ЕҰУ-да Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына орай халықаралық конференция өтті
ЕҰУ-да Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына орай халықаралық конференция өтті
366
оқылды
Биыл 15 желтоқсанда Қазақстанның белгілі халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов 100 жасқа толады. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияны Еуразия ұлттық университеті және Қазақстанның бас редакторлар клубы бірлесе ұйымдастырды. Шараға еліміздің, Өзбекстан мен Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми қауымдастық өкілдері белгілі жазушылар, әдебиеттанушылар, филологтар, журналистер қатысты. Әзілхан Нұршайықов
«Әз-ағамыздың өмірі мен жүріп өткен жолы өнегеге толы. Өмірінің қай кезеңінде болса да,  биік адамгершілік мұрат деген ұстанымына адал болды. Ол майдан жазбалары арқылы Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті дәріптеді, талай ұрпақтың бойтұмарындай болған «Махаббат, қызық мол жылдарда» адал сезімді ту етті, жастарға тек адалдық пен еңбексүйгіштікті өсиеттеді. Қазақ халқының ұлы мұраттарын, асыл қасиеттерін бүгінгі күнге дейін жеткізген, келесі ұрпаққа жалғаған асыл текті ақсақал-абыз еді», – деді ЕҰУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов.
Халық жазушысының майдандағы жазбалары туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы баяндама жасады. Ол Әзілхан Нұршайықовтың майданнан 16 күнделік әкелгенін атап өтті. Оның көзі тірісінде бұл жазбалардың бірінші томы ғана жарық көрді. Қазір екінші бөлімі баспаға дайындалуда. Қазақ ақыны, журналист Несіпбек Айтұлы Әзілхан Нұршайықов адамгершіліктің символы екенін атап өтті. Әзілхан Нұршайықов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп өз сөзінде «Махаббат қызық мол жылдар» романы қолдан-қолға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде берілген санаулы отандық кітаптардың бірі екенін атап өтті. Конференция аясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мұратбек Тоқтағазиннің «Замансөз заңғары» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа жинақта Әзілхан Нұршайықовтың «Өмір өрнектері» атты IV томдық кітабынан үзінділер және әр уақытта баспа беттерінде жарық көрген мақалалары жарық көрді. Автор халық жазушысының қоғам, заман, адам туралы толғауларын оқырманға жеткізуге тырысқан. Конференцияға қатысушылар Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын журналистика, әдебиеттану, публицистиканың әр аспектісінде талқыға салды. Сондай-ақ, жазушының кітаптары мен фотосуреттерінен тұратын көрме ұйымдастырылды.