Біржан Байтуов сияқты ақындар қатысты.
– Биыл 11-ші рет өтіп жатқан «Алтын домбыра» айтысы қасиетті Түркістанда болды. Оның себебі «Алтын домбыра» айтысының заңдылығына сәйкес, қай облыстың немесе қаланың ақыны жеңімпаз болса, келесі жылы сол өңірде өту бекітілген. Былтыр Түркістан облысының белгілі ақыны Бекарыс Шойбеков иеленуіне байланысты «Алтын домбыраны» шаһардағы «Ұлы дала елі» орталығында бір жыл бойы көрермендер тамашалай алды, – деді вице-министр Нұрғиса Мұратұлы. Ал өнер майталманы Асанәлі Әшімов өз сөзінде «Түркістан – ер түріктің бесігі» деп Мағжан Жұмабаев жырлаған ұлы, тарихи қалада «Алтын домбыраны» өткізейік деген шешім қабылданды. Онысы дұрыс. Атағы мен абыройы бар ақындардың жақсылары келіп, халыққа осында өнер көрсетті. Биыл Еркебұлан бас жүлдеге ие болды. Құтты болсын. Түркістан халқының әл-ауқаты түзеліп, мәдениеті көтерілсін деп тілеймін. Ел аман болсын!» – деп тілегін білдірді.Осылайша «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы анықталды. Түркістан төрінде өткен аламан айтыста әділ қазылар шешімімен Түркістан өңірінің тумасы Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыраның» иегері атанды. Жеңімпазға «Алтын домбыра» мен 3 млн теңге тапсырылды. Аты аңызға айналған өнер қайраткері Асанәлі Әшімов пен Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Алтын домбыраны» Еркебұлан Қайназаровқа салтанатты түрде тапсырды. Қазылар алқасының мүшелері «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жеңімпаздарды марапаттады.
– «Алтын домбырада» тек жеңімпаз болу емес, абыроймен өнер көрсетуден артығы жоқ. Сондықтан бірнеше жыл бойы осы айтысқа қатысып келеміз. Туған жерге келгенде бұйырғанына қуаныштымын. Көрермендерге, жанкүйерлерге, Түркістан жұртына жалпы баршаға алғысым шексіз, – деді ол.Айта кетейік, жыр додасының негізгі мақсаты – қазақ айтыс өнерін, соның аясында өңір музейлерін, сонымен қатар салт-дәстүрлерді кеңінен насихаттау болып саналады. Республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысы 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Ал, айтыс тәртібіне сай «Алтын домбыра» 1 жыл бойы тағы да ақынның туған топырағы Түркістан төрінде тұратын болады.
Түркістан облысы