Құрманғазы ауданында 8 отбасы үйіндінің астында қалуы мүмкін
Құрманғазы ауданында 8 отбасы үйіндінің астында қалуы мүмкін
800
оқылды
Атырау облысы Құрманғазы ау­да­ны Құрманғазы ауылының тұр­ғыны Дара Рахметул­лина көршілері­мен бірге «Күндердің күнінде үйіміз құлап, үйін­дінің ас­тында қалатын болар­мыз» деген үрей­мен күн кешуге мәж­бүр. Апатты деп танылған Ғилаев көшесіндегі №7 үйде тұратын олар жергілікті биліктен қайран болмай отырғанына налиды. Расында, 1970 жылы салынған үйдің әб­ден тозығы жеткен. Оған қоса, бұл үйді шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа дегендер әбден «меншіктеп» алған.
 «Тышқан, жыланға дейін қаптап жүр. Үйі­мізді әлсін-әлсін улаймыз. Алайда нә­ти­же ұзаққа созылмайды. «Байырғы тұр­ғын­дар» қайта келеді. Қазір үйдің іші сал­қын. Жарық та, жылу да бар. Бірақ үй­дің іргетасы отырып кеткендіктен, сөгіл­ген қабырғалардағы жарықтардан жел келеді. Соның салдарынан қыс бойы көктеген қабырғамен алысамыз. Қолқаны қап­қан сасық иіс туралы мүлде айтпай-ақ қой­сақ та болады. Суланып, көктеп тұра­тын қабырғалар денсаулығымызға да кері әсер етіп жатыр. Күн суытса, аурудан көз аш­паймыз. Бізді қойшы, үлкен адамдар­мыз. Арамызда шиеттей бала-шағасымен тұрып жатқан отбасылар да бар. Балаларға обал», – дейді апатты үйдің тұрғыны Дара Рах­метуллина.
Тозығы жеткен 16 пәтерлік үйде қазір 8 отбасы тұрып жатыр. Көпшілігі үйдің апат­ты жағдайынан үрейленіп, басқа жерде пәтер жалдап күнелтіп жүр. Қалған 8 отбасының пәтер жалдайтын жағдайы жоқ.
Мәселен, біз байланысқан Дара Рахме­туллина – «Алтын алқалы» ана. Балаларын осы ескі-құсқы үйде өсіріп, жетілдірген ол үй жалдаудың да өзіндік тауқыметі барын айтады. Айтуынша, жағдайы жасалған үй­лерді жалдау ақысы 40-50 мың теңге тұрады. «Екі-үш айдан соң пәтер иелері «үйі­мізді босат» деп шығады. Яғни, біздің ауылда үйді ұзақ мерзімге жалдау қиындау. Ауыл болған соң, әркімнің шаруасы шығып қалады. Бар жиғанымызды теріп үй де ала алмай отырмыз. Себебі ауылдың өзінде тәуір үй алу үшін кемінде 10 миллион тең­ге қаражат керек. Бізде ондай ақша жоқ. Балаларым қалада қара жұмыста. Тұрақты жұмысы болмаған соң оларға да міндетсіне алмаймын», – дейді Дара Рахметуллина.
Жағдайларын айтып талай мекеменің таба­лдырығын тоздырған тұрғындар «Үй­ле­ріңіз апатты. Бірақ үй кезекпен беріледі» дегеннен басқа жауап ала алмай жүр.
Тіпті, жағдайларын айтып, құзырлы органдарға шапқылап жүріп, өмірден өтіп кеткендері де бар екен. «Үздік есімді апамыз 67 жасында көз жұмды. Марқұм «жайлы үйде отырып, шәй ішсем» деген арманына жете алмай кетті. Жолдасым екеуміз зейнет жасындамыз. Зейнетақымыз азық-түлік, дәрі-дәрмектен артылмайды. Осылай «шықпа жаным, шықпа» деп жүріп жатқан жайымыз бар», – деп аяқтады бізбен сөзін Дара Рахметуллина.
Өз кезегінде, ауыл әкімі Абдуррахман Муса үйдің апаттық жағдайда деп таныл­ғанын растап отыр.
«Бұл 16 көппәтерлі үй бүгінде қауіпті жағ­дайда екенін білеміз. Құрманғазы ауда­нынан арнайы комиссия құрылып, зер­делеу жұмыстарын жүргіздік. Сол негізде тиісті мекемелер сараптама жасап, қоры­тындысында апаттық жағдайда деп таны­лып, тұрғындарды тұрғын үй кезегіне тір­кедік. Бірақ дәл қазір бұл кісілерді көші­ретін мүмкіндік жоқ. 2023 жылы 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құ­рылысы салынады деген жоспар бар. Ғи­ла­ев көшесіндегі №7 үйдің тұрғын­дарына сол пәтерлерден баспана берілуі тиіс», – дейді Абдуррахман Муса.
Иә, үйдің кімге болса да кезекпен берілетіні түсінікті. Бірақ апатты үйде «үйіндінің астында қалмасақ» болғаны деген үреймен күн кешіп жүрген тұрғын­дарды уақытша болса да баспанамен қам­тудың тетігін қарастырған жөн секілді.

Атырау облысы