Сушылар шу шығарды
Сушылар шу шығарды
690
оқылды
Қызылорда облысында «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының жұмысшылары жалақының мардымсыз екенін айтып Президентке бейнеүндеу жолдады. Облысқа қарасты Арал және Қазалы ауданын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорында қордаланған мәселе шаш етектен. Жұмысшылардың айтуынша, ме­кемеде жа­ла­қы мәселесінің шешімі табылмай келе жат­қанына біраз жыл болған. Сол себепті де жұмыс­шы тұрақтамайды. Айлығы шай­лы­ғынан артыл­майтын жұмыс орнында жұмыс істеуге ешкімнің құлқы жоқ.
 «Осы мекемеде жұмыс істеп жүргеніме біраз жыл болды. Осы кезге дейін жалақы мәсе­лесін ай­тып, бармаған жеріміз, баспа­ған тауымыз қал­мады. Құзырлы орындарға арыз жаздық. Бі­рақ еш нәтиже жоқ. Ара-арасында 2-3 пайыз ғана қосады. Жылдан-жылға қымбатшылық қыс­паққа алған соң бұл еңбекақы дымға жетпей­ді. Сондықтан ел Президен­тіне бейнеүндеу жолдауға мәжбүр бол­дық», – дейді мекеме жұ­мыс­шысы Мұрат Төлебаев.
«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құ­быры арқы­лы 180 шақырым жерден тіршілік нәрін Аралға, одан Қазалы ауданына жет­кізетін мекеме жұ­мыс­шыларының орташа айлығы эко­логия­лық үстемені қосқанда 110 мың теңгені құрайды. Алай­да экология­лық үстемеге қатысты түсініс­пеу­шілік бар. Жұмысшылар осы мәселе­нің ақ-қарасын анықтаса деген уәжін жеткізді.
«Негізінен, бізге жалақымызға эко­логия­лық коэффициент қосыла­ды. Соның өзінде айлық табысымыз өзге аудандағы жұмысшылармен ша­малас. Экологиялық үстеме қо­сыл­ғандықтан, біздің жалақымыз жоғары болуы керек. Ал біз осы эко­логия­лық үстеменің қалай есептеле­тінін түсін­бейміз», – дейді Қарашаш Ибрашева.
Жалпы, Қызылорда облысына қарасты екі ауданды ауызсумен қам­тып отырған бұл кәсіп­орын «Нұра топтық су құбырына» қарайды. Жұ­мыс­шылар шағымданған соң мекеме тара­пы­нан тексерушілер келіп, нара­зы топтың мұң-мұқтажын тыңдапты. 2022 жылдың қаңтар айында жала­қылары 20 пайызға көтерілген. Де­ген­мен бұл да жұмысшыларға жұба­ныш болмай тұр.
«Жалақының төмендігі өз ал­дына, бізге іссапар шығындарымыз да дұрыс төлен­бейді. Ауылдық елді мекендерге тек мар­шруттық өтемақы негізінде 1 000 теңге бе­ріледі. Қалған шы­ғынды қалтамыздан төлейміз. Со­нымен қатар мереке күндер­дегі сыйақыдан да қағылдық. Бұған дейін бұл мәселеде қиындық болмайтын еді», – дейді Орақ Матниязов.
Ал басшылық бұл мәселеден хабардар. «Нұра топтық су құбыры» кәсіпорнының «Арал» директоры Алтынбек Есенов жұ­мыс­шылардың талап-тілегін қанағаттан­дыру үшін тиісті жұмыстар қолға алынға­нын айтады.
«Бұл «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құ­бы­рына ғана қатысты мәселе емес. Облыс­тағы комму­налдық шаруа­шылық нысан­дардың көбінде осын­дай мәселе бар. Ол монополияға қар­сы мекеме тарапынан реттеліп отырады. Моно­полияға қарсы мекеме әр тоқсанның, әр жыл­дың орташа жалақысын бекітіп береді. Біз өз тара­пы­мыз­дан облыстағы 2021 жылдың орташа жалақы мөлшерін 221 мың теңге деп ұсын­ғанбыз. Алай­да моно­полияға қарсы заң­нама­ға сәйкес бұл көрсеткішімізді қабыл­дамай, өткен жылдың орташа жалақы мөлшерін 114 мың теңге деп бекітіпті. Аталмыш заңнамаға өзгеріс енгізіл­мей, бұл түйткілді шешу мүмкін бол­май отыр. Қазір бұл заңнамаға өзге­ріс енгізу мәселесі қарас­тырылып жатыр екен», – дейді «Нұра топтық су құбыры» кәсіпорны «Арал» фили­алы­ның директоры Алтынбек Есенов.
Жалпы, бүгінде аталмыш меке­меде 300-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Орта есеппен мекеме қызмет­кер­леріне 80 мың теңге, оған эко­логия­лық төлемді қосқанда 110 мың теңге жалақы төленіп отырса керек. Дегенмен Арал, Қазалы аудандары­ның 165 мың тұр­ғы­нын сапалы ауыз­сумен қам­туға жауап­ты кәсіпорын жұмыс­шы­лары жала­қыны 100 па­йыз­ға кө­те­руді талап етіп отыр. Ал жауаптылар бұл мәселенің жыл соңына дейін шешілетініне кү­мән­мен қарайды. Есесіне олар кә­сіп­орын қызметкерлерінің талап-тілегі келер жылы толықтай шешіле­тініне сенім білдірді. Әрине, «Көрін­ген таудың алыстығы жоқ». Енді бірер аптада жыл аяқталады. «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының басшы­лығы уәде еткен жыл да есікті қағады. Жұмысшылар мен басшылық арасындағы осы бір түсініспеу­шілік қызмет көрсету сапасына кері әсер етпесе болғаны.

Қызылорда облысы