Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттік пен казармадағы өлім-жітімнің жиілеуінен кейін халықтың жанайқайын ескеріп 2022-2025 жылдарға арналған «Өмірді сақта» бағдарламасын бекітіпті. Бағдарламаны бүге-шігесіне дейін қараған бір топ Сенат депутаты бұл фактілердің барлығы себеп емес, салдар екенін айтып отыр. Сол үшін әскери қызметшілердің өмірін сақтау мәселесі туралы депутаттық сауал жолдаған. Айтуларынша, әскердегі өлім-жітімді азайту үшін кешенді жоспар мен мемлекет деңгейіндегі ауқымды шаралар ауадай қажет.
Бұған дейін осы салада талай жыл еңбек еткен мамандар казармадағы қайғылы жағдайдың жиілеуіне әскерилердің әлеуметтік өмірге әртүрлі бейімделуі мен сарбаздар арасындағы ауру-сырқаудың артуы себеп екенін айтқан-ды. Олардың сөзіне сүйенсек, қазір әскери билет үшін Отан қорғауға баратын бозбала көп. Ал қалғаны міндеттелген квотаны толтыру үшін мәжбүрлеп әскер қатарына алынғандар. Өкінішке қарай, соңғы уақытта әскерге өз еркімен аттанатындар азайған. Оның себебі неде?
Біздің елде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң бойынша шақыру науқанын ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Ал әскери міндетті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Қорғаныс министрлігінің берген дерегіне сүйенсек, қазір шақыру қағаздарын алған және медициналық комиссиядан өту үшін шақыру учаскелеріне келмеген 2 000-нан астам әскерге шақырылушы бар. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдар мәжбүрлі сипаттағы шараларды қабылдауға мәжбүр. Республика бойынша 35 мынға жуық азамат іздестіріліп жатыр. Бұлардың басым көпшілігі әскери есептен шығарылмай түрлі себеппен әр жаққа кетіп қалғандар. Егер әскерге шақырылушының тарапынан жалтару жағдайы анықталса, заң алдында жауапкершілікке тартылады. Мысалы, көктемгі әскерге шақыру барысында 10 мыңнан аса жалтарушы тіркелсе, оның ішінде 3 091 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «Біз халыққа қызмет өткерудің маңыздылығын – адамның өзі үшін, қоғам үшін, ел үшін жеткізгіміз келеді. Әрбір мерзімді қызметтегі әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі, бұл біздің қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі» дейтіндер сарбаз саулығына кепілдік бере ала ма?
Жалған құжатты өлім әшкерелейді
Әскерге шақыртылғандарды іріктеу – ең жауапты міндет. Қарулы Күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Аян Еслямов осыған дейін берген сұхбатының бірінде «Әскерге алынатын жастардың мамандығы, білімі, моральдық және іскерлік қасиеті, денсаулығы мен дене бітімі, тіпті арнайы дайындығы мен отбасылық жағдайы да егжей-тегжейлі зерделенеді. Соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, тергеуде жүргені, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшесі ретінде арнайы есепте тұрғаны да мұқият тексеріледі» деген. Оның ішінде денсаулығына байланысты тексеріс ерекше қаралады екен. Әскерге шақырылғандарды алдымен жарамдылықтың 6 санаты бойынша 11 дәрігер тексеріп, психологиялық ауытқушылығы да әбден тексеріледі. Әйткенмен, әскери комиссияның тексерісінен өткен жігіттердің жыл өтпей-ақ өз-өзіне қол салып, қала берді денсаулығы сыр беріп жатады. Мәселен, Бас әскери прокурордың айтуынша, соңғы екі жылда 237 әскери қызметші қайтыс болған. Осылардың ішінде 89-ы науқастанып қайтыс болса, 62-і жол апатынан, 50 адам суицидтен, ал 8 адам өзге де себептерден көз жұмған. Байқасақ, әскери саладағы өлім-жітімнің дені ауыр сырқаттың салдарынан болып отыр. Демек, әскерге шақырылатын жастардың біразының денсаулығы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамайды. Сөйте тұра, жыл сайын міндеттелген квотаға сай саптағы сарбаздардың саны толықтырылады. Өкінішке қарай, міндетті әскери борышты мәжбүрлеудің соңы қайғылы аяқталып жатады.
Комиссия мүшелері де жауапкершілікке тартылуы керек
Казармадағы қайғылы оқиғалардың бір ұшы аудандық әскери медициналық комиссиялардың жұмыс істеу тәсіліндегі кемшілікке келіп тіреледі. Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов осылай деп отыр. Оның сөзінше, аудандағы дәрігерлер әскерге шақырылушылардың денсаулығы мен психологиясын бала күнінен бақылауы тиіс. «Әскерге шақырылушыларды іріктеу және алдын ала зерделеу үшін баратын әскери бөлім өкілдеріне солардың шығарған ұйғарымы негіз болады. Одан кейін комиссия мүшелерінің қорытындысына қарап алады. Сондықтан әскерге шақыртылатын бозбалалардың бала кезінен цифрландырылған паспорты болу керек. Мысалы, 13-14 жастағы ер балалардың денсаулығы, тән саулығы, психикасы, психологиясы үнемі бақылауда болуы керек деп есептейміз. Әскерге шақыру комиссиясының алдына келгенше баланың бүкіл психо-физикалық портреті арнайы электронды кітапшада жиналып тұрса, әскерге дейінгі, жасөспірім шақтан жиналған, сарапталған ақпарат суицидке бару, әлімжеттік көрсетуге бейім адамдарды ерте анықтап, көптеген проблеманың алдын алар еді. Бұл болашақта әскери бөлімшелерге он екі мүшесі сау балаларды алаңсыз іріктеп алу үшін қажет. Ал қазір міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр», – дейді депутат.
[caption id="attachment_232085" align="aligncenter" width="1566"]