«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кезекті отырысында Парламент Сенатына өтетін алдағы сайлауға кандидат ұсыну мәселесі қаралды. Депутаттық фракция мүшелері Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісовтің кандидатурасын ұсынып, бірауыздан қолдады. Талғат Тұрлыбекұлы – техника ғылымдарының докторы, академик. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, «Фемида» заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын жұмысшы болып бастаған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ассистент, доцент, ауыл шаруашылығы институты директорының орынбасары, сырттай оқытатын бөлімшенің деканы, проректор лауазымына дейінгі қызмет жолынан өткен. Білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарған. 2002-2008 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры, 2008-2012 жылдары Рудный индустриалдық институтының ректоры, 2012-2014 жылдары Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, 2014-2016 жылдары Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры болып қызмет атқарды. «Ұлттық аграрлық ғылыми-оқыту орталығы» ҰАО Басқарма төрағасының орынбасары болды. Дәл қазіргі уақытта Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы. «Құрмет» орденімен, мерекелік медаль және төсбелгілермен марапатталған.