Мамандар асқазанынан пакет табылған қар барысын құтқара алмады
Мамандар асқазанынан пакет табылған қар барысын құтқара алмады
310
оқылды
Іле-Алатау ұлттық паркінің бөктерінен бір апта бұрын табылған қар барысы өліп қалды. 8 желтоқсан күні Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағынан әлсіреген қар барысы табылған болатын. Оны тапқан қызметкерлер дереу мамандарға жүгінген.
«Жануардың жағдайы өте ауыр екені белгілі болды. Сол жерде көмек көрсету мүмкін болмағандықтан, дәл диагноз қою үшін жануардың денесінен зерттеуге қажетті жағындылар (ПТР сынағы үшін) және қан сынамалары алынды. Мамандар әлсіреген жануарды Алматы зообағына жеткізу туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, жануар аса ауыр жағдайда болғандықтан, хайуанаттар бағына жеткізілген соң, барыс өліп қалды. Барысқа Іле Алату ұлттық паркі, Зоология институты және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі әріптестермен бірге патологиялық-анатомиялық сараптама жасалды. Қатты әлсіреп шаршаумен қоса, жануардың асқазанынан гельминттердің көптігі, полиэтилен пакеті табылды. Жасы ұлғайған барыстың тістері тозып, аң аулай алмай қалған. Жабайы табиғаттың, Алатаудың көркі болып жүрген барыс өліп қалды. Оны құтқару үшін қолдан келгенді жасауға тырыстық. Бірақ бәрі кеш болды» делінген зообақтың хабарламасында.
Алматы зообағы осы оқиғадан сабақ алып, қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.
– «Табиғат аясына шыққанда адамдар айналаны ластап, қоқыс тастамауы керек. Әсіресе, түрлі тағамдардың иісі сіңген полиэтилен пакеттер жануарлар үшін өте қауіпті. Жануарларға қамқор болып, оларды құтқару – баршаның міндеті мен жауапкершілігі. Біз бірге ғана табиғатты сақтай аламыз», – деп хабарлады зообақ.