Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Adani Group компаниясының президенті Гаутам Адани Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаны іске қосу перспективаларын талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Көлік және логистика, энергетика, тау-кен металлургия кешені, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларда жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.
Премьер-министр мұның барлығы Қазақстан экономикасы үшін басым бағыттар екенін атап өтті.
«Осы орайда Adani Group-пен ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп санаймыз және сіздің компанияңыздың біздің еліміздегі іскерлік байланыстарды кеңейту ниетін құптаймыз», – деді Әлихан Смайылов.Ол республикада жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және жалпы кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын айтты. Сонымен қатар Үкімет Қазақстанда холдинг жобаларын іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.