Бұл күн – азаттығымыздың басты символы
Бұл күн – азаттығымыздың басты символы
236
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қабылдап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Отырысты ашқан Сенат Төрағасы алдымен Тәуелсіздік күнінің маңызына тоқталып, отырысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады.
«Тәуелсіздік күні – еліміздің ең ұлық мереке­лерінің бірі. Бұл күн – азаттығымыз бен еркіндігі­міздің символы. Шын мәнінде, еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің бәрі осы Тәуелсіздіктің жемісі. Тәуелсіздіктің арқасында біз демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудамыз. Қазір бүкіл әлем алмағайып кезеңді бастан өтке­руде. Осындай күрделі шақта елдіктің іргесін бекі­тіп, Тәуелсіздікті нығайту – басты міндет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Рес­публикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағ­дайлардың алдын алу және оларды жою сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімді рати­фикациялау туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдай­лардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарап, қабылдады. Қабылданған заңдар елдердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және тәжірибе ал­масуға мүмкіндік береді.
«Бұл келісімдер көрші елдермен бірлесіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуды көздейді. Заң нормалары осы бағыт­тағы бірлескен шараларды іске асыру үшін құқық­тық негіз қалыптастырады. Аталған заңдар осы са­ла­дағы өзара іс-қимылдарды жүзеге асыра оты­рып, көрші елдермен ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы инвес­тицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабыл­дады. Бұл заң шетелдік инвестицияларды тарту және екі елдің инвесторларының құқықтарын қор­ғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Сондай-ақ палата отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі­не сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң қабылданды. Құжатқа енгізілген жаңа нормалар соттарға деген сенімді арттыруды және азаматтық қоғамның сот ісін жүргізу рәсіміне қатысуын жандандыруды көздейді. Жалпы, бұл заңның негізгі мақсаты – қылмыс­тық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру. Сол арқылы қоғамның құқықтық мәдениетінің өсуі және сот төрелігінің нәтижелеріне азаматтардың қанағаттану деңгейінің артуы қамтамасыз етілмек. Қазір Қазақ­станда соттар алқабилердің қатысуымен тек аса ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істерді қарайды. Заңда алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын қылмыстық істер санатын ауыр және ауырлығы орташа қылмыстардың тағы 13 құрамымен кеңейтуге қатысты нормалар бар. Осы заң бойынша пікір білдірген Мәулен Әшім­баев бұл бағыттағы жаңа нормалар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мақсатымен қабылданғанын айтты. Палата отырысында бірқатар сенатор өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Айнұр Арғынбекова еліміздегі ядролық меди­цинаны дамыту мәселелері туралы айтып, оларды шешу бойынша өз ұсыныстарын айтты. Амангелді Толамисов елде құмар ойындар мен букмекерлік кеңселердің жарнамасы көптігіне алаңдаушылық білдірді. Ол шамадан тыс жарнама көбінесе адамның құмар ойындарға тәуелді болуына әкелетінін атап өтті. Ғұмар Дүйсембаев отандық зергерлік өнеркәсіпті қолдау шараларын күшейтуге шақырды. Атап айт­қанда, сенатор көлеңкелі импорт пен контрабандаға қарсы күресті күшейтуді, ломбардтарды пайда­ланылған зергерлік бұйымдарды тек ішкі нарыққа сатуға, сондай-ақ басқа да шараларды қолдануға міндеттеуді ұсынды. Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Қордай ауданында электр энергиясының тапшы­лығына наразылығын білдірді. Онда электр энер­гия­сының 90 пайызы көрші Қырғыз Респуб­ликасынан жеткізіледі. Сенатордың айтуынша, «Қордай 220» электр стансасының құрылысы осы мәселенің оң шешілуіне септігін тигізеді.