Ескі жылға есеп берер, жаңа жылға жоспар құрар желтоқсан – қазақ үшін қастерлі ай. Осыдан тура 31 жыл бұрын еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялады. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған арайлы ақ таңы атты. 31 жылда ел егемендігін нығайта түсу үшін қыруар шаруа тындырылғанына уақыт куә. Айтулы мерекеге орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаевпен сұхбаттастық.
– Алда келе жатқан тәуелсіздік күні құтты болсын! «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Десек те, сіз үшін бұл ұғымның мәні қандай?
– Мемлекет пен Отанға жаны ашитын әрбір азамат үшін тәуелсіздіктен үлкен мереке, тәуелсіздіктен қастерлі күн жоқ. Өйткені бұл ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандаған, Алладан тілеген, мұрат еткен қуанышы. Тәуелсіздік жолында қаншама боздақ жанын қиды, қаншама жан қанын төкті. Барлығының жүрегіне ұя салған жалғыз арман ол – азаттыққа жету еді. Өкінішке қарай, біз тәуелсіздікке жету тарихымызды тоқсаныншы жылдардан бері қарайғы уақытты қарастырамыз. Негізі қазақ халқының еркіндікке деген мұратының қалыптасу кезеңі ғасырлармен есептеледі. Кешегі Алтын Орда дәуіріндегі, оның алдындағы көк түріктердің кезеңіндегі бабаларымыздың мұраты тәуелсіздік болды. Күлтегіннің көк тасқа ойып жаздырған ескерткіштерінде де: «Ұлым құл болмасын, қызым күң болмасын. Түркінің балалары еркін, бақытты өмір сүрсін...» деген арман айқын көрініп тұр. Бабаларымыз қай кезеңде де тәуелсіздіктің құндылығын жүрегінен шығарған емес. Жоңғар-қалмақпен соғысып, ел шетіне жау келген кездерде де қазақты ұлы жеңістерге жеткізген мақсат – ұлтымыздың еркіндікке деген құштарлығы. Қаз дауысты Қазыбек би: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Әкеден ұл туса құл болам деп тумайды, анадан қыз туса күң болам деп тумайды. Басымыздан сөз асырмаған елміз, дұшпанға басындырмаған елміз» дейді. Осы сөздің астарынан халқымыздың өмірлік мақсатының тәуелсіздік екенін білуге болады. ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлері не үшін жанын қиды? Дербес мемлекет қалыптастыру үшін Алаш автономиясын іргелендіру үшін жер бетінде ешкімге тәуелсіз мемлекет қалыптастыру үшін ғұмырларын қиды. Ендігі кезекте біз тәуелсіздік ұғымын жас ұрпақтың жүрегіне құюымыз керек. Мектеп қабырғасынан бастап тәуелсіздіктің қаншалықты қастерлі екенін, бағалай білген жанға бұдан асқан ұғымның жоқ екенін сезіндіре алуымыз керек. Мысалы, жер бетінде елі, жері, мемлекеттік рәміздері жоқ ішіне қайғы толып жүрген қаншама ұлттар бар. Ендеше, бүгінгі еліміздің тәуелсіз өмірі әрбір қазақстандыққа бағалы. Қолымызға төлқұжатымызды ұстағанда, көк байрағымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалған кезде кеудемізді еріксіз мақтаныш сезімі кернейді. Яғни бізді қорғайтын, қолдайтын отанымыздың бар екенін сезінудің өзі әрбіріміз үшін үлкен бақыт. Ал тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтау – әрбір қазақстандық азаматтың парызы деп есептеймін.
– 16 желтоқсан – Тағзым ету күні. Президентіміз де өз сөзінде: «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деді. Біз желтоқсандықтарға лайықты баға бере алдық па?
– Бізді жетпіс жылғы тоталитарлық жүйенің темір құрсауынан босатып берген, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – желтоқсандықтар. Желтоқсан оқиғасындағы қазақ жастарының жанайқайы, рухы сақылдаған сары аязда алаңға шығуға себеп болды. Осылайша қазақ халқының тәуелсіз мемлекет болғысы келетінін, жүрегіндегі датын жеткізген. Ең алғашқы азаттықтың жаңғырығы желтоқсаннан бастау алады. Әрине, оған дейін де ғасырлар бойы тәуелсіздікке деген халқымыздың ұмтылысы аз болмаған. Дей тұрғанмен ХХ ғасырдағы халқымыздың азаттыққа деген арман, мұратымыздың ресми түрде сұралған күні желтоқсан деп есептеймін. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, біз желтоқсан қаһармандарын үнемі құрметпенен, мақтанышпен еске алуымыз керек. Желтоқсандықтарға лайықты 100 пайыз баға бере алдық деп айта алмаймын. Әлі де оларды насихаттауда, жас ұрпақтың жүрегіне сіңіруде борыштармыз. Осы тұрғыда көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Желтоқсан оқиғасын тек 16 желтоқсан күні есімізге алмай, жыл он екі ай бойы батырларымыздың ерлігін насихаттауымыз керек. Сол арқылы жастардың бойындағы мемлекетшілдік пен отаншылдықты оятып, елін сүюге тәрбиелейміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 25 қазанды ресми Республика күні атап, 16 желтоқсанды тәуелсіздік үшін жанын қиған тұлғаларымызды еске алу күні деп бағалауы тарихи әділеттілікті қалпына келтірді. Осы күні тек қана желтоқсан қаһармандарын ғана емес, ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен тұлғаларымызды еске алуымыз керек. Қаһармандарымызды бір мақсат, бір мүдде біріктіріп тұр.
Айтыстың көрермені қартайып бара жатыр
– Биыл Алтын домбыраны өзіңіз тізгіндедіңіз. Аламан айтыстың жоғары деңгейде өткенін естіп жатырмыз. Дегенмен айтыстың аудиториясы қай деңгейде? Қазір айтысқа жастар қызыға ма?
– Биыл Жүрсін ағамыз денсаулығына байланысты Алтын домбыраға қатыса алмады. Жүрсін Ерманның шәкірті ретінде, жауапкершілік жүктелгеннен кейін Алтын домбыраның басы-қасында өзім болдым. Тек қазақ баласының ғана рухани астанасы емес, түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы Түркістанның төрінде екі күн бойы аламан айтыс болды. Жыл бойы айтыстардан жүлдегер болған ақындар бақ сынасты. Нәтижесінде Еркебұлан Қайназаров деген жігітке Алтын домбыра бұйырды. Жасыратыны жоқ, айтыстың көрермені қартайып бара жатыр. Көбінесе үлкен кісілердің айтысқа деген қызығушылығы басым. Ал жастардың айтысқа деген ықыласы биік деңгейде деп айта алмаймын. Арасында айтысты жақсы көретін жастар бар. Бірақ олардың саны аз. Сондықтан әлеуметтік желі бала санасын құрсаулап бара жатқан аласапыран кезеңде ұрпақты ұлттық дәстүр, ұлттық өнер арқылы тәрбиелеуіміз керек. Бұл ұлт болашағына жанашырлықтың айқын көрінісі. Ұлымыз намысты, қызымыз инабатты болсын, жүрегінде отаншылдық, мемлекетшілдік сана қалыптассын десек, осындай дәстүрлі өнердің уызына емізіп өсіруіміз керек. Олардың жүрегіндегі ұлттық өнерге деген махаббатын оята білуіміз керек. Өкінішке қарай, жастар айтысқа бармайды. Керісінше эстрадалық жеңіл музыкаға бейім. Аға буын өкілі ретінде осы мәселе менің де қабырғама батады. Жастарды айтыс сияқты ата мұра өнерімізге тәрбиелеуіміз керек. Айтыс тыңдаған жас ешқашан теріс ықпалға еріп кетпейді. Батыстың лас ақпараттарының жетегінде ермейді. Отбасында бала тәрбиелі болып өсуі үшін өнердің нәрімен сусындатуымыз керек. Ең бірінші, бұл қасиет адамның жан серігі кітап оқу арқылы қалыптасады. Екінші, айтыс, жыршылық, дәстүрлі ән, театр өнерлері арқылы балаларды сусындата білсек, дағды қалыптасады. Сондықтан бұл тұрғыда жауапкершілік үлкендерге артылады. Егер мәселенің себебін айқындап, оның алдын алмасақ, уақыт өткен сайын асқына береді. Сондықтан жастардың мәдени танымын қалыптастыруда осындай жұмыстар істеуіміз керек.
– Сонда құндылықтар неге өзгерді?
– Елу жылда ел жаңа демекші, жылдар сайын құндылықтар өзгеріп жатыр. Өйткені оған ең бірінші ақпараттық технологиялар да әсер етуде. Жастар әлеуметтік желідегі сүзгіден өтпеген, қаптаған ақпараттың астында қалып жатыр. Жас буынның ақпаратты таразылап, керегі мен керексізін талдап-таразылап айыруға мұршасы келмей жатыр. Содан кейін құндылықтарды айқындау мен бағалауда шатасады. Сол себепті де балаға кішкентайынан бастап ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан құндылықтарды сіңіруіміз керек. Бала кез келген ақпаратты тез қабылдап алады. Сондықтан да жастарға үнемі бағыт-бағдар беріп отыруымыз керек. Әрине, интернеттің ықпалындағы заманда өмір сүріп жатқан кезде әлеуметтік желінің бәрінен баланы тия алмаймыз. Дегенмен баланың ақпаратты талғап қарауына, жақсы мен жаманды айыруына біз жетекші болуымыз керек. Ол үшін ата-ана мен баланың, үлкендер мен жас ұрпақтың арасында байланыс болуы керек. Байқасаңыз, қазір қатар отырған екі адам бір-бірімен әңгімелеспейді. Қолдарындағы смартфондарымен әлек болады. Балаларды телефон тәрбиелеп жатқан заманда ата-ананың құрметін көтеруіміз керек. Ең болмаса, ата-аналар жұмыстан келген уақыттарында балаларымен диалог құруы керек. Абай: «Жақсылық көрсең – ғибратлы. Жамандық көрсең – нәфратлы» дейді. Сондықтан жамандық неде, жақсылық неде екенін баланың санасына құйып отыру керек.
Билік пен халықтың арасында диалог қалыптасуда
– Қаңтар оқиғасынан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Қаңтар қасіретінен қандай сабақ алуымыз керек?
– Қаңтар оқиғасынан алатын сабағымыз үлкен. Біріншіден, қаңтар оқиғасы нені көрсетіп берді? Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында мемлекетшілдікті, отанын, өскен өңірін бағалай білу, қастерлей білу тұрғысынан көп кемшілік жіберіп алғанымыз көрініп қалды. Алматыда ғимараттарды тонау, өртеу сынды факторлар орын алды. Бұл өкінішке қарай, кейбір жастардың жүрегінде мемлекетшілдіктің, отаншылдықтың төмен екенін айқындады. Яғни қандай қиын жағдай болса да адам баласы өзінің мемлекетін сақтап қалуға, қорғап қалуға дайын болуы керек. Одан биік дүние болмауы керек. Мемлекет деген сіздің тұрып жатқан қалаңыз, оның ғимараттары. Сондықтан «Бұл – менің отаным. Біздің елдің қаласын сән-салтанатымен сақтау – менің парызым» деген патриоттық сезім жастардың бойында болуы керек. Сонымен қатар қаңтар оқиғасы құқық қорғау органдары саласына реформаның керек екенін дәлелдеді. Ескірген ескі жүйедегі көптеген кемшіліктердің бетін ашып берді. Мұның барлығы ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жатыр. Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру кешегі ескі жүйенің кемшілігінен сабақ алудан басталады. Болашақта Жаңа Қазақстан қалыптастырамыз десек ескі жүйеде жіберіп алған қателіктерімізден сабақ алуымыз керек. Сонда ғана қаңтар оқиғасының қайталанбауы үшін арқамыздан үлкен міндет түседі. Сондай-ақ қаңтар оқиғасы билік пен халық арасындағы диалогтың үзіліп қалғандығын көрсетіп берді. Халықтың мұң-мұқтажын, жанайқайын биліктің естімеуінен әлеуметтік мәселелер себеп болып, қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалды. Сондықтан да қазір Президентіміздің әрбір жаңа реформасының астарында «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Халыққа есеп беретін Үкімет» қағидаты жатыр. Яғни билік пен халықтың арасында диалог қалыптасуда. Халықтың жан-айқайын, мұң-мұқтажын еститін билік қалыптасқан кезде ғана, екі ортада тепе-теңдік, әділеттілік қалыптасады. Ол саяси жүйедегі әділеттілік, экономикадағы, бизнес, руханият, мәдениет саласындағы әділеттілік. Осылардың барлығын кешенді түрде жүзеге асырған кезде ғана қаңтар оқиғасы сияқты қиындықтардан өзімізді сақтай аламыз. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының негізгі бағыты, мақсаты осы. Әділетті Қазақстан, әділетті қоғам қалыптастыру Президентіміздің сайлауалды тұғырнамасы ғана емес, жалпы елді басқару доктринасы. Болашаққа біздің барар жолымыз. Кез келген салада әділеттілікті қалыптастыра алмасақ түрлі қателіктерге бой алдыруымыз мүмкін. Сондықтан өткеннен сабақ алып, бүгінімізді санаға тоқуымыз қажет. Болашақтағы қадамымызды ақылмен сараптауымыз керек деп есептеймін. Халықтың несібесін 162 олигархтың еншілеп алуы сынды әділетсіздіктер жиналып келіп қаңтар оқиғасына тікелей себеп болды. Сондықтан бір референдум арқылы Конституцияға да өзгерістер енгіздік. Заңдарды толықтырып, жетілдіріп жатқандағы негізгі мақсатымыз әділетті қоғам қалыптастыру. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің қаттырақ сөйлеп, тапсырма беруінің астарында Үкіметке деген жауапкершіліктің үлкен екенін түсіндіру бар. Баяғыша жайбасарлықпен кабинеттің ішінде отырып, халықтың мұңын естімей ел басқару бүгінгі таңда мүмкін емес. Билік пен халықтың ортасында түсіністік болған жағдайда ғана іс оңға басады.
– Биыл – тәуелсіздігіміздің 31 жылы. Отызды орда бұзар жас десек, он жылдан кейінгі Қазақстанды қалай елестетесіз?
– Он жылдан кейінгі Қазақстанды саяси реформасы жүйелі түрде іске асқан, яғни саяси жүйедегі монополиядан арылған, экономикалық тұрғыда олигархтардың монополиясынан құтылған, мәдени-рухани салада да әділеттіліктің даңғыл жолына түскен ел ретінде елестетемін. Саясаты сараптал, экономикасы іргелі, рухани тұрғыда кемелденген мемлекетті көргім келеді.
– Ал тәуелсіз елдің жастарына сенесіз бе?
– Иә, тәуелсіз елдің жастарына сенуіміз керек. Оларға түңіліп қарай берсек, біздің болашағымыз айқын болмайды. Кеше Мағжан ақын айтқандай: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін!». Ал жастардың бойындағы кем-кетіктерін айтып, түзетіп отыру қоғамдағы аға буынның парызы. Бірақ жастарға деген сенім болуы керек. Байқасаңыздар, біздің Парламентте де жастар мен әйел азаматтардың еншісіне 30 пайыз орын бөлінген. Елдің болашағы үшін мемлекетті басқаруда жастардың да үн қосуы керек екенін көрсетеді. Бұл жастарға артылған үлкен сенім мен мүмкіндік. Сондықтан біз жастарға сенуіміз керек. Жастарға сену дегеніміз – мемлекеттің, ұлттың болашағына сену деген сөз.
– Әңгімеңізге рақмет!