Қазақ әдебиеті тарихынан ойып орын алған қарымды қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойы есік қағып тұр. Ол «ақырын жүріп, анық басты», соңына ғасырларға кететін қыруар әдеби қазына қалдырды. Көптеген қалам иесі сияқты Әзағаның да шығармашылығы журналистикадан бастау алды. Ол өзін әрқашанда ең алдымен журналиспін деп есептеген. Кейбір жазушылар бұлай деп айтуға арланатыны жасырын сыр емес. Ал Әзағаң үлкен әдебиетке келердегі осынау мамандықты әрқашанда ыстық ілтипатпен сөз етіп, оқырмандармен кездесулерінде жиі айтуды дәстүрге айналдырған. Бірде ол былай депті: «Журналист – жүрек жыршысы. Адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар – журналистер. Журналистердің бармайтын жері, шықпайтын шыңы жоқ. Журналистер – көреген халық. Аспандағы бүркіт жердегі жорғалаған құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің әр лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып жария етеді». «Сыр» атты мөлтек әңгімесінде ол былайша ағынан жарылады: «Мен журналистикада ұзақ жүріп, әдебиетке кеш келдім. Соның өзінде де журналистикадан қол үзбедім: газет, журнал, радио, телевизия тапсырмаларын жиі орындап жүрдім. Өйтпесіме және болмады. Журналистиканың алдында тұрған асығыс, шұғыл міндеттерді мен жақсы білемін. Өзім журналистен шыққан жазушы болғандықтан, оларға көмектесіп отыруды борышым деп есептеймін. Әрине, көп жазушы журналистік заказдарды қабылдамайды. Кейбіреулер оны арзанқол, өткінші жұмыс деп есептеп, бар уақытын көркем шығармаға жұмсауға тырысады. Журналистік қызмет кейбіреулердің қолынан келмейді де. Сондықтан ондайлар газетке очерк, мақала жазуды менсінбейтін кісі боп көрінуге тырысады. Ал журналистиканың бар жанрын құрметтеп өскен менің өйтуге дәтім шыдамайды. Мәселен, телевизия «Қайдасыңдар, қаруластар?» хабарын жүргізуге шақырса, соғыстан келген солдат сен қалай бас тартасың? Бұл да халыққа керек қызмет. Сенің еңбегің жұрттың жігерін тудырса, оларды қоғамдық ерлік еңбекке құштарландырса, тек қана көркем шығарма жазамын, қолым тимейді деп қалай айтарсың?» Ерекше тоқтала кетерлік жайт, Ә.Нұршайықов өмірінің соңына дейін газет-журналдардан, телеарналардан қол үзген жоқ. Мерзімді басылымдардың тапсырыстарын үнемі әрі уақытында орындап беруді дәстүрге айналдырды. Ал телекомпанияларда өткізілетін түрлі хабарға ұдайы қатысып, көкейкесті ойларын ортаға салудан жалықпады. Елгезектігі мен қарапайымдылығы Әзағаңның абыройын асқақтатты, беделін биіктетті. Журналистикадан нанын тауып жеген нар тұлға кеңестік кезеңдегі қаламдас бауырларының тіршілігін де дөп басып айтты: «Біз, жазушылар мен журналистер күні кешеге дейін өз жалынымызды өзіміз көрсете алмай келдік. Өзімізді жұртқа жылу беріп, жарық шашар от деп есептесек, оны лаулатпай, үстіне себезілеп су құюмен болдық. Өзімізді қағазға түскен өрнекті жазу деп бағаласақ, сол жазуды күн сайын резеңкемен өшіріп отырдық. Мұның мәнісі бар өмірімізді көсемдердің сөздерін насихаттап, бар өнерімізді, бойымыздағы дүниеде сирек кездесетін асыл металдар іспеттес талант қуатын партия қаулыларын бұлжытпай жүзеге асыруға жұмсадық. Ол сөздер мен қаулылардың мәніне, дұрыс я бұрыс екеніне баға бермедік. Оны ойлап, сараптауға деген өз тілегімізді қолма-қол өшіріп отырдық. Бұл ойымызды біреу біліп қойған жоқ па екен деп, жалтақтап жан-жағымызға қараумен болдық. Осының салдарынан халықтың жүрегіндегі қайғы-қасіретті көрмедік, көрсек те көңіл бөлмедік. Өйткені партия өмірдің көлеңкелі жағын емес, күнгей жағын көрсетуді қатты қадағалап отырды. Өйтпесек еңбегіміз еш болады, өзіміз сүйкімсіз көрінеміз, қаламақыдан қағыламыз деп ұқтық. Бір сөзбен айтқанда, бір күнкөріс қамын ойладық. Ал күнкөрісіміз қайыршының аз алдында ғана бола тұрса да, өзімізді партияның қолғанаты деп есептедік. Көсемдер солай айтады деп, соған семірдік, соған күпіндік. Көкіректегі талантымызды осылай тоздырдық. Енді таланттың алау боп лаулайтын, айналаға шексіз жарық шашатын шағы туды. Адамның өмірде көрген зорлық, қорлық, қиындығын жасқанбай жариялау парыз. Олай етуге біз қартайып қалдық. Көкіректегі өзіміз су сеуіп, сызып, шимайлап өшірген талант қоламтасын қайта үрлеп жылтыратар күй, қауқар жоқ. Сондықтан біз табиғат берген ой талантын халық өмірінің шамы тәрізді жарқыратып өтуді жас жазушы қауымына, қаламгерлердің келешек буынына аманат етеміз. Өз таланттарыңды өздерің өшірмеңдер. Одан асқан қасірет, қайғы жоқ дейміз», «Журналистика – хабардың қан базары», «Журналист – жортып жүретін жолаушы. Аяңдаса – аш қалады», «Жалқаудан журналист шықпайды. Журналист жортып жүруі керек. Жалқаулар ілбіп аяңдайды». Әзағаның бұл аманат сөзі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Журналистердің сол күнкөріс қамы, сол саясат сарыны күрт өзгере қойған жоқ. Оның қашан, қалай өзгеретіні әзірге беймәлім. Ақырының қайырын берсін дейміз... Алайда өмір өзгереді, алдыңғы толқын ағалардың орнын жаңа ұрпақ жалғастырады. Ал Әзілхан Нұршайықовтың журналистік жолы Семей облыстық «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») газетінің әдеби қызметкері, меншікті тілшісі, «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, жауапты хатшының орынбасары, меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы сияқты баспалдақтармен жүріп, кейіннен Қазақ Совет энциклопедиясының редакция меңгерушісі болды. Журналистік жолдағы еңбектері «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959), «Жомарт өлке» (1960), «Махмет Қайырбаев» (1967), «Жер туралы жыр» (1974), «Мен журналиспін» (1978), «Коммунист туралы сөз» (1982) деп аталатын очерктер жинақтарында көрініс тапса, «Махаббат жыры» (1964), «Ботакөз», «Ескі дәптер», «Әсем» (1966), «Алтын соқпақ» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970, 1972), «Ақиқат пен аңыз» (1976, 1978), «Автопортрет» (1977), «Тоғыз толғау» (1977), «Өмір өрнектері» (2000), «Мәңгілік махаббат жыры» (2005) атты кітаптары қаламгер қаламының қайратын айғақтайтын туындылар санатына енді. Бұқаралық ақпарат құралдарында қапысыз шыңдалған ол әдебиет әлеміне өзіндік келбетімен, стиль даралығымен келді. Оқырмандарды тәнті еткен «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Мәңгілік махаббат жыры» және басқа шығармалары күні бүгінге дейін жұртшылықтың ризашылық сезімін тудырумен келеді. Қазақ әдебиеті тарихында жаңаша форматта жазылуымен ерекшеленген «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіне 1980 жылы Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілсе, Мәскеуде 1985 жылы «Дорогой памяти» деген атпен орыс тілінде 100 мың дана тиражбен басылып шыққан «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогі мен әскери повестері үшін Ә.Нұршайықов 1986 жылы А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Ал 1990 жылы Әзілхан Нұршайықовқа «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы берілді. Қалың оқырман Әзілхан Нұршайықов шығармаларының жазылу тәсіліне де назар аударған. Ұзақ жылдарғы журналистикадағы машықтан да болар ол көбіне-көп бірінші жақтан баяндау әдісін қолдана отырып, оқиға-деректерді ширықтырып әкетеді. Кез келген шығармасын бастап оқыған жан одан басын ала алмай, еріксіз тұсалып қалады. Бұл нені көрсетеді? Әрине, бұл қаламгер шығармашылығындағы шынайылықты танытады. Қара қылды қақ жарған әділеттілік, қалың елдің жүрегіне жол тапқан қарапайымдылық жазушының жан дүниесіне берік қонақтаған қасиеттер тәрізді. Өмірге ерекше ынтызар, тіршілікке құштар ақ көңілді, пәк ниетті, парасатты да адал кейіпкердің бұл өмірдегі көрген-білгендерін шыншылдықпен баяндап, риясыз екшеп, мөп-мөлдір сезімін жайып салуы оқырманға айрықша әсер етеді. Сол оқырман кейіпкердің адамгершілігі арқылы жасалған әрбір іс-әрекетін ой елегінен тынымсыз, тоқтаусыз өткізіп отырады. Міне, Әзағаның кез келген шығармасының оқырманды өзіне тартып, терең ойға жетелейтін себебі осы болуы керек. Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы атап көрсетерлік ең басты ерекшелік – қаламгер туындыларының барлығы дерлік нақты деректерден тамыр тартып, нәр алып жатады. Осындай өзіндік өзгешелігімен де шынайы әрі тартымды. Өйткені Әзағаң кейбір әріптестеріміз тәрізді жалқаулыққа салынып, сүреңсіз, жансыз цифрларды мұрнынан тізіп, орынды-орынсыз самсатып қоймайды. Бұл, әрине жазушы цифрлар мен фактілерді мүлде қолданбайды деген сөз емес. Керісінше, цифр, фактілерді қолданғанда оның әрқайсысы орын-орнымен нақты бір ой-идеяға қызмет етіп, соның құрамдас бөлшегіндей болып тұрады. «Алыстағы ауданда» деп аталатын очерктер жинағынан бастап өмір бойы жазған журналистік еңбектерінің қай-қайсысын алсаңыз да, қаламгердің деректерді ойнатудың дарабозы екеніне көз жеткізесіз. Әсіресе, қалың оқырманды күні бүгінге дейін тәнті етіп келе жатқан «Махаббат, қызық мол жылдар» романының да деректік негіздері жеткілікті. Ең бастысы, мұндағы кейіпкерлердің көпшілігінің прототиптері бар. Мәселен, журналист Ербол Есенов өмірдегі Әзағаңның нақ өзі болса, Меңтай Ербосынова – Нұрғамила Нұрбосынова – оқу ағарту саласында ұзақ жыл бойы абыроймен қызмет атқарған ұстаз, Кентау қаласының құрметті азаматы. Жомартбек Жолдин – Мырзабек Дүйсенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы. Майра Абаева – Майра Ыбыраева да ерекше абыройға бөленген ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі. Тәкен – Әзағаңның майдандас жолдасы аға сержант Тәкен Майшынов, Нәзікеш –Төлеу Қуанышева, Заман – лейтенант Матан Әлімбетов, Тана Серкебаева –Тұрсын Тасқынбайқызы, Батыр ана, оқу-ағарту ісінің үздігі. Сонымен қатар романда шеберлікпен бейнеленген Мұхит Әуенов – ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Ғалым Мәлкен – Мәлік Ғабдуллин, Кеңес Одағының Батыры дегендей кете береді. Сондай-ақ көркем шығарма болса да Ерболдың оқитын жері Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті, Пушкин кітапханасы, Никольск шіркеуі, Никольск базары маңындағы жатақхана, көше атаулары өзгеріссіз алынған. Карл Маркс, Виноградов, Совет, Калинин, Шевченко көшелері сол күйінде аталады. Өмірде бар нәрселер туындыда да өз атымен берілген. Кейбір жер атаулары сәл өзгертіліп алынған: Ақбұзау колхозы – «Ақбота ауылы», Шар стансасы – «Нар» стансасы, Түрген селосы – «Бүрген» ауылы тағы басқалар. Кейіннен Әзағаң «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы қалай жазылды?» деген тақырыптағы оқырманға хатында мына жайттарға да назар аударады. «Кітапқа кірген «Тоғжан» деп аталатын новелла-тараудағы адамдардың бәрі де өмірде болған, кейбіреулері қазір де бар адамдар. «Олар неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қазақ тапқан кіші командирлер: Айтқали Құсайынов, Нәсіп Қалиев, Әбдірахман Бимурзин, Сенбек Молдабаев, Мәншүк Мәметова, офицерлер Қажым Көшеков, Жамалхан Жамалбеков, Ақыраш Андиров, подполковник Әбілқайыр Баймолдин – бәрі де біздің құраманың түлектері болатын. Бұл солдаттар туралы емес, студенттер жайындағы кітап болғандықтан, оқырмандарды жалықтырмау үшін соғыс көріністерін мысқалдап қана алдым. Сол алған жерлеріме ең жоқ дегенде өз кітабымда аттары атала жүрсін деп Отан соғысында опат болған азаматтардың аты-жөнін сыналап кіргізіп отырдым. Осы тарауда аты аталған Ризуан Қалиев қазір бір облыста колхоз агрономы болып қызмет атқарады», – дейді ол. Қаза табар алдында жауынгер жігіт хат жазған Зада есімді қыз да республиканың бір жерінде болуға тиіс екенін қаламгер атап көрсеткен. Әрбір қалам иесінің оған абырой әперетін, табиғаты бөлек туындылары болады. Әзілхан Нұршайықовтың жазушылық абырой-беделін асқақтатқан туынды – «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогі. Жазушы бұл шығармасында ерекше көркемдік шеберлік танытып, тосын әрі жаңашыл сұхбаттық сипаттағы үлгіні еш қапысыз қолдана алған. Екінші бір маңызды себеп – оның бас кейіпкері халқымыздың аты аңызға айналған қаһарманы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы. Кезінде бұл туынды оқырмандарды ғана емес, жазушы мен сыншы атаулыны да дүр сілкіндірді, күні бүгінге дейін оған пікір білдіру, талдау аяқталған жоқ, аяқталмайды да. Өйткені атақ-даңқы жер жарған, бірнеше шет тілге аударылған роман хақында белгілі ғалымдар, жазушылар, сыншылар мақалалар жазып, баспасөзде көптеген рецензия жарияланды. Бірде Әзағаңа «Жұлдыз» журналынан тосыннан телефон қоңырауы түседі. Телефон шалған редакция қызметкері әскери жазушы Б.Момышұлының 60 жылдығына байланысты 6-7 беттей мақала жазып беруін сұрайды. Бұрын жеке адамдар туралы мерекелік мақала жазып көрмеген Әзағаң тұйыққа тірелгендей болады. Оның үстіне, ол туралы Александр Бек «Арпалыс» («Воколамское шоссе») атты роман жазды. Өзі жөнінде Баукең де, өзге әріптестері де жеткілікті қалам тербеген. Ондаған ақын жыр жолдарын арнаған. Қысқасы, бұл жеткілікті жазылған тақырып еді. Сол күндерді жазушы былайша еске алады: «Ондай адам жайында машинкаға басылған 6-7 бет мақалада мен не айта аламын? Жазған күнде оным Баукеңе ұнаса жақсы, ұнамаса ол маған әлдене деп тастайды? Үшіншіден, не жазсам да өзімен сөйлесуім керек. Ал бір қылығы ұнамаған тілшіні тілге келместен үйден талай рет қуып шыққан Бауыржан менімен сөйлесе ме? Сөйлессе, қыбын тауып, керекті материалдарымды ала аламын ба? Осыларды ойлай келе мен бұл тапсырманы мойныма алудан бас тартуды мақұл көрдім. Алайда мақала маған жоспарланып қойылған екен, бас тартуға болмады». «Ақиқат пен аңызды» жазуға Әзағаң мұқият дайындалып, қырықтан астам сұрақ дайындайды, Баукең жайындағы ел аузындағы әңгімелерді сұрастырады, «Арпалысты», батырдың өз шығармаларын шұқшия оқып шығады. Сөйтіп, оқырманға қызықты болуы әрі басқаларды кайталамау үшін қаһарман жазушы өмірінің «Ұшқан ұя» кітабындағы оқиға біткен жерінен бастап, оның «Москва үшін шайқас» кітабы басталатын жерге дейінгі өмірін жан-жақты қамтып жазуға бел буады. Жазушының бұл ой-жоспары мейлінше өміршең болып шығады. Нақты деректік негіздермен әдіптелген туынды формасы жағынан да көпшілік көңіліне қонады. Неге? Себебі қаламгер журналистік тәжірибесін шеберлікпен пайдаланып экспериментке барады: кейіпкер мен автордың диалогіне құрылған роман оқырманды қызықтыра алға жетелейді. Бұл әдеби әдістің газет сұхбатына ұқсамауы үшін әрбір сұрақ-жауап алдында сәл шегініс жасап, өткен-кеткен тарихи оқиғаларды еске алады. Баукеңнің атын алғаш рет қашан естігеннен бастап осыған дейінгі көрген-білгендерін есіне түсіре отырып, соны қойылатын сұрақ мазмұнымен шебер сәйкестендіреді. Кейіпкермен жүздескен сәттегі оның мінез-құлқын суреттеуі, жан дүниесін бейнелеуі, әдеби тәсілдердің ең сәтті маржандарын төгілдіре қолдану арқылы кейіпкерінің портретін сомдауы еріксіз тәнті етеді. Тағы бір атап көрсетерлік жайт, романда кейіпкердің өмір кезеңі хақында болып отырған шақтың тарихи оқиғалары көз алдыңыздан кино ленталарындай тізбектеле өтіп жатады. Автор бұл тәсілді кейіпкер образын сомдауға жіті кіріктіре білген. Шығармада әскери өмірдің қыр-сырлары жан-жақты баяндалады. Осы тұрғыдағы даңқты командирдің бастан кешкендері оқырманды жалықтырмайтындай етіп әңгіме өзегіне айналады. «Ақиқат пен аңыз» – эпикалық тынысы кең, дәуір тұлғаларын молынан қамтыған ауқымды туынды. Онда Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты әскери қолбасылары И.Панфилов, Г.Жуков, Л.Доватор, П.Чернышев, А.Василевский, К.Рокоссовский, И.Баграмян, М.Захаров, И.Чистяков және басқалардың тарихи ерліктері баяндалып қана қоймай, соғыстың ең есте қаларлық драмалы сәттері мен жан тебірентерлік көріністері көз алдыңнан өтіп жатады. Әзағаң даңқты шығармасының өн бойында оқырманын ұлттық бояумен терең қаныққан шұрайлы тілімен, таңғажайып теңеулерімен тәнті етіп отырады. Деректерді салыстыра бейнелейді. Халқымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлы туралы тебірене жазады: «Панфилов 8-гвардиялық дивизияның даналығы болса, Бауыржан дивизияның ар-намысы болды. Панфилов асқар таудай атақты дивизияның табаны болса, Бауыржан оның ең биік шыңы болды. Панфилов дивизияның жүрегіндегі лаулаған оты болса, Бауыржан оның лапылдаған жалыны болды. Панфилов дивизия ерлігінің аспаны болса, Бауыржан сол аспанның төсінде жарқыраған жарық жұлдызы, төбеден аумас темірқазығы болды». Әзілхан Нұршайықов алдын ала дайындаған 4 беттік сұрақтарымен барып 12 сағат сөйлескеннен кейін күнделікті жұмыстан келген соң оны қағазға түсіруге отырады. Арада көп уақыт өтпестен 160 бет қолжазбаны дайындап, алғашқы бөлігін 1971 жылы «Жұлдызда», екінші бөлігін «Жас Бауыржан» деген атпен «Жалын» альманахында жариялайды. Бұл жөнінде Б. Момышұлының 60 жылдығы аталып өткелі жатқан тұста Ә.Нұршайықов оқырмандар сұрауы бойынша «Ақиқат пен аңыз» қалай туды?» атты шағын мақала жариялайды. Роман бірінші рет 1976 жылы басылып шығады. Он бір диалогтен құралған туынды 417 беттен тұрады. Шығарма кітап болып шыққаннан кейін республикамыздың барлық дерлік басылымында жағымды пікірлер жарияланады. Оқырмандар үсті-үстіне телефон соғып, авторға, баспаға және Баспа, полиграфия, кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетке көптеген хат жолдаған. Бірқатар жоғары оқу орнында, орта мектептерде, кітапханаларда бұл кітапқа байланысты ондаған оқырман конференциясы өтеді. Кейіннен оқырмандардың тілегі ескеріле отырып, кітап екінші мәрте басылып шығады. Баспа басшылығы романның кей тұстарын кеңейту үшін қосымша көлем береді. Осыған орай жазушы романға Кеңес Одағының маршалы И.Баграмян, генерал И.Панфилов, генерал А.Лизюков, «Кеңес Одағының Батыры» атағын екі рет алған атақты ұшқыш Т.Бигелдинов, Ұлы Отан соғысының даңқты партизаны Қ.Қайсенов, подполковник Ә.Баймолдин жөнінде жаңа тараулар қосады. 1978 жылы шығатын нұсқасына оқырмандардың тілегін ескере отырып, көлемі 120 бетті құраған 32 қосымша, 43 қысқарту, 383 түзету жасаған. Сөйтіп, бұл роман оқырмандар жаппай оқыған бестселлерге айналды. «Ақиқат пен аңыздың» кітап болып басылуының өзі тар жол, тайғақ кешулерден өткен. Дайын тұрған қолжазбаны жарыққа шығаруға баспагерлер асыға қоймаған. Сол кездегі азуы алты қарыс цензура да роман авторынан бірнеше тарауды «кертіп» тастауды талап еткен. Осы тұста романның редакторы болған жазушы Қабдеш Жұмаділов арыстанша арпалысып, ақырында халықтың құнды қазынасына айналған шығарма тасқа басылып шығады. Әзағаңның бірқатар еңбегі көзі тірісінде жарыққа шықты. «Қазығұрт» баспасы қаламгердің 10 томдық шығармалар жинағын басып шығарса, «Өмір өрнектері» атты әдеби күнделіктері төрт том болып жұртшылыққа жетті. Екінші дүниежүзілік соғыстың шындығын ашып көрсеткен «Әскери күнделік» атауымен баспадан шыққан еңбегі зиялы қауым мен қалың оқырмандардың ерекше ризашылығын тудырды. Әзілхан Нұршайықовтың мұрағатында он шақты томға жүк боларлық әдеби және тұрмыстық күнделіктері, эпистолярлық мұрасы әлі де жетерлік. Болашақта ұлт қазынасына айналатын бұл дүниелер де оқырман қолына жетеді деген үміт бар. Қазақтың классик қаламгері, заңғар жазушы Ә.Нұршайықов туындылары – ұлтымыздың ұлы мұраларының бірі, қасиетті қазынамыз.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, әзілхантанушы