«Айтұмардың» жеңімпаздары марапатталды
«Айтұмардың» жеңімпаздары марапатталды
Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Айтұмар» балалар әдебиетінің үздік туындыларына арналған республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Балалар әдебиетін дамытуға арналған жарысқа «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бас демеушілік жасады. Белгілі ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жа­қып төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен проза жанры бойынша І орын Арман Әділбекке, ІІ орын Мейіржан Жылқыбай мен Зиядибеков Нұрасылға және ІІІ орын Мереке Айсәуле, Әбдіманап Дана, Қарлығаш Сарбаеваға бұйырды. Поэзия жанры бойынша І орынды Мерей Қарт, ІІ орынды Айдана Бейсен, Асылан Тілеген және ІІІ орынды Мұқағали Кенжетай, Айдана Сегізбай, Нұрбибі Аязбай иеленді. Драматургия бойынша І орын Назерке Құмарғалиеваның, ІІ орын Әлібек Байбол мен Жансерік Құттыбаевтың және ІІІ орын Жәнібек Қойтай, Рахат Әлішер, Ықылас Шалғымбайдың еншісіне бұйыр­ды. жеңімпаз Балалар әдебиетін насихаттап, жас қаламгерлерді дәріптеуге арналған бай­қау­ға поэзия, проза және драматургия бағыт­тары бойынша 200-ге тарта шығарма келіп түскен екен. Оның ішінде әр жанр бойынша 6 жас қаламгер жеңімпаз деп танылып, оларға әр аталым бойынша І орынды жеңіп алғандарға 1 миллион теңге, ал ІІ орын ие­герлері 800 мың теңге, ІІІ орынға лайық­ты деп танылғандарға 500 мың теңге табыс­талды.
«Аталмыш байқау Балалар жылының ең озық іс-шараларының бірі болып отыр. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал ерекше балалар үшін әде­биеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айты­лып жүр. Мұнымен қоса, «Менің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шығармалардың жоғына зиялы қауым өкілдері қынжылыс білдіріп жатады. Бұл ретте қазақ руханиятының қара шаңырағы Жазушылар одағы төл әдебиетімізді дамы­ту бағытында ауқымды жобалар ұйымдас­тырып келеді. «Айтұмар» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауы осыған дәлел», – дейді Жазу­шылар одағы­ның басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.
Алдағы уақытта байқауға қатысқан шығармаларды жас оқырмандарға, оның ішінде олардың мүмкіндігі шектеулі қатарластарына көбірек насихаттауға басымдық берілмек. Ол үшін шығарма­лардың аудио, электронды нұсқалары әзірленеді.

Алматы қаласы