Ауылда жұмыс көп, маман жоқ
Ауылда жұмыс көп, маман жоқ
Фото: Интернеттен алынды
145
оқылды
Ауыл шаруашылығына маман жетпей жатыр. Жоғары оқу орындарынан жыл сайын 5 мыңға жуық түлек бітіріп шыққанымен ауылға қайтпайды. Сондықтан, салаға маман дайындауда мемлекет есебінен беріліп жатқан гранттық жүйеден несиеге оқытуға ауысуды қарастыру қажет. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАК басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков осындай ұсынысты ортаға тастап отыр. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ғалым аграрлық саланың өзге де өзекті мәселелерін айтты. Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, «ҚР Білім туралы Заңына» өзгерістер енгізілген. Енді оқу бітірген студент ауылдық жерде орналасқан аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті болады. Сондай-ақ, аталған өзгеріс агроөнеркәсіпке квотамен жұмысқа орналасуға мүмкіндік бермек. Бұл тұрғыда Т.Рахымбеков Польшадағы университеттердің жұмысын мысалға келтіреді. «Польшада университетке қабылданғаннан кейін өтініш беруші, университет, Білім министрлігі мен жұмыс беруші арасында төрт жақты келісім жасалады. Оқуды бітіргеннен кейін түлек мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс істеуге міндетті. Бізге де осындай жүйе керек, себебі жыл сайын бюджеттен студенттің оқуына деп қаражат жұмсалады. Егер несиелік жүйеге оқып шыққан түлек ауылға барып жұмыс істеуден бас тартса, несиесі коммерциялық несиеге айналып, оны қайтаруға міндетті болар еді», – деді ол.
Әрине, ғалымның мұндай ұсыныс жасауына да негіз бар. Ауылдық жерлерлерде агроном, ветеринар маман тапшы. Жұмыс істеп жатқандарының жасы елуді еңсеріп қалғандар, яғни олар зейнетке шыққанда орнын басар кадр қалмауы мүмкін. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы мамандығын бітіріп шыққан студенттердің тек 68% ғана жұмысқа орналасады, қалғаны қалада қалып, өзге саланы таңдайды. Бұл жұмыс жоқтықтан емес, бос жұмыс орыны көп, бірақ барлығы ауылда. Биыл жазда ғана Батыс Қазақстан облысында шекарадағы фитосанитарлық бекеттерге 50-ге жуық агроном мен ветеринар маман жетіспей отырғаны айтылды. Ал, республика бойынша аргосекторға екі мыңнан астам маман қажет екен.  
Ауылдық жерге маман жетіспеу мәселесін былтыр Сенат депутаты Әли Бектаев та қозғап, үкіметке арнайы сауал жолдағаны есімізде. Сенатордың айтуынша, жастарды ауылға тұрақтандыру үшін қабылданған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде соңғы үш жылда ауылға 56 маман ғана жіберілген. Ал, республика бойынша 2 мыңнан аса маман қажет. «Гранттарды бөлу кезінде мамандарға қажеттілік, оқу орындарының материалдық базасы, педагогтардың біліктілігі ескерілмейді. Мысалы, аграрлық мамандықтар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғарғы оқу орындарына бөлінген. Жоғарғы оқу орындарының көпшілігі ескі құрылғылар мен технологияларды пайдаланады, ауыл шаруашылығы бойынша тәжірибелік алаңдары жоқ, ал оқытушылардың басым бөлігі өндірісте бір күн де жұмыс істемегендер. Оқу бітірген түлектердің тұрақты жұмысқа орналаса алмауының негізгі себебі де осында жатыр»,– деген Ә.Бектаев. Ауыл шаруашылығына маман дайындау мәселесінде шетелдік тәжірибені де ескерген жөн. Мәселен, Нидерландыда жас фермерлерге несиені ең төменгі пайызбен береді екен. Мемлекеттің қаржылай қолдауынан кейін жас маман агросекторда жұмыс істеуге ниетті. Осы жүйенің арқасында алақандай ғана Нидерланды дүниежүзінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемінен екінші орынға шыққан. Голландықтар жылына 700 келі ірімшік өндіріп, оның төрттен үшін әлемдік нарыққа шығаруда. Ал, біз болсақ аграрлық әлеуетімізді дұрыс пайдалана алмай  әлі күнге маман таппай отырмыз.
Кеңес одағы кезінде ветеринар мен агрономға айрықша көзқарас болды. Мал дәрігерлері қысы, жазы шаруашылықтың ішінде жүріп, төрт түліктің жай-күйін қағадалап отыратын. Соның арқасында Қазақстанда егін шаруашылы да, мал шаруашылығы да өркендеп өскенін білеміз. Алайда, бүгінгі күні оқу бітірген жас маман ауылға қайт десең бетінен басады. Шаруашылық иесіне кеңес беріп отыратын кәсіби кадрлардың азайып кетуінен салада көптеген проблема қалыптасты. 
Жастардың ауыл десе ат-тонын ала қашуының басты себебі ауылда айлық аз. Еліміздегі ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығы саласында екені рас. Екіншіден, дәл қазіргі күні көп ауылдың жағдайы кісі қызығарлықтай емес. Жүдеп-жадаған ауылға барып жұмыс істеуге жастарды күштеп көндіру нәтиже бермесі анық. Өз еркімен бармаған ветеринар мен агроном мал мен жерге жаны ашып қарай қоя ма? Сондықтан, алдымен ауылдағы жас маманға лайықты жағдай жасалуы тиіс. Ауылдық жерлерде жаңа кәсіппен айналысу үшін жеңілдетілген несие беріп, мемлекет тарапынан субсидия бөлуді қарастыру қажет. Агроөндіріс саласына барған жастардың үздік бизнес-жобалары үшін гранттар тағайындаса да артық етпес еді. Нақты қолдаусыз шаралары жасалмай жастарды ауылға қайтару мүмкін емес. Бауыржан БАЗАР