«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар іс-шара өткізді.
Солардың бірі - Тәуелсіздік күніне арналған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен кездесу.
Шараға елордалық мәслихат депутаты, Е. Рахмадиев атындағы Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармонияның директоры Дәкенов Ерлан, филология ғылымдарының докторы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев, ақын Асан Мирас, Жүніс Ерлан, Сәрсенхан Батырхан және тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл қатысып, жастармен жүздесті.
Жастар қанатының белсенділерімен өткен кездесу барысында қонақтар желтоқсаншылар жайында сөз қозғап, тарихтан сыр шертті. Күрескерлерге арналған өлең шумақтары оқылып, поэзия кешіне ұласты.
Аманжол Әлтаев тәуелсіздік тақырыбын жастар жадында жаңғырту ерекше рөл ойнайтынын айтты.
«Қоғам мен елдің дамуындағы қозғаушы күші – жастар. Жастарымыздың жадынан қазақ халқының жүріп өткен жолын, тәуелсіз болсам деген арманын шығармаған жөн. Терең түсініп, ұғына білген азамат қана бұл мерекенің маңыздылығын сезінеді деп ойлаймын. Бүгінгі кездесуде өскелең ұрпақ көзінен Отанына деген сүйіспеншілігін көріп, қуандық десем қателеспеймін. Азаттықты аңсап кеткен бабалар үмітін ақтап, болашақты жарқын ету, міне осы жастардың қолында», - деді ол.
Жастардың айтуынша, республика бойынша барлық аймақтарда Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен кездесу өтті.