Шымкентте қасиетті ұстаздар ұстаханасының қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 85 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Іргетасы 1937 жылы қаланған, ғасырға жуық терең тарихымен Оңтүстік өңірінің білім қарашаңырағына айналған оқу ордасының мерейлі мерекесіне осында білім алған елге белгілі атақты жандар, қызмет жолын осынау университетпен ұштастырған танымал тұлғалар қатысты. Түркістан сарайында өткен салтанатты шарада құттықтау сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жүрекжарды лебізін білдірді. Қала басшысы 1937 жылы мұғалімдер даярлайтын институт болып ашылған білім ордасы осы уақытқа дейін Шымкент қаласымен бірге түрлі даму сатыларынан өтіп, бүгінде тарихы мен болашағы сабақтасып жатқан заманауи, беделді университетке айналып отырғанын жеткізді. Оқу ордасының тарихынан сыр шерткен шаһар басшысы бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
«Халқымыз Әділетті Қазақстан, ашық әрі әділетті қоғамның төңірегінде топтасуда. Осынау асқақ мақсатқа қол жеткізу үшін, ең алдымен, ұлт жаңа сапаға көтерілуі тиіс. Демек, ұлттық модернизацияның сәтті жүзеге асуы – отандық білім беру ісінің дамуына тікелей байланысты. Осы орайда, парасатты мемлекет құру жолында болашақ ұстаздарды даярлайтын беделді оқу орны ретінде ОҚМПУ ерекше рөл атқармақ», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Қала әкімі жұмысын жемісті атқарып жүрген универсиеттің бірқатар қызметкеріне алғысхат табыс етті.Мұнан соң құттықтаулар легін Қазақстан Республикасы Президенті кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жалғастырды. Ол Министр Саясат Нұрбектің құттықтау хатын жеткізіп, білім және ғылым саласында адал да абыройлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымын марапаттады.
Н.САЙЛАУҚЫЗЫ, Шымкент қаласы