Жүректі жылытар мейірімділік
Жүректі жылытар мейірімділік
«Қайырымдылыққа қанжар қарсы сілтенбес» демекші, осындай игілікті істі ұйымдастырып, басы-қасында жүрген жандардың мейірімділігі елге жылулық сыйлайтыны белгілі. Ал жергілікті тұрғындарға істеп жатқан қайырымды істі толыққанды білу, оған қол ұшын беру – әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы, соның ішінде елордалық Ассамблея қайырымдылықты дамытуды қолға алған. Бүгінде ол жұмыс Ассамблеядағы маңызды бағыттарының біріне айналған. Сол үшін де Астана қаласының «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы 2019 жылы Достық үйінің жанынан әлеуметтік саясатты қолдау және дамыту мақсатында құрылған болатын. Халықтың әлеуетін жақсарту ниетінде қалалық Ассамблея тарапынан қандай игі істің басы-қасында жүргені жайында мекеменің бұқаралық іс-шараларды қоғамдық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Камета Ибраева айтып берді. – Камета Баймерзақызы,  «Жанашыр жүрек» республикалық қайырымдылық акциясын өткізіп, халықтың әлеуметтік осал топтары, яғни аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты қарттар, көпбалалы отбасылар және ерекше қажеттіліктері бар балалар санатындағы 60 отбасы азық-түлік себеттері берілген болатын. Бұл жақында өткізілген қайырымды істің бірі ғана. Әлі қаншасы бар, нақты санын айта аласыз ба? Оған қанша қаржы жұмсалды? – Негізі орталық көптеген адамға көмек көрсетеді. Оның ішінде  балалар, қарттар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтар да бар. Үш жыл ішінде Орталық мұқтаж адамдарға көмек көрсету бойынша үлкен және ауқымды біраз жұмыс атқарды. Биылдың өзінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері «Парасат» қайырымдылық үйлестіру орталығы 25 қайырымдылық акциясын өткізді. Сөйтіп, аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен қарттарға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға, яғни 4 200-ден астам адамға көмек көрсетілді. Оның бәріне 39 771 558 мың теңге жұмсалды. мейірімділік – Жалпы, елге қайырымдылық жасаудың қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз? – Мейірімділік жүректен демей ме, сондықтан біз біреуге көз қылу үшін көмектеспейміз. Бір ел, бір мемлекетте өмір сүргендіктен жанашырлық танытып, әрқашан тұрғындарға қамқорлық танытуға тырысамыз. Себебі  елдегі халықтар достығы – біздің еліміздің баға жетпес байлығы.  Осыны еліміздің әрбір азаматы жақсы түсінеді. Сондықтан көпұлтты мемлекет болсақ та, мұндағы тұрғындар бір-біріне өте мейірімді. Ел ішіндегі мейірімділік, татулықты сақтау үшін бір-бірімізді қиындықта қолдап, демей білуіміз керек. Мәселен, елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері қарттардың ауласын қардан тазартуды дәстүрлі сенбілікке айналдырды. Не болмаса Астанадағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Алғыс айту күніне арналған қайырымдылық акциясын өткізді. Мақсат – халықтың әлеуметтік осал топтарына назар аудару және қайырымдылық акциясы аясында қамқорлық көрсету. Мекеме қонақтарына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ұлттық тағамдардан дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама әзірленді. Сол себепті, біздегі қайырымдылық шаралар нақты белгіленген бір күндері ғана емес, үнемі ұйымдастырылып отырады. – Ассамблея тарапынан өткізілетін қайырымдылық істерге этномәдени бірлестіктер қаншалықты атсалысады? Дәстүр бойынша этномәдени бірлестіктердің мүшелері Ассамблея ұйымдастыратын барлық қайырымдылық шараларына қатысып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, соғыс ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне көмегін аяған емес. Мәселен, елордалық Ассамблея этномәдени бірлестіктердің кәсіпкерлерімен бірлесіп, «Қамқор» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акция негізі Қазақстан  Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл және Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған болатын. мейірімділік Тағы бір дәлел – Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қазақстан Республикасы Әзербайжандар қауымдастығы» ҚБ, «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ өкілдерінің ұйымдастыруымен Елорда күніне арналған қайырымдылық акциясы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі, Астана қаласының SOS балалар ауылы, «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» КММ, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Ондағы басты мақсат – ел арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайту, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін жаңғырту және дамыту. Шара барысында 500-ден астам адамға арнайы палау пісіріліп,  бауырсақ пен ыстық шай ұсынылды. Сонымен қатар  қонақтарға қалалық мәслихаттың этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, өнерімен елді тамсандырды.   – Биыл – Балалар жылы. Соған орай, елімізде балаларға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сіздер де атсалысқан боларсыздар? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үміт артатынын, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың  қажеттілігін айтып, 2022 жылды  Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Сол кезде Президент өз сөзінде: «Бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық, бұл  – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Осының негізінде Балалар жылына арналған қайырымдылық концертін өткізіп, одан түскен қаржыны емделуге мұқтаж балаларға қаржылай көмек көрсетуге жұмсауға мақсат еткен. Соның бірі –  2016 жылдан бастап Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Тамерлан Сейчоновтың жүйелі ем алуына қаржылай көмек көрсетіп жатырмыз. Екіншіден, осы жылдың аясында елордадағы Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол – шекарасыз ізгілік» ұранымен «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын өткізді. Мұнда әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық алдында материалдық көмек көрсетілді. Іс-шара дәстүрлі және жыл сайын өткізіледі. Осының арқасында 100-ге жуық балаға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табысталды. Сонымен қатар  Достық үйіне шақырылған балалар үшін кәсіби аниматорлар ойын-сауық бағдарламасын ұсынды. Олар мультфильм кейіпкерлерімен бірге қызықты ойындарға қатысты. Қиялдағы арманға қол жеткізу мүмкін екенін көрсеттік. Кеш соңында бүлдіршіндерге елордалық Ассамблеяның шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен ұласты. Үшіншіден, Балалар жылы және  Конституция  күні аясында елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі балаларға арналған  SOS  қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Астана қаласының «Саржайлау» этноауылында «Балалар ауылы» ашылды. Сөйтіп, кішкентайлар этникалық ауылды аралап қана қоймай, қазақ халқының бай тарихымен, өнері және салт-дәстүрімен танысты. «Мың естігеннен, бір рет көргенге не жетсін» дегендей, балаларды салт-дәстүріміз, оның ішінде тілашардың қалай өтетінін көрсеттік. Оған қоса, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге ақсақалдар бата беріп, әжелер тәтті дәмнен дәм татып, шашу шашты. Осы салт-дәстүрдің мән-мағынасы түсіндірілді. Артынан  мерекелік дастарқан жайылып, астаналық «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы бүлдіршіндерге ән мен күйін тарту етті. – Төтенше жағдай туындаған аймақтарға да қолдау көрсетіп, қайырымдылыққа үлес қосу қиын емес пе? – Жақында ғана болған Екібастұздағы жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Мұндайда ешбір азамат бейжай отыра алмайтын шығар. Сондықтан аяқасты туындаған төтенше жағдайда көмек қолын созуға барымызды саламыз. Мәселен,  Қостанай облысындағы төтенше жағдайға байланысты Достық үйінде жедел штаб құрылды. Сөйтіп, қалалық Ассамблея мүшелері азық-түлік, төсек-орын және ең қажетті заттарды жинауды ұйымдастырды. Нәтижесінде, Қостанай облысына 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтілді. Сонымен бірге  Астанадағы Қазақстан халқы Ассамблеясы  Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесіп, «Қан тапсыр – ӨМІРді сақта!» акциясын өткізді. Шараның басты мақсаты – өмір үшін күресіп жатқан жандарға қан тапсыру. Бастысы, бұған 18 жасқа толған азаматтардан бастап, кез келген адам қатыса алды. Тіпті, қан тапсырушылардың арасында Қазақстан халық Ассамблеясының мүшелері, донор болуға тілек білдірген жастар мен еріктілер қатысты.