Мемлекеттің қазынасына қол салып, бюджет қаржысын оңды-солды талан-таражға салғандардың саны өкінішке қарай, соңғы жылдары күн санап өсіп барады. Әсіресе, миллиардтаған субсидия бөлінетін ауыл шаруашылығы сияқты майлы шелпекті беті бүлк етпей қылғытқандардың да асығы алшысынан түсіп тұр. Бұл орайда «шелектің түбін жалаған» төмендегілердің негізінен жаза арқалап жататыны да ақиқат. Қоғамның ащы дертіне айналған парақорлық Ақмола облысының мемлекеттік органдарын да айналып өтпеген. Тіпті, лауазымды қызметтегілердің кейбірі парамен ұсталып жатыр. Алайда бұл лауазымды тұлғалардың тәбетін баса ала ма? Ауылға ауадай қажет миллиардтаған субсидия ұрланған Ақмола облысында да соңғы жылдары ғана бірнеше басқармалар мен департамент басшыларына дейінгі лауазымды мемлекеттік қызметкерлері сот пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құрығына ілінгені көптің есінде. Атап айтқанда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының экс-басшысы Димаш Таласбаев 13 847 430 теңге сомасында пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Дәл осы басқарманың бас маманы С.Тәжібаев жеке кәсіпкер Ахметов және Әділбаевамен ауыз жаласып, жайылымдарды сумен қамтуға бөлінген 96 миллион теңге бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін осы жылы қарашаның 17-де сот үкімімен әрқайсысы 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы – Сүлен Ілиясов пен «Авицена» ЖШС директоры Жанар Молдантаева пандемия өршіп, төтенше жағдай жарияланған тұста медициналық құрылғылар мен құрал-жабдықтарға (7 медициналық аурухана кереуеті, 1 жасанды желдету аппараты, 1 наркозды-тыныс алу аппараты) бөлінген қомақты соманы жымқырғаны үшін әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда сол кездегі облыстық туберкулез диспансерінің басшысы Қасымжан Тәшметов қылмыстық кодекстің 195 бабымен айыпты деп танылғанымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай амнистияға ілініп, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен еді. «Өлі адамдарға» ақша берген... Елордада Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қолынан марапат алған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының экс-басшысы Дина Ахметжанова осы жылдың 1 қарашасынан жұмыстан босатылған. Осыған дейін Целиноград ауданындағы қараусыз қариялар орналасқан «Шапағат» мекемесінде ақша жетіспеушілігі мен «өлі жандар» табылып, лауазым иесі сотты болып айыпты деп танылған. Айта берсе, әлі де жетіп жатыр. Түйінді мәселеде мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерінің шектен шығып кеткенін облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшылығы да мойындады. Апталап тосқан ресми хатымызға да жауап жетіп, өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың бүгінгі жай-жапсарын білдік. Департаменттің берген мәліметтеріне сүйенсек, облыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленген. Облыста аталған картаға ауыл шаруашылығы, жер, экология, сондай-ақ жолдар мен инфрақұрылым салалары енгізіліпті. Департамент те облыстағы сыбайлас жемқорлыққа аса бейім сала деп – ауыл шаруашылығы саласын атады. Миллиардтаған субсидиялар мен салаға бөлінген аса қомақты қаржы лауазымды тұлғаларды жолдан тайдырып, майлы күлшеге ауыз салуға «мәжбүр еткенге» ұқсайды. Атап айтқанда, субсидиялау, ветеринария және фитосанитария бойынша бірқатар қылмыстар анықталған. Кінәлі тұлғалар, оның ішінде басшы буын да жасалған қылмыстардың ауырлығына (айыппұл салудан бастап бас бостандығынан айыруға дейін) байланысты мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, түрлі жазаға тартылған. Саладағы субсидиялауда жемқорлықтың ұлғаюына талдау жүргізген ведомство негізгі проблемалық мәселелер нормативтік-құқықтық базаның жетілмегендігі мен процестердің нашар цифрландырылуы және автоматтандырылуы себеп болғанын айтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ведомствосы өңірде әсіресе жер қатынастары саласындағы жемқорлықтың аса ушығып тұрғанын жеткізді.
Тиісті құзыретті органдардың араласуымен оның ішінде облыс прокуратурасымен бірлесіп, пайшылардың шартты жер үлестерін пайдалану саласындағы жұмыстар жүргізілді. Облыс аумағында құрылған 35 проблемалық ЖШС-нің қызметі пайшылардың құқықтарын бұзумен байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта осы мониторинг және прокурорлық тексеру шеңберінде жер үлесі бар 100-ден астам пайшы кәсіпорындар құрамынан шықты. Уәкілетті және құқық қорғау органдарының шоғырландырылған күш-жігерінің арқасында мемлекеттік қорға 211 мың гектардан астам жер өз еркімен қайтарылды. Талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін Департамент тиісті ұсынымдар, оның ішінде НҚА-ны өзгерту және ақпараттық жүйелерді пысықтау бөлігінде ұсынымдар енгізді. Ұсынымдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіне және Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Осы мәселелердің барлығы Департамент бастамасымен облыс прокуратурасы жанындағы Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Нәтижесінде, нақты ұсыныстар мен іс-шаралар көрсетілген тиісті жоспар бекітілді, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов.Жолда да жемқорлық көп... Жемқорлық қылмыстары сонымен қатар облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарға мониторинг жүргізген кезде де анықталған. Мәселен, 3 миллиард теңге жұмсалып жөндеу жұмыстары жүргізілген «Ерейментау–Еркіншілік–Аршалы» облыстық маңызы бар автожолын жөндеу сапасына қоғамдық мониторинг жүргізіліп, өрескел заң бұзушылықтар анықталған.
– Іріктелген 29 сынаманың 25-і нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты. Жүргізілген жұмыстың арқасында мердігер автожолдың барлық тиісті емес учаскелеріндегі кенептің жабын қабатын толығымен ауыстырды, ал кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп толықтырды Арман Рахимов.Жүргізілген шаралардың нәтижесінде жемқор шенеуніктердің ұрлаған миллиондаған қаражат бюджет қоржынына кері қайтарылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде ұрланған бюджет қаражатын мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, соңғы 5 жылда 9,4 млн теңге тәркіленді. Мысалы, қабылданған шаралардың арқасында «Щучинск – Зеренді» республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау» бойынша жұмыстарды атқару шеңберінде ұйым жеткізбеген жылжымалы тіректердің 6 жиынтығы үшін бюджетке 20 млн теңге қайтарылды. Бұл ретте басты рөл превенциялық шараларға берілген. Өйткені тәжірибеде байқалғандай, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарымен күресуден және қылмыстық істерді тергеуден гөрі олардың алдын алу әлдеқайда тиімді. Мәселен, тек жыл басынан бері ғана мемлекеттік сатып алу мониторингі шеңберінде жүргізілген жұмыстардың арқасында 1 млрд теңгеге жуық қаражат үнемделді, – дейді Арман Тастемірұлы.Басшылары да отставкаға кетті Әрине, көпшілік «айран ішкен» көкелердің құтылып, «түбін жалағандардың» тұтылатынын көбірек байқайды. Білдірмей миллиардтарды қалтасына басып, шетелде шалқып жүргендер баршылық. Дегенмен заң арқылы қарамағындағы қызметкері жемқорлық жасағандар да жауапкершілікке тартылып тіпті, лауазымынан алынып отставкаға кеткендері де бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мәліметінше, отставка институтының жұмыс істеу кезеңінде 4 саяси қызметкер отставкаға кету туралы өтініш берген, оның 2-уі жұмыстан шығарылды. Өтініш берген тағы 2 саяси қызметкерге отставка беруден бас тарту туралы шешім қабылданды. Алайда олар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, Ақмола облысында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін барлығы 12 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
P.S. Қоғамның алға басқан қадамын кері шегеріп, аса ауыр індетке айналған мәселе тым тереңге тамыр тартқаны түсінікті. Дегенмен жемқорлықтың алдын алу үшін бүгінгі жүргізген амал-қарекеттің әлі де болса жеткіліксіз екені анық. Сондықтан тиісті құзыретті органдар тарапынан жоғары жауапкершілік пен заңның қаталдығы қажеттігі анық...Ақмола облысы