Министрлік Қаракөлдегі аққулардың өліміне қатысты пікір білдірді
Министрлік Қаракөлдегі аққулардың өліміне қатысты пікір білдірді
177
оқылды
19 желтоқсан күні Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде түсірілген видео Қазнет қолданушыларын алаңдатқан еді. Осыған орай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі түсінік берді. Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының мәліметінше, аталған фактіні тексеріп, құстар өлімінің себебін анықтау мақсатында оқиға орнына аталған инспекция өкілдері, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы, Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлері, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС экологтары барды.
"Аумақты тексеру барысында мамандар 10 аққудың өлексесін тапты. Алдын ала болжам бойынша, олар қыстан аман қалу үшін май жинап үлгермеген 1 жылдық құстар" делінген министрлік хабарламасында.
Мамандардың айтуы бойынша, аққулар өлімінің тағы бір себебі күннің суытуымен де байланысты болуы мүмкін.
"Маңғыстау облысында 1 желтоқсаннан бастап ауа температурасы -15°С дейін төмендеді. Каспий теңізі мен Қаракөл көлінің жағасында мұз қатқан" делінген хабарламада.
Қазір құстар өлімінің себебін анықтау мақсатында, су мен құстардан сынамалар алынып, тексеруге жолданды.