Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде қанша ресейлік жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 3 миллионға жуық ресейлік келіп, шамамен осыншама адам елден қайта шыққан. Көрші елде ішінара жұмылдыру жарияланған соң 837 мың азамат келіп, 780 мыңы шығыпты.
«Бүгінде елімізде 298 мың ресейлік болса, оның 30 мыңы келісімшартқа сәйкес жұмыс істейді, еңбек биржасында HR-да тіркелген. Тиісінше, олардың уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар», – деді аталған ведомствоның Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ильяс Испанов.Оның айтуынша, Қазақстанда Ресейден келген 20 мың студент бар. Сонымен қатар транзитпен ұшып кететіндер де бар. 21 қыркүйектен бастап 198 мың ресейлік елімізді транзит ел ретінде пайдаланып, өздері жоспарлаған елге кеткен.
М.ХАҚНАЗАР