Қоқыс – күрделі мәселе
Қоқыс – күрделі мәселе
Көкшетауда қоқыс – ондаған жылдан бері қорда­ланып келе жатқан күрделі мәселеге айналып отыр. Көпқабатты кез келген үйдің маңындағы бірнеше қоқыс кон­тейнерлері аузы-мұрнынан шыға үйіліп, шашылып жатқан тұр­мыстық қалдықтардан арыл­майды. Бұл проблема телеарна мен газет беттерінде талай кө­терілсе де, күні бүгінге дейін ше­шімін таппай келеді. Ушыққан жағдай мен халық наразылығының көбеюіне бай­ланысты «AMANAT» партиясы­ның Ақмола облыстық филиалы жанындағы Экологиялық мәсе­лелер бойынша қоғамдық ке­ңестің отырысында талқыланып, қоқыс тасушы компания және атқарушы құзырлы органдар өкіл­дерімен кездесу өтті. Қо­ғамдық кеңес төрағасы, Көкше­тау қалалық мәслихатының де­путаты Мәриям Әбішеваның төрағалығымен өткен жиналыста Ақкөл ауданының әкімі Юрий Курушин мен Степногорск қала­сының әкімі Алпысбай Қайыр­жанов қоқыс қалдықтарды бөлек-бөлек сұрыптау жүйесін енгізу туралы атқарылып жатқан жұ­мыс­тарын баяндады. Көкшетаудағы басты екі қоқыс полигонының бірі Омбы трассасы бойындағы қоқыс оры­ны толып кеткендіктен, экологтар қоқыс төгуге тыйым салған. Крас­нояр және Элитное село­сының маңындағы қоқыс поли­гоны тұрғындардың жанған қал­дық түтіні мен газынан зәрезап болып, наразылық білдіруінен кейін жабылған. Бүгінде қоқыс төгетін басқа заңды полигон болмаған соң Омбы трассасындағы ескі поли­гонға қоқысты төгу одан әрі жал­ғасып жатқан көрінеді. Көк­ше­тауда қоқыс төгумен айна­лы­сатын екі компанияның бірі – «Елеме­сов» жеке кәсіпкерлігі­нің жетек­шісі Әди Рашитұлы­ның айтуын­ша, жабық по­лигонға қоқыс төк­кен кәсіп­кер­лер үлкен айып­пұлмен жазала­нып отыр. Ал TAZA KYZMET ЖШС-ның жетекшісі Дуслан Ахметов алды­мен халықты қоқысты сұрыптау мә­дениетіне үйрету қажеттігін, ба­­лаларды жастайынан осыған бау­лу, барлық оқу орындарында бө­лек жинауға арналған кон­тей­нерлер орнату, оқу-шеберлік са­бақ­тарын, жарыстар өткізу ке­рек­тігін, барлық мемлекеттік ме­ке­ме­лерде макулатура мен пласт­массаға арналған эко­бокс­тарды орнату қа­жеттігін, қал­дық­тарды бөл­шек­теп жинайтын көше кон­тей­нер­лерін сатып алуға қаржы ресурс­тарының жетіспеу­шілігін айтты. Қоқыс тасушы компаниялар да бұл мәселеге қатысты өз уәж­дерін жеткізді. Айтуынша, қала тұрғындары үйде тұратын адам­дардың санын жасырып, уақы­тында төлем жасамайды. Қоқыс тасушы компаниялармен келі­сімшарт жасаудан қашады. Сал­дарынан қоқыс компанияларына тұрғындардың жылдар бойы тө­ленбеген қарызы миллиондап саналады. Жалпы, Көкшетау қаласының маңынан жаңадан полигон құры­лысына 60 гектар жер телімі бел­гіленген. Алайда жобалық-сме­та­лық құжаттарды даярлау, мемле­кеттік сараптама, экологиялық саралау қорытындысын күтуге жыл жарым уақыт қажет екен. Сондықтан да Көкшетауда құ­рылысы 2024-2025 жылдарға жоспарланған қоқыс полигоны ашылғанша бұл мәселе өзекті болып қала бермек. «AMANAT» партиясы жанындағы Эколо­гия­лық кеңес бұл мәселені бақыла­уында ұстайтын болады.