Қазақстанда бірқатар елдерге туристік турларды сату тоқтатылды
Қазақстанда бірқатар елдерге туристік турларды сату тоқтатылды
5,137
оқылды
Бүгінгі таңда ҚХР-дан басқа коронавирустық инфекция таралуының расталған жағдайлары тағы 26 елде тіркелген. Енді қазақстандық туроператорлар осы бағыттар бойынша турлар сатпайды, – деп хабарлайды Алматы қ. РСК баспасөз қызметі. Алматыда коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында күдікті аймақтарынан келген барлық адамдарға күшейтілген бақылау жүргізіледі. Ақпан айынан бастап күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау Алматы қаласының әуежайына келетін барлық халықаралық рейстер бойынша жүргізіледі. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымованың ақпараты бойынша, алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлу қажет. "Тұмау мен ЖРВИ – мен сырқаттанушылықтың жоғары кезеңін, сондай-ақ бірқатар шет елдерде коронавирус ауруларының өсуін ескере отырып, тұрғындарға вирустық аурулардың жеке алдын алу шараларын сақтау және адамдар көп жиналатын жерден аулақ болу ұсынылады", - деп ескертті ол. Қазіргі уақытта коронавирусты жұқтыру жағдайлары тіркелген елдерге турларды ұйымдастыру бойынша туроператорлардың қызметі тоқтатылды. Коронавирусты жұқтыру жағдайлары анықталған елдердің тізбесі: Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия, Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, БАӘ, Канада, Үндістан, Филиппин, Италия, Испания, Иран, Ресей, Финляндия, Непал, Камбоджа, Шри-Ланка, Швеция, Бельгия, Египет.   Алматыда коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі өңірлік штаб әуежай аумағындағы өткізу пункттерінде, темір жол станцияларында, автомобиль өткелдерінде лауазымды адамдардың өзара іс-қимыл алгоритмінің сақталуына бақылау жүргізеді. Мегаполисте жеткілікті медициналық құралдар, оның ішінде маскалар бар. Сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар 1406 нөмірі бойынша хабарласа алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа есебінде соңғы тәулікте материктік Қытайдан тыс жерлерде жұқтырғандар саны 202-ге өсіп, 1402-ге жетті. Екі жаңа елде коронавирус анықталды. Бұл Ливан мен Израиль. Барлық ауру 28 елде, соның ішінде Ресейде де табылды. Қазақстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ.