Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
Мемлекеттің қазынасына қол салып, бюджет қаржысын оңды-солды талан-таражға салғандардың саны өкінішке қарай, соңғы жылдары күн санап өсіп барады. Әсіресе, миллиардтаған субсидия бөлінетін ауыл шаруашылығы си­яқ­ты майлы шелпекті беті бүлк етпей қылғытқандардың да асығы алшысынан түсіп тұр. Бұл орайда «шелектің түбін жа­ла­ған» төмендегілердің негізінен жаза арқалап жататыны да ақиқат. Қоғамның ащы дертіне айналған парақорлық Ақмола облысының мемлекеттік органдарын да айналып өтпеген. Тіпті, лауазымды қызметтегілердің кейбірі пара­мен ұсталып жатыр. Алайда бұл лауазымды тұлғалардың тәбетін баса ала ма? Ауылға ауадай қажет миллиардтаған субсидия ұрланған Ақмола облысында да соңғы жылдары ғана бірнеше басқармалар мен департамент басшыларына дейінгі лауазымды мемлекет­тік қызметкерлері сот пен сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қызметтің құрығына ілін­гені көптің есінде. Атап айтқанда, об­лыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сының экс-басшысы Димаш Таласбаев 13 847 430 теңге сомасында пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Дәл осы басқарманың бас маманы С.Тәжі­баев жеке кәсіпкер Ахметов және Әділ­баева­мен ауыз жаласып, жайылымдарды сумен қамтуға бөлінген 96 миллион теңге бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін осы жылы қарашаның 17-де сот үкімі­мен әрқай­сысы 5 және 6 жылға бас бостан­дығынан айырылды. Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының экс-басшысы – Сүлен Ілиясов пен «Авицена» ЖШС директоры Жанар Мол­дантаева пандемия өршіп, төтенше жағ­дай жарияланған тұста медициналық құрыл­ғылар мен құрал-жаб­дық­тарға (7 медициналық ауру­хана кере­уеті, 1 жасанды желдету ап­параты, 1 нар­коз­ды-тыныс алу аппараты) бөлін­ген қо­мақ­ты соманы жымқырғаны үшін әрқай­сысы 8 жылға бас бостандығынан айы­рыл­ған. Алайда сол кездегі облыстық тубер­кулез диспансерінің басшысы Қасымжан Тәшметов қылмыстық кодекстің 195 ба­бы­мен айыпты деп таныл­ғанымен ҚР Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына орай амнистияға ілініп, қыл­мыс­тық жауап­кершіліктен құтылып кеткен еді. «Өлі адамдарға» ақша берген... Елордада Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрі Тамара Дүйсенованың қолы­нан марапат алған облыстық жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының экс-басшысы Дина Ахмет­жанова осы жылдың 1 қараша­сынан жұмыстан босатылған. Осыған дейін Цели­ноград ауда­нын­дағы қараусыз қария­лар орналасқан «Шапағат» мекемесінде ақша жетіспеушілігі мен «өлі жандар» та­бы­лып, лауазым иесі сотты болып айыпты деп танылған. Айта берсе, әлі де жетіп жатыр. Түйінді мәселеде мемлекеттік орган­дардың лауазымды қызметкерлерінің шек­тен шығып кеткенін облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет депар­тамен­тінің басшылығы да мойындады. Апталап тосқан ресми хатымызға да жауап жетіп, өңірдегі сыбайлас жемқорлық­тың бүгінгі жай-жапсарын білдік. Департаменттің берген мәліметтеріне сү­йен­сек, облыста сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерінің картасы әзірленген. Облыс­та атал­ған картаға ауыл шаруашылығы, жер, экология, сондай-ақ жолдар мен ин­фра­құрылым сала­лары енгізіліпті. Депар­тамент те облыстағы сы­байлас жемқор­лыққа аса бейім сала деп – ауыл шаруа­шылығы саласын атады. Мил­лиардтаған субсидиялар мен салаға бөлінген аса қо­мақты қаржы лауазымды тұлғаларды жол­дан тайдырып, майлы күлшеге ауыз салуға «мәжбүр еткенге» ұқсайды. Атап айтқанда, субсидиялау, ветеринария және фито­санитария бойынша бірқатар қылмыстар анықталған. Кінәлі тұлғалар, оның ішінде басшы буын да жасалған қылмыстардың ауырлығына (айып­пұл салудан бастап бас бостандығынан айыруға дейін) байланысты мемлекеттік қызметте және квази­мемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, түрлі жазаға тартылған. Саладағы субсидиялауда жем­қор­лықтың ұлғаюына талдау жүргізген ведом­ство негізгі проблемалық мәселелер нормативтік-құқықтық базаның жетілме­гендігі мен процес­тердің нашар цифрлан­дырылуы және авто­маттандырылуы себеп болғанын айтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ведомствосы өңірде әсіресе жер қатынас­тары саласындағы жемқорлықтың аса ушығып тұрғанын жеткізді.
Тиісті құзыретті органдардың араласуы­мен оның ішінде облыс прокуратурасымен бірлесіп, пайшылардың шартты жер үлес­терін пайдалану саласындағы жұмыстар жүргізілді. Облыс аумағында құрылған 35 проблема­лық ЖШС-нің қызметі пайшылардың құқықтарын бұзумен байла­нысты болып отыр. Қазіргі уақытта осы мониторинг және прокурорлық тексеру шеңберінде жер үлесі бар 100-ден астам пайшы кәсіпорындар құрамынан шықты. Уәкілетті және құқық қорғау органдарының шоғырландырылған күш-жігерінің арқа­сын­да мемлекеттік қорға 211 мың гектардан астам жер өз еркімен қайтарылды. Талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін Депар­тамент тиісті ұсынымдар, оның ішінде НҚА-ны өзгерту және ақпараттық жүйе­лерді пысықтау бөлігінде ұсынымдар енгіз­ді. Ұсынымдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіне және Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне жолданды. Осы мәселелердің барлығы Депар­тамент бастамасымен облыс прокуратурасы жа­нын­дағы Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Нәтижесінде, нақты ұсыныстар мен іс-шаралар көрсетілген тиісті жоспар бекітілді, – дейді Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бас­шысы Арман Рахимов.
Жолда да жемқорлық көп... Жемқорлық қылмыстары сонымен қа­тар облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарға мониторинг жүргізген кезде де анық­талған. Мәселен, 3 миллиард теңге жұмсалып жөндеу жұмыс­тары жүргізілген «Ерейментау–Еркінші­лік–Аршалы» облыстық маңызы бар автожолын жөндеу сапасына қо­ғам­дық мониторинг жүргізіліп, өрескел заң бұзу­шылықтар анықталған.
– Іріктелген 29 сынаманың 25-і норма­тивтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты. Жүргізілген жұ­мыс­тың арқасында мердігер автожолдың барлық тиісті емес учаскелеріндегі кенептің жабын қа­батын толығымен ауыстырды, ал кінәлі адам­дар әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды, – деп толықтырды Арман Рахи­мов.
Жүргізілген шаралардың нәтижесінде жемқор шенеуніктердің ұрлаған миллион­даған қаражат бюджет қоржынына кері қайтарылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы ая­сында өңірде ұрлан­ған бюджет қаражатын мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, соңғы 5 жылда 9,4 млн теңге тәр­кі­ленді. Мы­салы, қабылданған шаралар­дың арқасында «Щу­чинск – Зеренді» республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау» бойынша жұмыстарды атқару шеңберінде ұйым жеткізбеген жыл­жымалы тіректердің 6 жиынтығы үшін бюд­жетке 20 млн теңге қайтарылды. Бұл ретте басты рөл пре­венция­лық шараларға берілген. Өйткені тә­жірибеде байқалғандай, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың сал­дарымен күресу­ден және қылмыстық істерді тергеуден гөрі олардың алдын алу әлдеқайда тиімді. Мәселен, тек жыл басы­нан бері ғана мемлекеттік сатып алу мони­торингі шеңберінде жүргізілген жұмыс­тардың арқасында 1 млрд теңгеге жуық қа­ра­жат үнемделді, – дейді Арман Тас­темірұлы.
Басшылары да отставкаға кетті Әрине, көпшілік «айран ішкен» көкелер­дің құтылып, «түбін жалағандардың» тұтылатынын көбірек байқайды. Білдірмей миллиардтарды қалтасына басып, шетелде шалқып жүрген­дер баршылық. Деген­мен заң арқылы қара­мағы­ндағы қызметкері жемқорлық жасағандар да жауапкершілікке тартылып тіпті, лауазымынан алынып отставкаға кеткендері де бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мәліметінше, отставка институтының жұмыс істеу ке­зеңін­де 4 саяси қызметкер отставкаға кету ту­ралы өтініш берген, оның 2-уі жұмыстан шығарылды. Өтініш берген тағы 2 саяси қыз­мет­керге отстав­ка беруден бас тарту туралы ше­шім қабылданды. Алайда олар тәртіптік жауапкер­шілікке тартылды. Жалпы, Ақмола облысында сыбайлас жем­қорлық қылмыс жасағаны үшін барлығы 12 мемлекеттік қыз­мет­ші тәртіптік жауап­кершілікке тартылған.  
P.S. Қоғамның алға басқан қадамын кері шегеріп, аса ауыр індетке айналған мәселе тым тереңге тамыр тартқаны түсінікті. Дегенмен жемқор­лықтың алдын алу үшін бү­гінгі жүргізген амал-қарекеттің әлі де бол­са жеткіліксіз екені анық. Сон­дықтан тиісті құзыретті органдар тарапынан жоғары жауапкершілік пен заңның қатал­дығы қажеттігі анық...

Ақмола облысы