БҚО-да болған жол апатынан көлік өртеніп кетті

БҚО-да болған жол апатынан көлік өртеніп кетті

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 16 желтоқсан күні түске таман Ақжайық ауданы аумағында болды. «Атырау-Орал жолының 393-шақырымында Жаңабұлақ ауылы тұсында Жаңақала ауданына кетіп бара жатқан 1994 жылғы жүргізуші Nissan Patrol (Джип) автокөлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Содан кейін 1975 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан Форд Галакси, 36 жастағы ер адам рульде болған Ауди-100 автокөлігіне соқтығысқан. Салдарынан Джип көлігі жанып кетті. БҚО полиция департаментінің мәліметі бойынша үш адам Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді», деп хабарлады ведомстводан. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, толық ақпараттың кейін берілетінін жеткізді. БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 12.04-те шақыртылды. Оқиға салдарынан төрт адам зардап шекті. Алдын ала диагноз бойынша 1965 жылғы әйел бас пен мидың жабық жарақатын алған. 1974 жылғы әйелдің миы шайқалған.