Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына мұз көшкіні туралы ескертті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Алматы өзендерінде мұзды су тасқыны, мұз көшу қаупі сейілген жоқ. Алдағы күндері мұз көшкіні болуы мүмкін.
«Сағат 16.30-дар шамасында Есентай өзенінде мұз көшкіні болды. Мұз көшкіні табиғи құбылыс, температураның ауытқуынан туындайды. Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазселденқорғау» мекемесі және басқа да қызметтердің мамандарынан құралған барлау топтары мұз көшкен аймаққа аттанды. Барлау тобы өзен арнасы мен жаяу жүргіншілер жолын мұздан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінде жылжымалы мобильді бекеттер орнатылды», – делінген ТЖД хабарламасында.Сараптама жасаған мамандар мұз Есентай су қабылдағышың үстінде пайда болғанын анықтады. Кей жерлерде Есентай өзенінің арнасының қоршауы бұзылған. Сондай-ақ, кейбір аудандарда мұз кесектері өзен арнасының бойындағы жаяу жүргіншілер жолына да жайылған. Қазіргі уақытта мұз көшкіні Есентай су қабылдағышының үстіндегі өзен арнасында тоқтады. Көшкен мұздың көлемі – 6500-6700 шаршы метр. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Температураның төмендеуіне байланысты өзендерде мұз қабаттары пайда бола бастайды. Ұзақ уақытқа созылған аяз немесе кенеттен жылыну салдары мұз көшкініне (мұзды су тасқыны) әкелуі мүмкін. «Қазселденқорғау» және Төтенше жағдайлар департаменті мамандары дабыл қағып отыр. Жақын күндері мұз көшкінінің жүру қаупі сақталады. Сондықтан Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына Қарғалы, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы және т.б өзен арнасынан алыс болуға шақырады.